Басты ақпаратЖаңалықтарМәдениет

Балаларға базарлық

Астаналық өнер ошақтары Жаңа жыл қарсаңында кішкентай көрермендерге түрлі қызықты қойылымдарды ұсынуды бас­тады. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Е.Шварцтың «Күлше қыз», ал Жастар театры В.Орловтың «Алтын балапан» шығармасының желі­сімен «Мейірімді жүрек» ертегілерінің премьерасын өткізді. Бұл ер­тегілерді балдырғандар 30 желтоқсанға дейін тамашалай алады.

15626453_1749353682052545_5162262523510705706_o

Қаллеки театрында қойылған «Күл­ше қызды» режиссер Жұл­дыз­бек Жұманбай сахналады. Ертегі­нің қою­шы суретшісі – Шынар Елембаева.
Ертегінің желісі бәрімізге бала кезден таныс. Күлше қыз – өгей шешесі мен оның екі қызынан теперіш көріп, өз үйінде өзі күң болған мейірімді де сұлу қыз. Күндердің күні патша сарайында жас бикештерге арналған сауық кеші өтеді. Күлше қыз да сол кешке барғысы келеді. Бірақ жетімдік пен жоқшылық аяғына тұсау болады. Соңында қайырымды Пері үстіне әдемі көйлек, жалтыраған шыны кебіс кигізіп, сиқырлы күймемен сауық кешіне жібереді. Ол жерде ол өзінің ханзадасын жолықтырады. Бір кебісін жоғалтқан оны ханзадасы сол арқылы ақыры тауып алады.
Күлше қыз бейнесінде дарынды жас актриса Ақмарал Танабаева, ал ханзаданың рөлінде Нұрсұлтан Есен көрінетінін айта кетейік.
«Мейірімді жүрек» ертегісінің қоюшы режиссері – Бейбіт Құ­санбаев. Онда балапан мен қас­қырдың достығы туралы баяндалады. Дұрысын айтсақ, балапанның мейірімді жүрегіне көкжал тәнті болып, оны бауырына басады. Бұл ертегіде осы екі кейіпкерге қоса, түлкі мен бақалар бейнесі бар. Мейірімділік пен татулықты ту еткен қойылым балаларды сөзсіз қызықтырады. Ертегінің алғашқы көрермендері де бұл қойылымнан жақсы әсер алғанын айтады.
«Мейірімді жүрекке» келіп, Балнұр мен Райана есімді сүп-сүйкімді періштелермен бірге ертегілер еліне сапар шегіп қайттық. Саяхатымыз ұнаған секілді: балалар мәз, оларға қарап, біз де шат-шадыман. Осындай әйбат сезімді бас­тан кешуге себепкер болған қойылым режиссері – Бейбіт Құсанбаев пен театрдың барша қыз-жігіттеріне таудай алғыс» дейді Назерке Жұмабай атты театр көрермені.
«Мейірімді жүрек» ер­тегісін 30 желтоқсанға дейін Оқушылар сарайы сахнасынан күнделікті сағат: 10.00, 13.00 және 16.00-де тамашалауға болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button