Басты ақпаратҚала тіршілігі

Екі күндік хакатон нәтижесі:

Демалыс күндері астаналық жас IT мамандардың түгелі дерлік Open data хакатонына жиналып, оның аясындағы Astana Innovations Challenge жарысына қатысты. 

Әкімдік ұйымдастырған бұл шараға қала басшысы Әсет Исекешев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев және құрылыс компаниясының басшысы, Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Айдын Рахымбаев төбе көрсетіп қана қоймай, қатысушылармен еркін диалог құрып, оларға кеңесін берді. Екі күндік шара қорытындысы бойынша, Астанадағы қоғамдық көліктерге қатысты туындайтын бірқатар мәселелердің шешімі дәл осы жерде табылды. Хакатонға барған «Астана ақшамы» газетінің тілшісі спикерлерді тыңдап, жеңімпаздармен сұхбаттасып қайтты.

ЦИФРЛАНДЫРУ – ЖАҺАНДЫҚ ТРЕНД

Хакатон – ақпараттық техно­логиялар саласындағы үздік сарапшыларды, кәсіпкерлерді, стартап командаларды және инвесторларды жаңа бизнес жобаны жасап шығару мақсатында біріктіретін жиын. Елордада өткен Open data хакатоны қоғамдық көлік, әлеуметтік нысандар мен «Қазгидромет» қызметтерінің жұмысын жетілдіруге арналды.
Бейресми кездесуде сөз баста­ған қала әкімі Әсет Исекешев шараның мақсатын айқындап берді.
– Бұдан былай хакатондар қаладағы өзекті проблемаларды шешуге бағытталады. Тұрғындардан келіп түсетін шағымдарды ескерсек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, оны цифрландыру қажет. Халықты нақты үш мәселе мазалайды. Олар – тарифтердің ашықтығы, төлемдердің қайда жұмсалатыны, лифтілер мен тұрғын үйлердің жағдайы. Бұл мәселелерді мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында шешуге болады, – деген әкім, – Мемлекет басшысы алға қойған цифрландыру – әлемдегі жаһандық тренд. Оның маңызды бөлігі – Smart City. Қазір көбісі қалаларда өмір сүреді. Ал Астана жаңа технологияларды енгізуге қолайлы пилоттық аймақ болып есептеледі. Біз еуропалық модельді негізге ала отырып, кешенді жұмыс жүргізіп, 6 бағытты белгіледік. Былтыр осы жобаларды іске асыру үшін бірқатар жұмыс­тар атқарылды, – деп қаланың қандай бағытта өзгеретінін айтып берді.


«Smart денсаулық сақтау, smart білім беру, қоғамдық көлікті жақсарту – Үкіметтің күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелер. Биыл бұл салалардың кемшін тұстарын жақсарту бойынша нақты шара қолданамыз» деп Әсет Исекешев астаналықтарды мазалайтын негізгі проблемалардың шешу жолдарын қарастырылып жатқанын жеткізді. Айта кетейік, былтыр­ғы хакатон нәтижесінде қалада «Сергек» бейнебақылау камерасы, Smart City жобасы және тағы басқалары іске қосылған еді.
Қала басшысы тұрғындармен қарым-қатынасқа бармайтын, өз жұмыстарын көрсетпейтін, қаржының қалай жұмсалып жат­қаны туралы ақпарат жарияламайтын ПИК-терді қатаң сынға алды. «Тұрғындардың шағымдары жетіп артылады. Сондықтан біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыруды ұсынамыз. Оған көшпес бұрын, алдымен, үлгі жасап алу керек. Сіздер де ПИК болып есептелесіз, компания қанша үйге қызмет көрсетеді?» деп Әсет Исекешев кездесуге келген Айдын Рахымбаевқа қарата сөйледі. Құрылыс компаниясы басшысының айтуынша, оның қарамағында 254 тұрғын үй бар, онда 38 мың отбасы тұрып жатыр.
Әкім компания басшысына «ақылды» ПИК-тің үлгісін жасап шығарып, қала тұрғындарына көрсетуді ұсынды. «Егер се­ріктестікке дайын болсаңыз­дар, шығындардың қаншалықты азаятынын, төлеп жатқан тариф­тердің қалай құрылатынын көр­сетуге болады» деген әкім «Бүгінде мұндай модельді жасап жатырмыз. Біріксек, жұмыс же­делдетіледі. Біз дайынбыз» деген жауап алды. Әсет Исекешев еліміздің өзге өңірлеріне де бұл бағытта ұсыныс жасағысы ке­летіндігін жеткізді.

 

ЖАРЫС 24 САҒАТҚА ЖАЛҒАСТЫ

Лауазымды қонақтар сөз сөйлеп болған соң, жарыс басталды. Топ-топқа бөлінген жас программистер «Қазақтелеком», Astana LRT, елорданың тұрақты даму орталығы және KT Cloud Lab сияқты компаниялардың берген тапсырмаларына өз шешімін ұсыну мақсатында жұмысқа кірісіп кетті. Мәселен, Astana LRT компаниясы автобус бағдарын қадағалайтын мобильді қосымша, автобустағы жолаушылар ағынын біліп отыратын бағдарламаның прототипін жасауға тапсырма берді.


Тәулік бойы көз ілмей, жұмыс істеген TeDeCo компания­сы I орынды иеленді. Оларға 500 мың теңгелік сыйақы табыс­талды. Жігіттердің жасап шығарған мобильді қосымшасы автобустарға түсетін жүктемеге талдау жасап, деректерді диспетчерлерге жіберуге мүмкіндік береді. Яғни, халық белгілі бір қоғамдық көлікке көптеп мінген жағдайда, берілген деректердің арқасында қандай автобустың санын көбейтіп, қайсысын жолға шығару керектігін біліп отырады.
Жеңімпаздардан: «Astana Innovations» компаниясының басшысы Олжас Сартаев стартаперлердің басты кемшілігі бастаған ісін аяғына дейін жеткізбеуі деп айтқан еді. Бұл сөздің сіздерге қатысы бар ма?» деп сұрадым. «Иә, стартаперлердің қиналатын тұсы да – осы. Идея бар, бірақ жобаға кәсіп ретінде қарамайды. Ал жобаны әрі қарай дамыту үшін жол картасын жасау, қаржы мен инвестиция тарту, кәсіби мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Программис­терге мұның барлығын жасау қиынға соғады. Жетекші ретінде бұл жоба осымен қалып қоймайтынына, әрі қарай Astana LRT компаниясымен серіктестігіміз жалғасатынына сенім білдіремін» деп жауап берді топ басшысы Мұстафа.

ӘКІМ СЫЙЛЫҒЫ – КҮТПЕГЕН ҚУАНЫШ

Өздерін Project Z тобы деп таныстырған үш жігіт осы хакатонда танысып, MyBusStop жобасын таныстырып, әкімнің арнайы сыйына ие болды.
Сұхбат барысында жүздерінен күлкі кетпей, көздері жайнап сұрақтарға жауап берді.
– Біз Ресейдегі «Сколково» қорына жолдама алдық! Жаңа технологияларды жасап шығарумен айналысатын инновациялық орталыққа барып, өз жобамызды жетілдіреміз деп сенеміз. Біздің жоба Астанадағы 1200 аялдама карталары туралы деректерді бір минуттың ішінде алып, сақтауға мүмкіндік береді. Жұмыс прототипін жасап шы­ғардық, кейбір функцияларды іске қостық. Дегенмен, жобаны әлі де жетілдіре түсу керек. Бұл – біздің күні-түні ұйықтамай, 24 сағат бойы ат­қар­ған еңбегі­міз­дің жемісі. Хака­тон­ға келген мамандардан көмек сұрап, білмеген тұстарды толық­тырып отырдық, – дейді олар.


Қазіргі таңда «Astana LRT» ком­паниясының қызметкерлері оларды қолмен салады. Әрбір картаны салу үшін 2 сағаттай уақыт кетеді. Ал бүгінде автобустардың бағдары мен жүріп-тұру уақытын көрсететін 2400 қағаз картасы бар. Демек, қызметкерлер 4800 сағат уақытты сарп етеді.
Хакатонға келген әр қатысушы құр алақан қайтқан жоқ. Себебі «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев: «Жас мамандармен әрі қарай жұмыс істеуді жалғастырамыз. Кез келген идеяны бізге келіп, таныс­ты­руға болады. Біз әрқашанда қол­дау көрсетуге дайынбыз» деді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button