Сұхбат

Баян СЕКЕРБАЕВА: ТЕЛЕЖҮРГIЗУШIНIҢ «ҒҰМЫРЫ» ҚЫСҚА БОЛАДЫ

Қоңыр даусы жүрекке қонымды тележүргiзушi Баян Секербаева көрермен көзiнен таса болғалы қашан. Бастапқыда «Қазақстан», одан кейiн «Шарайна», «Хабар», «Ақшам» атты ұлттық арнадағы бағдарламалар диктор есiмiмен тығыз байланысты. «Сiз қайда жүрсiз?» айдары аясында алғашқы болып Баян Секербаеваны әңгiмеге тарттық.

– Көгiлдiр экраннан көрiнбей кеттiңiз. Қазiр қайдасыз?
– Телевидение – адамның жасын талғайтын сала. Бiрақ, одан алшақтаған жоқпын. Қазiр де ұлттық арнада комментатормын. Осында қызмет еткенiме жиырма бес жылдан асыпты. Тележүргiзушiнiң «ғұмыры» қысқа болады ғой…
1997 жылы Астанаға ұлттық арнаның бөлiмшесi көшiрiлдi. Ол кезде «Ақшам» ақпарат бағдарламасы бас редакторының орынбасары, жауапты шығарушысы болдым.
– Мұндағы қызметiңiз қалай басталды?
– Менiң мамандығым – педагог. Физика-математика факультетiн бiтiрдiм. Үш жыл мұғалiм болдым. Кейiн Целиноград облыстық телевидениесiне келдiм. Тележүргiзушi дайындайтын оқу орны бiзде болмады. Сондықтан, Мәскеуде бiлiмiмдi жалғастырдым. Одан кейiн осындағы орталық телевидениеде тәжiрибеден өттiм. Онда бағдарламадан бастап, сериалдар-дың аңдатпасын, шағын анонстар дайындап, оқитын едiм.
– Елге қай жылы келдiңiз?
– Бiр жылдан кейiн республикалық телевидениеге шақырды. Жаңалықтар бөлiмiне орналастым. Телеарнадағы ақпараттық бағдарлама басында «Қазақстан» болды. Шерхан Мұртазаның кезiнде «Шарайна» боп өзгердi. Одан кейiн «Хабар», бiрақ ол бөлiнiп кеттi. Мұнан соң «Ақшам» ақпарат бағдарламасы болып өзгердi. Сол кезде ақпараттық қызметтiң жауапкер-шiлiгi маған жүктелдi. 1996 жылы ұлттық арнадағы дикторлар бөлiмi таратылды. Бiразы жұмыстан босады, кейбiрi журналист болып кеттi.
– Өзiңiз қатарлас эфирге шыққан әрiптестерiңiзбен араласып тұрасыз ба?
– Жасыратыны жоқ, бiз қоян-қолтық араласа алмадық.
– Неге?
– Бiзде ұжымдық сыйластықтан гөрi, бәсекелестiк басым болды. Ешкiмдi қызғанып, жаманшылық ойлаған емеспiн. Өзiме келгенде сондай қарым-қатынастың шетiн байқап қаламын. Жасы үлкен, телеарнаның негiзiн қалаған азаматтардың көбiсiмен араласып тұрамын. Алғашқы диктор Ләзиза Аймашевамен жақсы қарым-қатынастамын. Ең бастысы, кiммен болсын сәлемiм дұрыс. Бiрақ, «сондай жақсы едiк, қимас бiр шақ болды» деп өтiрiк айтпай-ақ қояйын.
– Телевидениеден алшақтаған жоқпын дейсiз. Қандай бағдарламалармен еңбегiңiздi байланыстырасыз?
– Ұлттық арнада жаңалықтар бөлiмiнде көп қызмет еттiм. 2008 жылы қоғамдық-саяси бағдарламалар бөлiмiне ауыстым. Сонда «Асқақ рух» атты мүгедектер мәселесiн көтерген бағдарламаны жүргiздiм. «Сiз бен бiз» ток шоуы, «Азамат» хабары жарыққа шықты.
– Өзiңiз өмiрден түйген-бiлгенiңiздi жас мамандарға үйрете алдыңыз ба?
– Ақыл-кеңес сұраған жанға көмектесемiн. Тележүргiзушiлерден Нұргүл Әбилина, Гауһар Төлекбаева, Салтанат Қалиева және тағы басқаларына кеңес берген кез болды. Ернұр Бурахан да менiмен ақылдасып жүретiн. Қазiр ол Шығыс Қазақстан облысы әкiмiнiң баспасөз қызметiнде. Бiзде сөйлеу техникасына, риторикаға аса мән бермейдi. Мәскеуде мұны арнайы оқытады.
– Жас журналистердiң жұмысын қалай бағалайсыз?
– Жастарға қызыға қараймын. Кезiнде жаңалықтарда лито деген болды. Литодан кейiн мәтiннiң үтiрiн өзгертуге болмайды. Қазiр ондай жоқ. Еркiндiк бар. Өзiңдi көрсетуге мүмкiндiк мол.
Мен – Ақмоланың тумасымын. Кезiнде осында 17 пайыз ғана қазақтар болды. Тәуелсiздiкке дейiн аз қазаққа өзгелер мұрнын шүйiрiп қарайтын. Жетiстiкке жету үшiн бiздер жанкештiлiкпен еңбектенушi едiк. Осындай кез болды. Жастар бүгiнгi қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған заманын бағаласа дұрыс болар едi.
Бұрын тележүргiзушiнiң киiмiн қатты қадағалайтын. Қазiр жеңi қысқа, мойны ашық киiммен салмақты бағдарлама жүргiзiп отырады. Эфирге өзiн жарнамалау үшiн шығатындар да бар. Тележүргiзушiнiң мiндетi – ұжымдық жұмысты халыққа жеткiзу. Кейде журналистiң жазғанын түзеймiн деп, күзеп алатындар да бар. Сосын өзiнiң не айтып отырғанын түсiнбейтiн жастарды кездестiруге болады. Ал оны халық қайдан түсiнсiн?!
– Жеке өмiрiңiз туралы айта кетсеңiз?
– Жеке басыма қатысты ештеңе айтқым келмейдi…

Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button