Sport

Бүркітшілер бәсекесі

Астананың іргесіндегі Қоянды ауылының төңірегінде халық­аралық бүркітшілер турнирі өтті.

Әйгілі құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлын еске алуға арналған бұл дода жақсы дәстүрге айналып, биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Оған еліміздің 10 облысынан 30-дан аса бүркітші қатысты. Бұған қоса Моңғолиядан екі бүркітші келді.
Ұлттық спорттың бірегейі бұл бүркітшілер турнирін Мәдениет және спорт министрлігінің жоспарына сәйкес Астана қаласы әкімдігі мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдас­тырды.
Екі күнге жалғасқан бәсекенің жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрады.
– Әлем бойынша бүркіт салу спорт түрі ретінде үш-төрт елде ғана тіркелген. Соның бірі – біздің ел. Құсбегілікті спорт түрінде дамытудың басты мақсаты – атадан қалған бүркіт салу дәстүрін жоғалтпай сақтап қалу. Аталмыш турнирде еліміздің әр өңірінен ең үздік бүркітшілер қатысты. Екі күн бойы өткен бәсекенің нәтижесінде жеңімпаз атанған бүркітшілеріміз еліміздің атынан басқа да халықаралық біріншілікке қатысатын болады, – деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай.
Турнир бүркітті қолға шақыру, еркін ұшыру, шырғаға салу секілді кезеңдерден тұрды. Сондай-ақ бүркітті қоян мен түлкіге де салды. Құсбегілер тек бүркітпен шектелмей, қаршыға мен ителгіні де қолға шақырып, кептерге салып және далбайға ойнатып бақ сынады.
Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша бүркіт салудан Жамбыл облысынан келген Бабажан Бағдәулет топ жарды. Екінші орынды алматылық Ақберел Құрманғалиев, үшінші орынды Алматы облысынан Алмас Сейітжан иеленді.
Қаршыға үйреткендерден Алматы облысының түлегі Аян Сейітжан үздік болды. Екінші орын – ақмолалық Хазыбай Авсаламның, үшінші орын – жамбылдық Берікболсын Жалғасұлының еншісінде.
Ал Ителгіден маңғыс­тау­­лық Айшуақ Тайманов бас жүлдені қанжығасына байлады. Одан кейін астаналық Руслан Мағзұмов болса, үздік үштікті атыраулық Арман Қошқаров түйіндеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button