Құқық

Елордада есірткінің жолы қалай кесіледі?

Адамның басын айналдырып, ақыл-есінен айыратын есірткі заттарымен күрес қоғамда бір толастамайды. Алайда бұл зәрлі нәрсе жетібасты аждаһа сияқты бір басын шапсаң, келесі басы өсіп, айналамыздан түпкілікті аластатуға бой бермей келеді.

Көкнәр (героин) мен кенешөп (марихуана) есірткі заттары бүгінде осы шөпке тәуелді жастар ортасында көп қолданылмағанмен, оның есесіне «спайс» немесе «жылдамдық» деп аталатын шегетін синтетикалық есірткілерге деген сұраныс артып тұр. Әрі бұлар «сегізайлықтар» деп ерекше есепке алынады екен.

[smartslider3 slider=3024]

Алғашқы сынақтан өткізу

– Бұлардың «сегізайлықтар» деп аталауының да үлкен мәні бар, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сергей Ильиных.

– Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында елордалық студенттер сенбілік кезінде бір құмшекерге ұқсас ұнтақ түрілген пакет тауып алғаны жөнінде жарыса жазды. Абырой болғанда, ол ешқандай есірткі заты емес, жай ғана ұн болып шықты. Алайда студенттердің тіксініп қалуы, ата-аналарының қобалжуы, телевидение, газеттердің бұл туралы бірден ақпарат таратуына айтарлықтай негіз бар еді.

Қылмыстық ортада жаңадан келген адамды тексеру үшін әуелі оған осылай ұн немесе құмшекер салынған шағын пакет беріп сынақтан өткізеді. Сөйтіп олардың жүйкесінің төзімділігі мен «адалдығын» бір байқап көреді. Егер осының бәрін уақытында айтылған жерге апарып, нақты орындаса, келесі жолы сенім артуға болады деп ойлайды.

Бірақ оларға көбіне тосқауыл қойып, жолдарын кесіп жатамыз. Қанша көрінбегісі келіп, айла-шарғыға салғанымен, сандық технологияның дамуына байланысты біздің де қадағалау мүмкіндіктеріміз күшейіп келеді. «Сергек» бейнебақылау жүйесін пайдаланамыз. Кез келген дүкен мен ПИК аймағында қойылған ішкі камералардың да пайдасы тиіп жатады.

Полиция подполковнигі Сергей Сергеевичтің айтуынша, адамдарға мессенджер арқылы «табысы жоғары жұмысқа орналастыру жөнінде» хабарландыру жіберушілер де кездесіп қалатын көрінеді. Міне, осы бағатта «OLX» сияқты жекеменшік хабарландыру беретін ақпараттық  компаниялармен мұндай хабарландыруды бірден бұғаттап, жолын кесу жөнінде меморандумға қол қойылған көрінеді. Бірақ шетелден келетін ақпараттар да болады екен. Ал оны тоқтату үшін арнайы осы саланың майын ішкен IT маман қажет болып тұр. «Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да дендеп назар аудара бастады. Алдағы уақытта өзімізде IT маман штаты да ашыла ма деп үміттенеміз» дейді ол.

Ал әзірше қолда бар тәсілдермен жұмыс істеліп, есірткінің таралуына жол берілмей келеді. Атап айтсақ, жыл басынан бері барлық мүмкіндіктерді  пайдаланудың арқасында бөлім қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында 32 келі естен тандыратын зат пен жүйкеге қатты әсер ететін 5,5 келі синтетикалық есірткі өндірген үш зертхананы жойған.

Химияны жақсы білсең жетеді

Дегенмен, Нұр-Сұлтан қаласында мұнымен есірткі зертханасының көзі түпкілікті жойылмағанын байқаймыз. Өйткені кейбір мәліметтер бойынша, синтетикалық есірткіні өндіретін зертханалар қаланың әр жерінде бой көрсетіп қалып жүр. Ал мұның өзі шаһарда осы жаман нәрсеге деген сұраныстың артып бара жатқанынан емес пе екен деген күдік те бар. Мұны есірткіге қарсы бөлім бастығы да жоққа шығармайды. Өйткені көкнәр мен кенешөпті өндіру үшін жерге егу керек. Оны күтіп, баптап, дер кезінде орып, сосын шекара асырып, жеткізу керек. Ұзақ та қымбат және өте қауіпті үдеріс. Ал «синтетиканы» химияны жақсы білсең болды, үй жағдайында да жасай беруге мүмкіндік бар. Басқалар сияқты қосып, араластырып, мөлшерін нақтылап жатпайсың. «Синтетиканы» қазір мамандар «тізе зертханасы» деп те атайды екен. Өйткені тізеге қойып, кез келген адам жасап шығара алатын көрінеді.

Ең бір қорқыныштысы, оны қолданушылар саны бас қалада жылдан-жылға көбейе түсуде. Әрі олардың жас шамалар да кішірейіп барады. Қазір мектеп оқушыларының «синтетикаға отырғандары» аз емес. Ол таблетка түрінде де, ұнтақ түрінде де, бу түрінде де сатыла береді. Жасөспірімдер «қызық үшін» бір рет иіскеп, немесе таблетканы аузына салып сорып, өздері қалай тәуелді болып қалып жатқандарын байқамай қалады. Өзге есірткідей емес, бұдан тәуелділіктен құтылу өте қиын. Тіпті мүмкін емес десе де болады. Әрі ол адамның денесін шірітіп жібереді.

Алғашқы қолданғанда көңіл-күйді айырықша көтереді. Психологиялық тұрғыдан адам өте қатты өзгереді. Бойында бірнеше гормон бөлінеді. Соның әсерінен ол жасөспірім болса, бұрын болып көрмеген ерекше күйге түседі. Былайша айтқанда, сол кезде өмірде одан бақытты адам жоқтай болады. Оның қолынан бәрі келетіндей шаттанады, шабыттанады.

Мұны олардың тілінде «жылдамдық» деп атайды екен. Ал «жылдамдыққа» тәуелді қылу үшін осындай қылмыстық әрекетпен айналысатын жатпиғылдылар жеткіншектердің санасын неше түрлі жолдармен улайды.

Шын мәнінде, «синтетика» басқа есірткіге қарағанда өте қауіпті болатын себебі – оған отырған тәуелді адам сегіз айдан артық өмір сүрмейді. Осы уақытта ол 40 келі салмақ жоғалтып, бауырын түпкілікті құртады.

Қалай тоқтауға болады?

Мамандардың айтуынша, оны тоқтатудың жалғыз жолы – қоғам болып бітіспес күрес жариялау. Әр адам осы ғасыр індетіне бейжай қарамай, қолдан келгенше атсалысу. Кейбіреулер «заңды қатайту керек» деп жатады. Заң есірткі қолданушы да, тасымалдаушыны да, насихаттаушыны да аямайды. Мемлекет заңды барынша күшейтіп жатыр. Дегенмен, әр азамат осы кеселге қарсы белшеше, белсене күреспесе, осы аждаһаға деген бойында бітіспес өшпенділік сезімін қалыптырмаса, құр айтқаннан, үстелді тоқпақтағаннан іс оңалмай тұр.

Отбасы тәрбиесі мен мектеп қабырғасында-ақ салауатты өмір салтын дендеп насихаттауды қолға алу қажет.

Есірткіден зардап шегіп, ақыл-есінен ауысып, жүйкесі тозған жандарды көпшілік ортада көбірек көрсетіп, осы келеңсіздікке жеткізбес үшін әр адамның бойында есірткіге деген жиіркеніш сезімін оята білу керек. Әрі онымен күресті әркім де азаматтық парызым деп санауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, есірткі әрекетінің кез келген түріне кім-кім де көз жұма қарамауы маңызды. Сонда ғана болашақ ұрпағымызды көз көріне азғындаудан, балғын өмірінің әп-сәтте құрдымға кетуінен сақтап қалатын боламыз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button