Елорда тынысы

ЕЛ ЖҮРЕГІ – АСТАНА!

Астана тойын айшықтайтын түрлі спорттық және мәдени шаралар легі өткен апта соңында мәресіне жетті. Елордалықтар және қала қонақтары І халықаралық жекпе-жек өнері фестивалін, бұқаралық веложарысты, үстел теннисінен «Astana cup – 2015» марафонын, «ЭКСПО-2017 жеңіске жетелейді» және «Астана – есірткісіз қала» акциялары аясындағы Сарыарқа ауданындағы аула клубтары арасында шағын футболдан және баскетболдан жарысты, ІІІ халықаралық «Сахнадан сәлем» театр фестивалін, «Наз» мемлекеттік би театрының концертін тамашалады.                  

ЖЕКПЕ-ЖЕК ЖАМПОЗДАРЫ

«Дәулет» спорт кешенінде өткен І халықаралық жекпе-жек өнері фестивалі еліміздің ғана емес, Ресей, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Чехия мемлекеттерінің ең үздік спортшыларын жинады. Олардың қатарында белгілі Голливуд жұлдызы, айкидо айкикайдан 7 дан иегері Стивен Сигал, актер, кәсіпқой спортшы, «Бокс әлемі» мен «Қаһармандар елі» тележобаларының жүргізушісі Сергей Бадюк, ережесіз жекпе-жектен бірнеше дүркін әлем чемпионы Бату Хасиков болды.

Айкидо, джиу-джитсу, капоэйра, будзинкан, тай боксы, каратэ годзю-рю, шин кали, кендо, таэквондо, вин-чун, шаолинь, қоян-қолтық ұрыс секілді спорттың 12 түрінен ұйымдастырылған жекпе-жектердің әрқайсысында осы спорт түрлерінің майталмандары өнер көрсетті.

Мәселен, көрермендер айкидодан (8 дан) және айки-джитсудан (5 дан) қара белдік иегері, әлемдегі ең үздік жекпе-жек өнерінің тәлімгері атағы бар Братислав Стайтичтің, джиу-джитсудан бүкіл жапондық халықаралық федерациясының негізін қалаушысы және басшысы Алекс Куниннің, аша капоэйрадан халықаралық мектептің басшысы, тұтас әлемде 25 мыңнан астам шәкірт тәрбиелеп жатқан Маркос Антонио да Сильваның, таэквондо шебері, Оңтүстік Корея, Жапония және Қытай құрамасын Олимпиада ойындарына дайындап жатқан Ким Ги Боктың, ушу-вин-чуннан қытайлық мектеп өкілі, осы спорт түрімен 35 жылдан бері айналысып, көп мәрте чемпион атанған Ли Ханг Чеонгтің шеберлігіне қол соқты.

Сондай-ақ, 495 жылы Орталық Қытайда құрылған буддалық Шаолинь монастыры монахтарының делегациясы да фестиваль қонағы болды.

Қазақстандық спортшылар тай боксы мен қоян-қолтық ұрысты қалай меңгергендерін көрсетті. Аталған жекпе-жек түрлерінің жергілікті федерациясының тәрбиеленушілері жоғары шеберлік танытты.

Шаршы кілемде өзара күш сынасқан қонақтар Оқушылар сарайында шығыс жекпе-жектерімен айналысып жүрген оқушыларға шеберлік сабақтарын өткізді. Стивен Сигал Қазақстанда мектеп ашуға ниеті барын жеткізді.

ЕЛОРДАЛЫҚТАР ЕРШІККЕ ОТЫРДЫ

Елордада 2008 жылдан бері Астана кубогы үшін ұйымдастырылып келе жатқан веложарыс кезекті мәрте өткізілді. Бұқаралық веложарысқа «Астана» велокомандасының майталмандары, эстрада жұлдыздары, мәдениет қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. 

«Салтанат сарайының» алдынан бастау алып, «Астана-Арена» стадионының алдында мәресіне жеткен велодода 4600 метр қашықтыққа созылды. Мәре сызығын бірінші болып кесіп өткен қатысушыларға велосипед, ноутбук және теледидар сынды бағалы сыйлықтар табыс етілді. Веложарысқа еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатысты деп айтуға тұрады. Мәселен, ең жас қатысушы – үш жасар Алина Әлиқызы, ең ересегі 68 жастағы Жақсыбай Айымбетов ақсақал болды.

Веложарыс барысында көрермендер арасында ойындар ұйымдастырылады. ҚР велоспорт федерациясы «Астана» велокомандасының белді мүшелерінің қолтаңбасы жазылған футболкаларды сыйлады. Концерттік бағдарлама жиналғандардың көңілін көтерді.

Шараға қатысушылардың арасынан табылған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев «Бүгінгі күні қаламызда велоспорт өте танымал спорт түріне айналды. Жарысқа үш мыңнан астам адамның қатысуы – соның айқын дәлелі. Жалпы, Мемлекет басшысының қолдауының арқасында бүгінде елордада барлық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Алда келе жатқан Астана күнімен баршаңызды қала әкімінің атынан құттықтаймын» деп, ізгі лебізін білдірді.

ТАЛАЙДЫ БЕТТЕСТІРГЕН ТУРНИР

«Алау» мұз айдыны сарайында өткен үстел теннисінен «Astana cup – 2015» марафонына қатысушылардың саны артып келеді. Жарыстың жүлде қоры да қомақты. Мәселен, былтыр тұңғыш рет өткізілген марафонға мыңнан астам адам қатысып, жеңімпаздар бір миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты еншілеген.

Биыл турнир әдібі біршама өзгерді демесек, жүлде қоры сол мөлшерде сақталды. Жарыс олимпиадалық жүйе бойынша өткізілді. Онда ерлер мен әйелдер өз топтарында бәсекеге түсті. Жас мөлшеріне де шектеу қойылмады. Бұл спорт түрін әуесқойлық деңгейде меңгеріп, ұлттық құрамаға кірмейтін, ресми турнирлер мен чемпионаттарға қатыспаған адамдар ғана жарысқа қатыстырылды.

Жарыс барысын айта кетсек, 1/8 финалына жолдама алған 16 адамға Жазғы орталыққа тегін кіруге сертификаттар таратылды. Ширек финалға өткен 8 қатысушыға да осындай сыйлықтар үлестірілді. Жартылай финалда жолы болмағандарға «Алау» мұз айдыны сарайының фитнес клубын бір ай бойы пайдалануға абонемент берілді. Ал бұл кезеңде жеңіске жеткендерге 2 айлық абонементке қол жеткізді. Бірінші орын иегері қаржылай сыйлықпен қоса Мұз сарайында бір жыл бойы армансыз сырғанауға мүмкіндік алды.

Бұл марафонға тұңғыш рет қатысқан жас ақын Олжас Қасымды сөзге тарттық. «Әп-сәтте екі адамды жеңіп, үшіншісінен жеңілдім. Бірақ, өкініш жоқ. Ең бастысы, үлкен додаға кіріп, бұл спорт түрінен тәжірибе жинақтадым. Бұған қоса, жарыс барысында өнерпаздардың өнері құлақ құрышымды қандырды. Осындай атмосферада спортпен айналысқанның өзі ғанибет екен. Жалпы, бұл турнирдің берері мол. Теннис жарысында мүмкіндігі шектеулі жандар да ойнады. Аяқ-қолында кемістігі болса да олар ойын ойнап, салауатты өмір салтын насихаттап жүргенде он екі мүшеміз сау біздің спортпен шұғылданбағанымыз қалай деген ой келді. Әр қаладан келген қатысушылармен танысып, білісіп қалдық. Алайда, осы жарыс жылына бір-ақ рет ұйымдастырылады. Меніңше, бұл аз. Жылына ең құрығанда үш-төрт мәрте ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді ол.

БАЛҒЫН СПОРТШЫЛАР БӘСЕКЕСІ

Бір аптадай уақытқа созылған «ЭКСПО-2017 жеңіске жетелейді» және «Астана – есірткісіз қала» акциялары аясындағы Сарыарқа ауданындағы аула клубтары арасында шағын футболдан және баскетболдан жарыс жалпы алғанда 70 команданың басын қосты. Әсіресе, шағын футбол командаларының қарасы мол болып, елуге дейін жетті. Ал, баскетболдан жиырма команда жиналды.

Турнир қорытындысында шағын футболдан балалар тобының (7-13 жас) арасында «Марғұлан» командасы топ жарды. Жасөспірімдер тобында (14-17 жас) «188» командасы жеңіске жетті.

Баскетболдан да қыздардан құралған «Марғұлан» командасына тең келер ешкім табылмады. Ал, ұлдар арасында «Жылауықтарға» қарсылас шақ келмеді.

Бұл жарыстарға демеуші болған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы атынан сыйлықтар үлестірілді. Марапаттау рәсімін компанияның атқарушы директоры Салтанат Рахымбекова жүргізді. Бұған қоса, «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік қақпашы»  атанғандарды ҚР спорт шебері, «Астана» баскетбол клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Рустам Ерғалиев пен халықаралық дәрежедегі төреші Айнар Ахмеилов марапаттады. Сарыарқа ауданының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев сөз сөйлеп, жиналғандарды Астана күнімен құттықтады.

Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер арасында сурет салу байқауы ұйымдастырылды. №1 балалар мектебінің өнер ұжымдары мерекелік көңіл-күй сыйлады.

САХНАДАН ЖОЛДАНҒАН СӘЛЕМНІҢ САБАҒЫ

Мәскеу Губерниялық театрының «Сирано де Бержерак» драмасымен шымылдығын түрген ІІІ халықаралық «Сахнадан сәлем» театр фестивалі С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақ музыкалық-драма театрының «Қара шекпен» қойылымымен жабылды.

Фестивальді ашқан спектакльді елордаға Ресей халық әртісі Сергей Безруков алып келді. Сарапшылар арасында болған белгілі театр маманы Еркін Жуасбектің пікірінше, рухани шараның мән-маңызын нақты осы қойылым арттыра түсті. Драманың басты ерекшелігін де айта кетсек, оны көру қабілеті нашар және зағип жандар тифлокомментатор құрылғысының көмегімен тамашалай алды.

Тағы бір шетелден келген өнер ұжымы – Тбилисидің А.Грибоедов атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театры елордалық көрерменнің назарына Лев Толстойдың повесі негізінде «Холстомер. История лошади» спектаклін шығарды. Уақиға желісі қойылымның басты кейіпкерлері – ала азбан және сабырлық, жомарттық және төзімділік үлгісін көрсеткен Холстомер бейнесі арқылы өрбиді.

Фестивальге қатысқан еліміздегі театрларға келсек, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ драма театры Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» драмасын ұсынды. Театр директоры Ерлан Біләлдің айтуынша, фестивальді ұйымдастырушылар дәл осы қойылымды аттай қалап алған. Айта кететін жайт, мұнда бас кейіпкердің рөлін танымал әртіс Дулыға Ақмолда сомдайды. Өзіне жүктелген рөлді мінсіз ойнап шыққан актер Тәңірге қарсы шығып, ақыры жаратушы үкімімен қырық жасында өлімге кесілген Қорқыт бейнесі арқылы Құдай барлығына көз жеткізеді. Бұл қойылымның елордалықтарға тура Рамазан айында ұсынылуы көрермен әсерін одан әрі күшейте түсті.

Тағы бір алматылық ұжым – Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық Балалар және жасөспірімдер театры «Инкогнито из Петербурга» музыкалық фантазиясын сахналады.

Жоғарыдағы автордың «Естайдың Қорланы» драмасын Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры көрсетті. Мұнда белгілі әнші, композитор, Арқа әншілік өнерінің белді өкілі Естай Беркімбайұлының сүйіктісіне деген шексіз махаббаты жайында баяндалады. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры өзі атын иеленіп отырған жазушы-драматургтің «Махаббат мұңы» қойылымымен көрермен жүрегінің қылын шертті.

Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры «Абылайхан» және Түркістан музыкалық-драма театры «Хандық аманат» тарихи қойылымдарын сахналады. Бұл қойылымдарды өнер ұжымдарының биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығына тартуы деп ұқтық.

Елордалық театрларға келсек, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық-драма театры жақында ғана премьерасы өткен «Шоқан», «Жастар» театры «Ақымақ болған басым-ай», М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театры «Язычники» қойылымдарымен көрермендерді тәнті етті.

Фестивальдің бір пайдалы жағын да айта кетсек, әр спектакль соңында талқылау өтіп, сарапшы-мамандар өнер ұжымдарының назарын қойылымдардың артық-кем тұстарына аударды. Әділ сын қашанда артық болмайды. Ендеше, фестивальге қатысқан театрлар сол сыннан кейін ширыға түсер деп ойлаймыз.

«НАЗ» МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТТІ

«Наз» мемлекеттік би театры өзінің 15 жылдығын «Қазақстан» орталық концерт залында өткен концертпен дүркіретіп атап өтті. Би өнерінің әралуан үлгілерін еліміз түгілі әлем сахналарында паш еткен өнер ұжымының репертуары күннен күнге ұлғайып, қанатын кеңге жаюда. Театр қоржынында қазақы билерімен қатар дүние жүзі халықтарының да билері жеткілікті. Жеке би спектакльдері де баршылық. Концертте ұжым осының бәрін көрерменнің назарына шығарды. 

«Шежіре – би тілімен өрнектелген» атауымен өтетін концертте «Наз» мемлекеттік би театрының репертуарындағы жаңа би қойылымдары көрерменге жол тартты. Концерттік бағдарлама Қазақ хандығының – 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің – 70 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясының – 20 жылдығы сынды мемлекеттік маңызды мерейтойларды қамтып, аталған мерекелер ән-жырға арқау болды.

Концерт барысында би ұжымымен бірге эстрада әншілері Тамара Асар, Ардақ Балажанова, Айгүл Иманбаева, Жанар Айжанова, Маржан Арапбаева, елордалық «Жастар» театры, «Пай-пай» ұлттық аспапты тобы өнер көрсетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button