Басты ақпаратЖаңалықтарМәдениет

ДИМАШТЫҢ ДАРЫНЫ мен СҮНДЕТТІҢ СЫНЫ

Дауысы ерекше өнерпаз, бірнеше республикалық және халықаралық фестивальдерде топ жарған дарынды әнші Димаш Құдайберген Мәскеудегі «Большая опера-2016» байқауына қатысқан опера дүлдүлі Сүндет Байғожинге қолдау көрсетіп, онымен бірге таяуда ән салған еді. Димаштың өзі де қараша айында Қытай елінде басталған «I am a singer» – «Мен әншімін» атты байқауға барып келді.

photo_199917

Әншінің хабарлауынша, халық әні «Дайдидау» мен шетел тілінде екі әнді орындаған оның өнерін қазылар алқасы жоғары бағалап, финалдық ке­зеңге өткізді. Жалпы алғанда, финал алдағы жылдың қаңтар-сәуір айларының аралығында өтеді. Онда алты қы­тайлық әнші мен өзге елдің бір өнерпазы бағы мен бабын сынайды. Сол жалғыз өнерпаз – өзіміздің Димаш Құдайберген болып отыр.
Бұл байқауға қазақ әншісін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі аттандырды. Димаш финалда орындайтын әндерді қазылар алқасы белгілейді. Байқау ұйым­­дастырушылары да әділдікті көздеп, қазылар алқасы­ның құрамын қатысу­шы­лардан жасырын ұс­тауда. Ал­дын­дағы ке­зеңдерден сүрінбей өт­кен Димаш Құдай­берген қазір дайын­дық­қа кірісіп кетті. Оған сәт­тілік тілеп, келесі жыл­дан ақжолтай жа­ңалықты күтеміз.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Сүндет Байғожинге келсек, өкі­нішке қарай, ол «Боль­шая опера-2016» бай­­қауының финалына өте алмады. Он бірінші кезеңге дейін жеткен ол соңғы турда Джоаккино Россинидің «Севиль шаштаразы» операсынан Фигаро каватинасын және ком­позитор Серафим Тули­ковтың «Родина» әнін орындады. Ал, жалпы алғанда, байқау бойы қазақ әншісі қазылар алқасын өнерімен тәнті етіп келді. Соның ішінде Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы ұлы ақынның ариясын өте әсерлі орындады.
Жалпы алғанда, «Боль­шая опера-2016» байқауына 7 мемлекеттен 12 әнші қатысты. Финал 26 желтоқсан күні Мәскеудің Үлкен театрында өтеді. Оған Тигран Оганян, Ксения Нестеренко және Юрий Городецкий атты үш әнші өтті. 2014 жылы бұл байқауда «Астана Опера» театрындағы Сүндеттің әріптесі Салтанат Ахметова топ жарға­нын естеріңізге сала кетейік. Ал Сүндеттің өзіне мойымауын ті­лейміз. Осыған дейін талай елді өнерімен бағындырған әншінің алар асулары әлі алда деп білеміз.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button