Білім

БЕЙІНДІК ПӘН МҮМКІНДІКТІ ШЕКТЕЙ МЕ?

Таңдауға берілетін топтар саны бірдей емес

Әлеуметтік желіде білім гранттарының бөліну принципін әділетсіз деп бағалаған пікірлер соңғы уақытта жиі жазылуда. Әсіресе, олардың көбісі мамандықтардың білім беру бағдарламалары топтарына шоғырландырылуына байланысты туып жатыр. Естеріңізге салсақ, бұған дейін жеке-­жеке болып келген 176 мамандық биылдан бастап 97 білім беру бағдарламалары тобына біріктірілген еді. Яғни бір-біріне ұқсас мамандықтар өзара бір топқа кіріктіріліп, оңтайландырылған-ды. Әдетте талапкерлер құжат тапсыр­ғанда, оларға кез келген 4 ЖОО бойынша 4 білім беру бағдарламалары тобын таңдауына рұқсат етілген. Алайда бұл мүмкіндік бәріне бірдей қолжетімді емес. Мәселен, Facebook желісінде Айсұлу Игілікова есімді талапкер ҰБТ-да бейіндік пән ретінде география және шет тілі пәнін таңдағанын, бұл пәндер бойынша 4 емес, тек 2 ғана білім беру бағдарламалары тобы бар екенін («Туризм» және «Мейрамхана ісі») жазады.
Мұндай мәселенің барын талапкерлерге ЖОО туралы толыққанды мағлұмат берумен айналысатын Joo.kz жобасының авторы Қанат Өксікбаев та растады.
– Талапкерлердің құ­қықтары тең емес. Мысалы, бейіндік пән ретінде математика және физиканы таңдасаң, саған 25 түрлі білім беру бағдарламалары тобы қолжетімді. Ішінен қалаған 4-еуін таңдай бер. Ал дүние жүзі тарихы және адам, қоғам, құқық пәндерін тапсырған бала «Құқық» және «Құқық қорғау қызметі» деген 2 ғана топқа құжат тапсыра алады. «Құқық қорғау қыз­меті» тобы бойынша мүлде грант бөлінбеген, демек бұл – балада жалғыз ғана таңдау қалады деген сөз, – дейді ол.

Шектеулі мүмкіндіктің ­салдары қандай?

Мұндай теңсіздіктің қорқынышты тұсы мынау: аталған проблеманың кесірінен қоғамға қажет мамандықтарға түсетін студенттер саны азаюы мүмкін. Мысалы, бейіндік пән ретінде химия және физиканы таңдаған талапкерлер тек бір ғана білім беру бағдарламалары тобына құжат тапсыра алады. Химия саласының сұранысқа ие екені белгілі, оған бөлінетін грант саны да көп. Алайда таңдауға боларлық жалғыз топ болғандықтан, балада «Бұған түсе алмай қалсам не болады?» деген қорқыныш пайда болып, соның салдарынан ол мүлде басқа саланы таңдауы ықтимал. Яғни грант жеткілікті түрде бөлінгеніне қарамастан, жалғыз таңдау мүмкіндігі болған кейбір маңызды салаға талапкерлер мақсатты түрде құжаттарын тапсырмайды.
Осы орайда Қанат Өксікбаев ресейлік тәжірибені енгізуді ұсынады. Оның айтуынша, көршілес елде талапкерлердің оқуға түсу мүмкіндігін арттыру үшін бірнеше пәнді бейінді пән ретінде таңдауға рұқсат берілген (міндетті емес, оқушының қалауы бойынша). Айталық, бала химия және физика пәндерін бе­йіндік пән ретінде таңдаса, құжат тапсыруда таңдау аясын кеңейту үшін жоғарыдағыларға қосымша математиканы да алуына болады. Сонда ол математика-физика және физика-­химия пәндерін таңдаушы ретінде әлдеқайда әр алуан білім беру бағдарламалары тобына құжат тапсыра алады.

Ресейлік тәжірибені енгізу неліктен жарамсыз болуы мүмкін?

Осынау мәселеге байланысты Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан
Дидарбекова:
– Білім беру бағдарламалары топтарына бірлестіру теориядан гөрі дағдыға, машыққа негізделген білім беру жүйесін қалыптастыруды көздейді. Бұл тұрғыда біз түлектің қандай бе­йіндік пәндер комбинациясын таңдаса қандай және қанша білім беру бағдарламалары тобына оқуға түсе алатыны туралы ақпаратты ҰБТ-ға де­йін ұсынған болатынбыз. Демек, маусым айын­дағы ҰБТ тапсырған түлек те сол ақпараттан хабардар болды, яғни саналы түрде сол бейіндік пәндерді таңдады деген сөз, – деген пікір білдірді.
Ал Ресейдегідей бірнеше бейіндік пәндер комбинациясын таңдауға рұқсат ету туралы ұсынысқа орталық өкілі:
– Мұндай өзгеріс әлеуметтік шиеленісті туғызуы мүмкін. Біріншіден, тест тапсырмалары жал­пыға міндетті білім беру стандарттары бойынша Білім және ғылым ми­нистрлігі бекіткен оқулықтар негізінде әзір­лен­­­­генімен, ата-аналар қосымша репетитор жал­дауды жөн көреді. Әр пән бойынша репетитор жалдау аз ақша тұрмайды, енді соны тағы да арттырсақ, ата-ананың жағдайы не боларын елестетіп кө­ріңізші. Жарайды, 2-ден көп бейіндік пәнді таңдау міндетті емес, әркімнің қалауы бойынша делік. Бірақ бізде «жұрттың баласы» деген менталитет бар. Соның әсерінен ата-ананың көбісі өз баласы қаласа да, қаламаса да «кімнен кемсің?» деп оны бірнеше пәнді таңдау­ға мәжбүрлейді. Екіншіден, бұл тұста баланың психологиялық жағдайын да ойлаған дұрыс. Қазіргі ҰБТ-да олар 3 сағат 50 минут бойы аудиторияда отырады. Қосымша бе­йіндік пән қосылса, одан да көп уақыт жұмсайды ғой. Тым ұзақ сынақта басы ауырып, шаршаған баланың өз біліміне сай көрсеткіш көрсете алуы неғайбыл. Қысқасы, кез келген өзгерістің көзге көріне бермейтін осындай қырлары бар, – деп жауап берді.

Биылғы гранттар саны қанша?

Фатима Жақыпова,
Білім және ғылым вице-министрі:

– Биылғы оқу жылына бакалавриат бойынша 53785 грант бөлінген. Мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің жартысына жуығы, дәлірек айтсақ, 47 пайыздан астамы – инженерия, өңдеу және құрылыс, сондай-ақ IT саласына арналған. Қалған бөлігі бойынша 8276 грант – педагогика ғылымдарына, 4088 грант – жаратылыстану ғылымдарына, математика мен статистикаға, 2200 грант – қызмет көрсету мамандықтарына, 1615 грант – өнер және гуманитария ғылымдарына, 2435 грант – ауыл шаруашылығы ғылымдары мен ветеринарияға, 2183 грант әлеуметтік ғылымдарға, бизнес пен экономика салаларына бағытталған.
Жалпы грант санының 95,4 пайызы, яғни 51335-і бірінші курсқа қабылдау гранттарын құрайды, оның ішіндегі 3040 грант колледж түлектері үшін бөлініп отыр. Ал қалған 4,6 пайызы, яғни 2450 грант ЖОО дайындық бөліміне түсуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылғаннан бөлек, әлеуметтік осал топқа жататын талапкерлерге қосымша 5000 грант таға­йындалмақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button