Саясат

Елең еткізген

Қазір жаһанның бір күні елді елең еткізетін жаңа­лық­тарсыз өтпейтін болды. Соның бірі – Нидерландта бес елдің өкілі 2014 жылы 17 шілдеде Донбасс үстінен ұшып бара жатқан Малайзия лайнерін Ресей қарулы күштері атып түсірді деген шешімге келді. Ал бұдан екі ай ғана бұрын бұған украин атқыштарының қатысы бар деген тұжырым жасалып еді. Әлбетте, бұл жолғы болжамға Ресей жағы келісіп отырған жоқ.
Төменде дүниені дүрбелеңге салып отырған сондай бірнеше оқиға туралы сөз етеміз.

ЮЛИЯ СКРИПАЛЬ «ЖАРЫҚҚА» ШЫҚТЫ

 Әлем жұртшылығы бүгінде тірі екеніне күмән келтіре бастаған ресейлік азаматша, Британиядағы «Солсбери оқиғасынан» зардап шегушінің бірі Юлия Скрипаль 23 мамыр күні «Россия» телеарнасының «60 минут» бағдарламасына шығып, өзінің жайынан біршама мағлұмат берді. Ресей барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Сергей Скрипальдің 33 жастағы қызы өз сөзінде «отанға әйтеуір бір қайта алатынына үмітті» екенін білдірді.
Сөйтіп, күллі әлем «химиялық шабуылға ұшырады» деп жаны ауырып отырған әкелі-балалы екеудің көңіл жұбатарлық болса да бір жақсы хабары шығып, құлағы түрік жұрт бір серпіліп қалды.
Бұл оқиға наурыздың басында басталған еді. Ұлыбритания сонда әкелі-балалы Скрипальдерге Ресей жағы «химиялық шабуыл жасады» деген айып тақты. Кейін екеуі де ауруханада жатып, өлім аузынан қайтты. Мәскеу мұның бәрін Лондон Вашингтонмен бірігіп, өзі жасады деген тұжырымды сол бойда-ақ жариялаған болатын.

ПХЕНЬЯН ПОЛИГОНЫН ЖАРЫП ЖІБЕРДІ

Солтүстік Кореяның билігі 24 мамыр күні өзінің Пунгеридегі ядролық полигоны туннелінде жабдықтарды бұзып алу жұмыстарын жүргізді. Бұл үдеріс бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылды.
Сол күннің кешінде АҚШ президенті Дональд Трамп КХДР лидері Ким Чен Ынмен 12 маусымда Сингапурде өткізуге келісіліп қойылған кездесуден бас тартатынын мәлімдеп үлгерді. Ол мұны Солтүстік Корея жетекшісіне жолдаған жолдауында атап көрсетті.
Ақ үй қожайынының мұндай шешімге пхеньяндық әріптесінің соңғы кездері екі арада болған сөз қақтығыстары кезінде айтып салған пікірлеріне ренжігеннен барды ма, әлде Пунгеридегі полигонның қиратылғаны туралы ақпар келгеннен кейін әдейі жасап отыр ма, – ол жағы әзірге белгісіз. Бірақ оның қарсыласына осы ретте Американың ядролық мүмкіндіктерінің зор әрі қуатты екені сондай, бұлардың іске қосылмауын тілеуі керек екенін айтып қорқытқаны оншалықты ұнасымды болып шықпады. Соған қарамастан, Трамп әйтеуір бір уақытта Ким Чен Ынмен бетпе-бет кездесетін күн туатынына үміт артатынын да жасырмады.

ӘР МИНУТЫ 100 МЫҢ ДОЛЛАРЛЫҚ КЕЗДЕСУ

Украина президенті Петр Порошенконың АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуін ұйымдастыру үшін бұлардың соңғысының адвокаты Майкл Коэн кемінде 400 мың доллар пара алған болып шықты.
Кездесу үшін төлем төлеу екі ортада жүрген делдалдар арқылы жүзеге асырылған. Олар жоғарыда айтылған сомадағы параны Коэнге жеткізіп берген. Ал екі лидердің кездесуі өткен жылғы маусым айында Ақ үйде өткен. Петр Порошенко еліне оралғаннан кейін жемқорлыққа қарсы ведомство Трамптың сайлау алды штабының бұрынғы басшысы Пол Манафорттың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатқан.
Осы деректі шығарған Украина қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымды қызметкері ресми емес кездесуді ұйымдастыруға Жоғарғы Раданың бір депутаты қатысқанын айтады. Ол өз кезегінде еврейлердің Нью-Йорктегі Chabad of Port Washington қайырымдылық ұйымы арқылы Коэнге 400 мың доллар апарып берген. Киевтегі тағы бір дерек көзі ақша соңында 600 мың долларға жеткізілді деп отыр. Сонда Порошенконың Трамппен кездесуінің әрбір минуты үшін 100 мың доллар ақы төленген болып шығады.
Қазір АҚШ барлау ұйымы тарапынан бұл деректі тексеру қолға алынып жатыр.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button