Білім

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БЕЛЕСТЕР

Ғасыр көші алға ұзаған сайын техникалық прогресс жоғары қарқынмен дамып барады. Тіпті, бүгін пайда болып, халықтың қажетіне жараған дүниенің өзі жаңаша бағытта өзгеріп жатады. Осындай қым-қуыт шақта әр мемлекет шашасына шаң тимеген жүйріктей зулап бара жатқан заманның көшінен қалмау үшін бес қаруын сайланып, уақыт талабына сай инновациялық жобаларды жүзеге асыруға білек сыбанып, бел буған. Біз де одан тысқары қалып отырған жоқпыз.

ТИІМДІ ЖОБАНЫҢ ЖАҢАШЫЛДЫҒЫ

88852c449d292b89bf16eae2b7d

Әріге бармай, өткен жылы елордалық Білім басқармасымен бірігіп, қалалық №3 мектеп-гимназиясы мен №15 мектеп-лицейінде жүзеге асқан «Смарт Aстана» қанатқақты жобасын айтсақ болады. Былтыр тәжірибе ретінде қолға алынған жобаның игілігі мол екендігін байқаймыз. Сондықтан, биылғы жылы 80 мектепте аталған жобаны енгізу жос­парлануда.
Алдымен оны «Астана Innovations» АҚ-ы жүзеге асырып отыр. Олар әуелі «Смарт Астана» мобильді қосымшасын іске қосты. Сол арқылы «е-асхана», «e-кітапхана» және бейнебақылау жүйесін енгізді. Жобаны жеткізушілер әуелі білім мекемелеріне түсіндіру жұмыстарын өткізді. Содан кейін барып қолға алған. Әрине, бүгінгі таңда аталған екі мектепте жаңа жобаның тиімділігі бар ма, әлде жоқ па дегендей сынақ жүргізілуде. Бірақ, ата-аналар тарапынан ақылды құрылғыға деген қызығушылық жоғары. Мәселен, барлық оқушыға арнайы карточек берілген. Сол арқылы әр баланың әке-шешесі оның мектепке қай кезде келіп, қай уақытта шыққанын біліп отырады. Сондай-ақ, асханадан қандай ас алып ішкендігін, егер оның денсаулығына зияны бар тамақтар болса, ата-ананың келісімінсіз оған рұқсат етілмейді. Оқушының кітапханадан қандай кітап алғаны туралы мәлімет жазылады. Бір сөзбен айтқанда, баласының мектеп қабырғасында не істеп, не қойғандығын біліп отырады. Нәтижесінде, ата-аналар тарапынан балалары туралы мән-жайды білгісі келіп соғылатын қоңыраулар да азайған. Бұл жерде оқушылардың қауіпсіздігі де мұқият бақылауда.
Әрине, бас қаланың тұрғындары елорданы интеллектуалды және заманауи алдыңғы шаһарлардың қатарынан көргісі келеді. Қыр астында «ЕХРО 2017» халықаралық көрмесі де тұр. Сондықтан осындай инновациялық жобалар арқылы елордалықтардың тұрмысы жеңілдеп, өмірі баянды бола түсері анық.

ОҚУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ АРТАДЫ

image122864

Соңғы жылдары түйткілді проблема­лардың бірі болып саналған мектеп оқушыларын тасымалдау мәселесі оң шешімін тауып келеді. Өйткені, жыл сайын қаланың аумағы кеңейіп, тұрғындар саны өсіп келе жатқандықтан жол бойындағы кептеліс оқиғалары жиі белең алуда. Соның азабын қоғамдық көлікпен мектепке қатынайтын оқушылар да тартуда.
Бүгінгі таңда қалалық 11 мектеп­те оқушыларды тасымалдау ұйымдас­тырылған. Оған 21 автобус бөлінген. Тасымалдауды №1, 2 және 3 автопарк мекемелері жүргізеді. Қазіргі күнде 1145 оқушы арнайы көлікпен тасымалданады. Оның ішінде, бірінші ауысымда – 923 оқушы болса, екінші ауысымда – 492 бала жеткізіледі. Автобустар бекітілген маршурт бойынша қатынайды.
Сондай-ақ, қала әкімдігінің тапсырысы бойынша «Астана LRT» АҚ-ы «Astana School Bus» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Ол туралы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген ресми сауалында «Астана LRT» АҚ мәлімдеген.
– Бүгінгі таңда қала мектептерінде 117 мыңнан артық оқушы білім алады. Шамамен, олардың қырық пайызы коғамдық көлікпен қатынайды. Соған орай елордадағы мектеп тасымалдарын енгізу жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде, – делінген ресми жауапта.
Аталған жобаның мақсаты – оқушылар­дың тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, білім ұясынан шалғай орналасқан оқушыларға ыңғайлы жағдай жасау.
– Бүгінгі таңда осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін ата-аналар арасында сауалнама жүргізіп, пікірлерін білдік. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибелерді зерттедік. Енді бағдар торабын әзірлеу және ұлттық стандарттар мен Кедендік стандарттарға сәйкес келетін жылжымалы құрам санын анықтау бойынша жұмыс атқарылуда. Бұл жобаны биылғы жылдың қыркүйегінен бастап енгізу жоспарланған, – деп жазады «Астана LRT» компаниясы.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button