Мәдениет

«СЕРПЕРДЕН» «САРЫАРҚАҒА» ДЕЙІН

«Серпер» халық аспаптар оркестрлерінің ІV халықаралық музыкалық фестивалі Астананы үш күн бойы дүбірге бөлеуде. Ұлттық өнер салтанатына қатысып отырған ұжымдар ашық аспан астында концерт беріп, Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан даламыздың бай музыкалық мұрасын жаңғыртуда. Фестиваль көрермендері өзге жұрттардың музыкасына да қанығуда. Қаланың орталық алаңында ашылған оркестрлердің мерекесі елорданың «Студенттік» және «Арай» саябақтарында жалғасып, бүгін қалалық алаңда шымылдығын жабады.

ERM_1104

Фестивальді Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашты. Жалпы сол күнгі елордалық өнер ұжымы қырыққа тарта шығарманы орындады. Олардың арасында Құрманғазыдан басқа Тәттімбет, Дина, Ықылас, Тоқа, Дайрабай, Әлшекей, Өскенбай, Дәулеткерей сынды күй өнерінің бір-бір тұлғаларының туындылары болды. Сондай-ақ, оркестр халық композиторларының, кеңес заманында қазақ музыкасын өрге шығарған өнер иелерінің музыкасын шалқытты.

Астаналық оркестрге осы ұжымның бас дирижері-көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов пен екінші дирижер ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтен басқа осы фестиваль қонақтары дәрежесіндегі дирижерлер бағыт берді.

ERM_1083

Фестиваль көрермендеріне аталмыш оркестрдің сүйемелдеуімен майталман әншілер, ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов пен КСРО халық әртісі, қазақ бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың ән салуы үлкен сый болды. Алғашқысы халық әні «Алқоңыр» мен композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әндеріне салса, екіншісі Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнің сызылтты. Сондай-ақ, белгілі әнші Айгүл Қосанова да Әсет Бейсеуовтің «Маралдым» әнімен жиналғандардың көңілің көтерді.

Ал фестивальге елордалық оркестрмен қоса Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі (Қызылорда қаласы), Кенжебек Күмісбеков атындағы Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрі (Көкшетау), Абыл Тарақұлы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі (Ақтау) және Байжігіт атындағы халық аспаптар оркестрі (Өскемен) қатысуда. Алыстан ат арытып келген Башқұртстан Республикасының ұлттық халық аспаптар оркестрі мен Омбы қаласының «Лад» орыс камералық оркестрі де өнер көрсетуде.

ERM_1115

Осы ұжымдардың барлығы, яғни жеті оркестрдің де 300-жуық музыканты бүгін өтетін фестивальдің гала-концертінде алып ансамбльге бірігіп, «Серперден» «Сарыарқаға» дейінгі халқымыздың ең үздік күйлерін орындайды.

– Биылғы фестивальдің ерекшілігі қатысушылардың құрамына жаңа оркестрлердің қосылуы, яғни бұрын аталмыш шараға қатыспаған ұжымдардың Астанаға келуінде болып отыр. Соның ішінде ресейлік қонақтар да бар. Мәселен, башкұрт қурайшыларының өнері баршаны қызықтырды деп ойлаймын. Бұрын орындалмай жүрген Байсерке, Әлшекей бабаларымыздың тың күйлері де осы фестиваль бағдарламасына кірді. Ал фестивальдің басты мақсаты – ұлттық музыканың аясын кеңейтіп, насихатын арттыру. Басқаша айтқанда, халықтың құлағына жеткізу. Бұл фестиваль жер-жердегі музыкант, дирижерлерге де тәжірибе алмасуға жол ашып отыр – дейді Айтқали Жайымов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button