Руханият

Болаттың шынайы болмысы

Ұлттық музейде белгілі қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Мұхамедиевтің 60 жылдық мерейтойына арналған жеке көрмесі ашылды.

Бұл шара елордада шетел суретшілерінің қатысуымен өтіп жатқан халықаралық шығармашылық симпозиумның аясында ұйымдас­тырылды.
Көрме иесі танымал қылқалам шебері ғана емес, дизайнер, иллюстратор, бірегей сәулет жобаларының авторы. Халықаралық көрмелерде оның жұмыстарын сарапшылар жоғары бағалаған. Ол алты елдің, яғни,Германия, Болгария, Чехословакия, Польша, Түркия және Жапония мемлекеттерінің халықаралық «Кітап өнері» сыйлығының иегері атанды.
Мұхамедиев елімізде иллюстрация жанрын дамытқан талант. Ол 300-ден астам түрлі салада шыққан кітаптар мен саяси басылымдарға иллюстрация жасады. Айталық, суретшінің «Абай Құнанбаев», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Шыңғыс Айтматов», «Ілияс Есенберлин», «Қадыр Мырзалиев» және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Стальной профиль Казахстана» кітабына жасаған иллюстрациялары үздіктер қатарында айтылады. Ал автордың ұлттық болмыспен өрілген картиналары шын шебердің қолынан шыққан бірегей дүниелер екенін ұғасыз.
Ресей Суретшілер одағының хатшысы Константин Кузьминых бұл әріптесінің алғаш өтіп отырған жеке көрмесі екенін айта келіп « Болат – менің бір сапта жүрген досым. Көрмеге оның 1971 жылдан бері салған картиналары қойылған. Бұл автордың 45 жылдық еңбегінің нәтижесі деуге болады. Мұнда түрлі тақырып қамтылған. Осыдан-ақ, оның шеберлігі байқалады. Әрбір суретші үшін жеке көрме өткізу – ең алдымен өз-өзіне, достары мен әріптестерінің алдында есеп беру деген сөз. Мұның жауапкершілігі зор. Себебі шығармашылық иесі жеке басының қамы емес, туған елі үшін жұмыс істейді» деді ол.
Айта кетейік, көрме 22 тамызға дейін жалғасады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button