Мәдениет

Елорда сахнасынан қандай саңлақтарды көргіңіз келеді?

Әйгерім СЕЙІТМАТОВА,
Еуразия ұлттық университетінің студенті:

– «Талғамға талас жоқ» дейді. Өз басым операны тыңдағанды ұнатамын. Бірде әпкеммен бірге Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттiк академиялық опера және балет театрына барып, «Қыз Жібек» операсын тамашалаған едім. Содан бері осы жанрды жақын тартамын. Бүгінде Астанада тұратындықтан Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының қойылымдарына анда-санда барып тұрамын. Опера әншісі ретінде Майра Мұхамедқызын сүйіп тыңдаймын. Операның жанкүйері ретінде Мәскеудің Үлкен театрын Астанада көргім келеді. Күллі әлемді мойындатқан әйгілі театр жақында ғана өзінің 237-ші маусымын ашты. Үш жүз жылға жуық тарихы бар алып ұжымның өнерін өз Астанамыздың сахнасынан тамашалағым келеді.

Мерей МЕЙІРБЕКОВ,
мемлекеттік қызметкер:

– Мен қазақтың шетелде жүрген аты дардай әйгілі жұлдыздарының басын қосып, Астанаға шақырғанын қалар едім. Өзгенің даңқын асырып, шашпауын көтеріп жүрген қаншама әнші, тұлғаларымыз жүр шетте? Солардың бәрін елордамызға жинап, өз аспанымызда жарқыратар күн туса, құба-құп. Мысалы, Алтынай Асылмұратова, Ахмет Агади, Алмас Серкебаев, т.б. Өз елінен қолдау таба алмай, сыртқа кетіп жатқандар әлі де баршылық. Олардың көпшілігі – жалақысы аз, әлеуметтік жағдайы мардымсыз өнер өкілдері. Саңлақтарымызға жағдай жасап, қошеметтеп, көтермелесек, олар да Қазақстанның атын әлемге танытуға бар күш-жігерін салары анық.

Алтынгүл РАЙХАН,
медбике:

– Шынымды айтсам, өз басым Астана күнін асыға күтемін. Себебі, әлемге әйгілі небір талантты тұлғалар дәл осы күні елордаға ағылады. «Биыл кімдер келеді екен?» деп біздің де тағатымыз қалмайды. Кейбіреулер мұны сын тезіне алып, ақшаны далаға шашқандай көреді. Меніңше, ешкімнің қолы жете бермейтін белгілі тұлғаларды Астана сахнасында көру – елордалық тұрғындар үшін үлкен тарту дер едім. Мен елорда сахнасынан италиялық атақты әнші Хосе Каррерасты көргім келеді. Оның әлемдік әйгілі «Үш тенордың» бірі (Пласидо Доминго, марқұм Лучано Паваротти) болғанын жұртшылық жақсы білсе керек. Қайталанбас талантымен күллі әлемді мойындатқан әншінің дара дауысы елордамызда да шырқалса деймін.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button