Рухани жаңғыру

Бұл кеш бұрынғыдан өзгерек

Биыл қазақтың ғұлама ойшылы, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл болды. Осыған орай, «Рухани жаңғыру» аясында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер» атты әдеби-сазды кеш өтті.

 Елорда төрінде Шәкәрімді еске алуға арналған тұңғыш рет кең көлемде өткізілген кешке жергілікті билік өкілдері мен зиялы қауым өкілдері, ақынның қызы Сүфияннан тараған ұрпағы Нұрбек Қабыкенұлы қатысты. Кеш барысында Шәкәрімнің балалық шағы мен шығармашылыққа бет бұрған кезеңінен бастап өмірінің соңғы күніне дейін суреттелген деректі фильм көрсетілді.
Сондай-ақ, ойшыл ақынның өлеңдері оқылып, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Анадан алғаш туғанымда» сынды бірқатар әндері орындалды. Сол сияқты естелік әңгімелер де айтылды.
Нұрбек Қабыкенұлы Шәкәрімнің төртінші ұрпағы екен. Ақынның Сүфиян есімді қызынан туған Ғалия апаның немересі. Сүфиян ағасы Ақаттың қамқорлығында болғандықтан, оны әкесіндей көріп кетсе керек. Сондықтан көпшілік Нұрбек Қабыкенұлын ақынның жиені емес, Ақаттан тараған ұрпақ деп шатастыратын көрінеді.
– Шәкәрім бабамыздың ұлы Ақат ата біздің үйге жиі келіп тұратын. Ол кезде біз – мектеп қабырғасындағы кішкентай балалармыз. Келген сайын Ақат ата қолына домбыра алып, Шәкәрімнің әндерін нақышына келтіріп орындайтын. Бабамыз жайлы айтқан әңгімесіне құлақ түретінбіз, – дейді тектінің тұяғы.
Оның айтуынша, ғұламаның ұрпақтары қазір Астана мен Алматы, Павлодар қалаларында тұрады.
Кешті жүргізген шәкәрімтанушы, ғалым Ғарифолла Есім ақынның жазарынан бөлек басқа да ерекше қасиеттерінің болғанын атап өтті. Оның сөзінше, біртуар тұлға тамақ әзірлеудің, киім тігудің шебері болған. Тіпті аңға шыққандағы мергендігі де небір аңшыны жолда қалдырса керек. Сонымен қатар, Ғарифолла Есім қазақ даласына тұңғыш скрипканы Шәкәрімнің әкелгенін атап өтті.
Ал «Абайтану» орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы Шәкәрім шығарған әндер тіптен бөлекше екенін айтады.
– Қазір Шәкәрім әндерін орындайтын әншілер сирек. Өйткені Шәкәрімнің әндері – философия­лық, классикалық әндер. Оны қатты айқайлап та, ойнақылатып та орындауға келмейді. Сондықтан кез келген әнші оған бойлай бермейді. Осы кешті ұйымдастыру кезінде де біздің соған әбден көзіміз жетті, – дейді ол.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button