SportЖаңалықтарҚала тіршілігіҚоғам

БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫНЫҢ БЕЛЕСТЕРІ

5000

Бүгінде қорғаныс саласындағы әскери қызмет пен спорт баспалдағын қатар бағындырып жүрген азаматтар аз емес. Ондай азаматтардың біразы әскери қызметтің ауырлығы мен қауырттығына қарамастан, әртүрлі халықаралық деңгейдегі байрақты бәстерде елдің намысын қорғап, жүлде алып келуде.

Сондай азаматтың бірі – елорда тұрғыны, қорғаныс саласының қызметкері Тимур Спатаев. Тимур Спатаев бүгінде Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі бірік­ті­рілген басқармасының заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі топтың басшысы болып қызмет істейді. Жас­тайынан спортты серік еткен кейіп­керіміз – қол күресінен халықаралық дəрежедегі спорт шебері. «Өз басым жастайымнан спортқа бейім болып өстім. Күрестім, көкпарға түсіп, бәйге шаптым. Жасым 17-ге толғанда кәсіби түрде спортпен, нақтысын айтқанда, қол күресімен айналыса бастадым. Бұл еңбегім, әрине, ақтаусыз қалған жоқ. Бірнеше мәрте халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлдемен оралдым» дейді кейіпкеріміз.
Спорт шеберінің, кубоктары мен мақ­тау қағаздарын қоспағанның өзінде, жа­рыс­тардан жеңіп алған медальдарының ұзын саны 70-ке жуық. Көбін ел ішіндегі жарыстардан алған. Қарулы Күштер саласындағы әскери қызметшілер арасында чемпионаттарда топ жарғаны үшін берілген жүлделері де жетерлік. Қаһарманымыз үшін бұл жүлделердің ішіндегі ең үлкені әрі құндысы – Иран елінен жеңіп алған алтын медаль. Өйткені бұл Азия чемпионатында бас жүлде үшін көп тер төгуге тура келген еді. Азияның небір мықтылары жиналған жарыс болды. Алайда төгілген маңдай тер мен артында жеңіс тілеп күтіп отырған туған елінің намысы алып шықты. Қарсы келгеннің бәрін қақырата жеңіп шығады. Нәтижесінде байрақты бәстің бас жүлдесі қанжығасына байланды. «Горган қаласында өткен бұл жарысқа «Қазақстаннан спортшылар келе жатыр» деген хабарды естіп, сол елде тұратын қазақтар келіп, жанкүйер болды. Қазақстанның көк байрағын көтеріп тұрып ұрандатты. Ті­леулес болып, намысымды қай­рады. Бұл мені жеңіске итер­­меледі» дейді спортшымыз сол бір сәтті есіне алып. Көзге жас үйірерлік мұндай жағдай кейіннен Өзбек елінде өткен чем­пионатта қайтала­ныпты. «Алға, қазақ!», «Алға, Қазақ­стан!» деген ұран Тимурдың рухын қайрап, жүлделі орынға көтерілуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Тимур Спа­таевтың қол күресі ғана емес, футболдан, шаңғы тебуден, суға жүзуден ұтып алған жетістіктері де жетерлік. «Қарулы Күштер қатарына алынып, форма киген екенсің, бәріне дайын болуың керек! Әскери міндет ештеңеге қарамайды. Тапсырма берілді ме, орындап, жеңіп шығуың керек! Спорт та сол секілді.
Атам қазақ «жігітке жеті өнер де аздық етеді» демейтін бе еді? Бала кезінен ауылдық, аудандық деңгейдегі «Жігіт сұлтаны» байқауларында топ жарып жүрген ол осыдан бірнеше жыл бұрын «Хабар» арнасы өткізген әскери қыз­меткерлер арасындағы «Жігіт сұлтаны» байқауында жеңімпаз атанып, расында да, осы атқа әбден лайық екенін түпкілікті дәлелдеп берді.
Әншілігі мен ақындығы да бір төбе. 2015 жылы Қарулы Күштер арасында өткен патриоттық әндер байқауында «Автор­лық ән» номинациясы бойынша 1-орын алады. «2011 жылы Тәуелсіздік тақыры­бында өлең жазғаным бар еді. Кейін əуенін жазып, артынша аранжировкасын жасатып, байқауға қатыстым. «Авторлық ән» номинациясы бойынша 1-орын алдым. Байқау Бейбітшілік жəне келісім сарайында өтті» дейді Тимур Спатаев.
Айтпақшы, Тимурдың зайыбы да халықаралық дəрежедегі спорт шебері. Құдай қосқан жарының аты – Қарлығаш Исраилова. Мамандығы – теміржол саласында инженер-энергетик. Қол күрестен халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Бұл атаққа Үндістанда өткен Азия чемпионатында бас жүлде алған соң қол жеткізген. Әрі бұл атағын сегіз жыл бойы ұстап келеді. Аты әлем чемпионаттарында топ жарып жүрген спортшылардың қатарында аталады.
«Біз әулетімізбен спортшы бол­ған­дықтан, барлық жарыстарға бірге барамыз. Спорт ұту мен ұтылудан тұрады. Бірақ әрқашан жеңуді мақсат тұтамыз. Жетістігіміз де аз емес. Біз бақытты отбасымыз. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыз да спортқа бейім болып өсіп келеді» дейді Қарлығаш Исраилова.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button