Мәдениет

БУЛЬВАР БОЙЫНДАҒЫ КРЕАТИВ

Қала күніне орай шығармашылықты сүйетін жандар үшін де тосын сый даярланды. Әсіресе, бұрынғыға ұқсамайтын жаңашыл әрі креатив өнерді бағалайтындарға бұл шараның ұнағаны рас. Әңгіме «Astana Art Fest» жайлы…

ERM_6442

Бірден айтайық, фестиваль бөлекше стильдің қыр-сырын жұртшылыққа түсіндіруге бағытталған. Яғни, оған сіз елестеткен күнделікті мүсіндер мен қарапайым инсталляциялар емес, абстракциялық жанрдағы дүниелер әкелінді.

– Биылғы фестиваль тақырыбының негізгі идеясы адам энергиясына арналған. Ашық аспан астындағы көрмеге заманауи сәулет пен дизайн саласындағы майталман мамандарымыздың туындылары қойылды, – дейді «Astana Art Fest» ұйымдастырушыларының бірі әрі қалалық әкімдікке қарасты «Астана жастары» ұйымының жетекшісі Әнуар Нұрпейісов.

ERM_6648

Үш күнге созылған шараға 42 өнер қайраткері 50-ден астам композициясын ұсынды. Оның ішінде Дәурен Әбушахман, Ермек Арқаров, Нұрбол Нұрахмет, Сәуле Дүйсенбина, Марат Сағит, Ерлан Хамитжанов, Арайлым Естаева сынды авторлар бар. Сонымен қатар, ресейлік суретшілер Алексей Шульгин, Аристарх Чернышев, Елена Демидова және Олег Макаров фестивальдің құрметті қонақтары болды.

ERM_8831

Орайы түскенде, «Нұржол» бульварының бойына қойылған барлық туындыларды аралап шыққан едік. Көзімізге ең бірінші майда сымдармен өрілген лабиринт түсті. Бұл не болды деген оймен жанына жақындасақ, әлгі лабиринтіміз қошқармүйіз оюы екен. Инсталляцияның төбесінен қарағанда, айқыш-ұйқыш сызықтар оюдың бейнесін береді. Шығарманың авторлары – Елена және Виктор Воробьевтар. Қазақы таным-түсінікті әспеттейтін дүниелердің қатарына Нұрбол Нұрахметтің «Соңғы көш», Сәуле Сүлейменова, Алексей Шиндин және Зоя Фалькованың «Жинақтау нүктесі», Асхат Ахмедияровтың «Әженің көзі», Сәуле Дүйсенбинаның «Сәукеле», Арыстанбек Шалбаевтың «Шығыс әйелі» сынды инсталляцияларын да жатқыздық.

ERM_6474

Шараның негізгі тақырыбы адам қуатына арналғандықтан, көрмеде медитация, денсаулық, жан туралы туындылар да көрініс тапты. Олардың бір мысалы ретінде Ильдар Якубов пен Василий Суминнің «№2 эксперимент», Тотан Күзембаевтың «Медитация», Сергей Черкашиннің «Бес элемент», Зитта Сұлтанбаева мен Абликим және Аурелия Акмуллаевтардың «Zitabl and Aura», Фатима Өмірдің «Қаңбақ» атты шығармаларын айтуға болады.

Фестиваль кезінде цирк әртістері театрландырылған қойылымдар қойып, шаһар тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтерді. Ал кешкілік диджейлер мен бишілер өнер көрсетіп, бульвардың бойын мәре-сәре шаттыққа бөледі.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button