Қала мен Сала

«Байқоңырдың» бағдары айқын

Астана радиосы мен «Elorda Aqparat» ақпа­рат медиа-ресурсының бірлескен жобасы – «Елор­да тынысы» бағдарламасы аясында сту­дияға, биылғы ақпан айында бас қалада төр­тінші аудан болып шаңырақ көтерген Бай­қоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимов ке­ліп, жаңа ауданның тыныс-тіршілігі туралы тың­­дармандарға айтып берді. Хабарды Қайсар Жұмабайұлы жүргізді.

Жыл санап елорда халқының саны мен қала аумағы үлкейіп келеді. Бүгінде бас қала жұртының саны 1 миллионнан асты. Сон­дықтан тығыз орналасқан тұр­ғындардың мәселесін шешу үшін жаңа мектеп, балабақша, емхана, көлік жүйесі мен ин­же­нерлік инфрақұрылымдар салу мақсатында төртінші аудан құ­рылды. Жаңа ауданның шығыс бөлігі Алматы ауданымен, батыс және оңтүстік бөлігі Сарыарқа ауданымен, ал Есіл өзені арнасымен Есіл ауданы шекараласады. Жалпы алғанда, қала аумағы 79 мың 733 гектарды құраса, соның ішінде жаңа аудан 18, 1 мың гектарды алады. Ал адам саны 211 мыңға жетеді.

«Біздің қала 123 секторға бө­лінген. Әрбір секторда 10 мың адам бар. Соның ішінен 34 әлеу­меттік стандарт анықталған. Бұл – әрбір тұрғын басқа кварталға бармай пайдалануға болатын қажетті нәрселер. Ал біздің ауданда 17 сектор бар. Оның 5-уі – жобалық. Қалған 12 сектордың деңгейі біз айтқан талаптың 80 пайызын құрайды. Басқалары 20-60 пайыздық әлеуметтік стандарттармен қамтамасыз етілген» деді аудан әкімі.

Ерлан Ермекұлының айтуынша, ауданға, әсіресе, әлеуметтік нысандар жетіспейді екен. Мәселен, мектеп, балабақша, емханалар саны өте аз. Тіпті, адамдардың қарапайым спорт түрімен айналысатын орындар да сирек. Аудан аумағында көпқабатты апатты үйлер мен жеке сектор көп кездеседі.
«Ауданда 17 мектеп жұмыс істейді. Олардың дені Кеңес үкі­меті кезінде салынған. Оның 7-еуінде оқушылар үш ауысыммен оқиды. Төрт мектеп ғимаратын кеңейту үшін қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілу қажет. Қысқасы, білім ордаларының тең жарымы күрделі жөндеуді талап етеді. Қазір аудан көлемінде 1200 орындық екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Амандық болса, алдағы жылы пайдалануға беріледі» деді Е.Қаналимов.
Қалалық «IKomek» сараптама жүргізу орталығының мәліметіне сүйенсек, жаңа ауданның тұр­ғындарынан жеке үйлерді су басу туралы – 198, көшелерді жарықтандыру 106 және қоқысқа қатысты 90 шағым түскен.
«Біз осындай күрделі мәселелер қордаланып қалған 19 аймақты анықтадық. Олардың көбі жеке тұрғын үй аумағынан шығып отыр. Үйлерді су басу қаупі – кәріз желісінің жоқтығынан. Мұндай жағдай Лесозаводтағы жеке секторларда көбірек ұшырасты. Жері саз батпақ. Су көпке дейін кеппейді. Оны тек сорып алу қажет. Осы мәселелерді шешу үшін Коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, 5-6 сатылы желілік кәріз желісінің құрылысын аяқтау мәселесін қолға алдық. Бұл Лесозавод пен Кирпичный тұрғын үй кешенінің бір бөлігін қамтиды» деді әкім.
Аудандағы тағы бір өзекті дүниенің бірі – көшелерді жа­рықтандыру мәселесі. Аудан әкімдігінің зерттеуі бойынша, жеке тұрғын үйлер орналасқан 87 көшеге жарық тартылу қажет екен. Бұған шамамен 200 мың шам және 1600 бағана керек. Бұл мәселелер қыркүйекке дейін аяқталады деп сендірді әкім. Сондай-ақ, Ерлан Ермекұлы Алаш тасжолы бойындағы орталық базар аумағында инженерлік желі жоқтығын айтты. Биыл елорда басшысының тапсырмасымен аталған тасжол бойына ин­женерлік желілердің кешені құрылысын бастау жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жеке тұрғын үйлері көп ау­мақта қоқыс мәселесі де қор­да­ланып қалған. Енді ол бір ретке келтірілмек. Бұған дейін пайдаланылған ескі қоқыс кон­тейнерлері еуропалық стан­дарт­тағы контейнерлермен ауыс­тырылмақ. Сонымен қатар, биыл аудан көлеміндегі 17 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Кирпичный пен Өндіріс тұрғын алабында 15 жаңа көше пайда­лануға беріледі. 41 кө­шеге қиыршық тас төсеу жұ­мыстары жобаланған.
Қысқасы, Ерлан Қаналимов тыңдармандарды жаңа ауданның құрылымы мен атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып, алдағы жоспарымен бөлісті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button