Саясат

Елді елең еткізген

Санкция неге әсер етпейді?

Әлемге жойқын қаруымен сес көрсетіп отырған Солтүстік Кореяның түрлі халықаралық санкциялардан қалай аман отырғаны белгілі болды.

Бұл туралы БҰҰ хабарлады. Ұйымның мәліметі бойынша, Солтүстік Корея ресейлік және қытайлық бизнесмендер арқылы күн көріп отырған көрінеді. Осының арқасында халықаралық санкциялар Ким Чен Ын бастаған елге тиісті деңгейде әсер етпей отыр.
Халықаралық тыйымдарға қарамастан қытай компаниялары КХДР-дан түрлі өнімдер сатып алып отыр. Бұған қоса Ресей мен Қытай теңіз арқылы Пхеньянға ірі көлемде жанармай жеткізеді екен. NBC News басылымының хабарлауынша АҚШ тарапы жедел түрде БҰҰ отырысын өткізуді талап етуде.
Осыған дейін The Wall Street Journal басылымы Солтүстік Кореяның Сирия, Йемен, Ливия секілді елдерге қару-жарақ сататынын хабарлаған. Осыған ұқсас түрлі халықаралық айыптауларға байланысты 2017 жылдың желтоқсанында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі КХДР-ға салынған санкцияларды күшейтіп, нәтижесінде бұл елге жанармай жеткізуді шектеген.

Зейнеткерлік жас 68-ге дейін ұлғайтылады

Мексиканың жақында сайланған президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор халықты зейнетке 68 жасында шығаруды қарастырып отыр.

Бұл бастама туралы өткен жұма күні Мексиканың қаржы министрінің орынбасары Херардо Эскивель мәлім етті. Бұған қоса ол жаңа өзгерістер президенттің алтыжылдық мерзімінің екінші жартысында, яғни 2021 жылдан кейін жүзеге асырылатынын мәлім етті.
Айта кетейік, Мексикада ер адамдардың орташа жасы 76-ны, ал әйел адамдардікі 80 жасты құрайды. Ал зейнетке қазірдің өзінде тек 65 жасында шыға алады.

Пойыз сутегімен жүреді

Сутегі отынмен жүретін әлемдегі ең алғашқы пойыз бірер күн бұрын Германияда сынақ тәртібінде жүргізілді. Deutsche Welle басылымының ақпары бойынша Coradia iLint пойызы жақын уақытта толығымен іске кіріспек.

Алдағы күндері жаңа көлік Куксхафен, Бремерхафен және Букстехуде қалаларының арасында қатынайды. Мәліметтерге сәйкес, пойыздың төбесіне цистерна мен отын элементі орнатылған. Ол сутек энергиясын электрлі тоққа айналдырады. Экологиялық жағынан таза болып есептелгендіктен, қоршаған ортаға зиянын тигізбейді.
Жаңа құрылғы сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Сондай-ақ сутек отынын бір рет толтырып қойса 1000 км-ге дейін жетеді. Экологиялық таза транспортты француздың Alstom компаниясы Германияның Зальцгиттер қаласында құрастырып шығарды.
Алдағы үш жыл ішінде осыған ұқсас 14 пойыз қолданысқа енгізіледі деп жоспарланып отыр. Бұған қоса осы әдіс арқылы дизельмен жүретін пойыздар алмастырылмақ. Бұған қазірдің өзінде 81,3 млн еуро бөлініп отыр.

Аян ӘБДУӘЛИ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button