Жаңалықтар

Еріктіні бағалайтын қоғам құру қажет

Батыста жұмысқа тұрарда да, университетке түсерде де бағадан гөрі волонтерлік қызмет көбірек бағаланады. Бізде де осындай құндылықты дәріптейтін орта құру қажет. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді.

«Ұлттық волонтерлік желі» ұйы­мының атқарушы директоры Татьяна Миронюктің айтуынша, қазіргі уақытта аталған ұйымға 8 мыңдай студент тіркелген екен.
Жиынға келген ҮЕҰ қатарында отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болғандарды құтқаратын ұйым­дар да болды. Мәселен, Анна Рыль мен оның «Қорғау Астана» қоры он бес жылдан астам уақыт бойы осындай қиындыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға, құжаты жоқ азаматтарға, адам саудасының құрбандарына, сондай-ақ мигранттарға жәрдемдесіп келеді.
– Жыл сайын біздің көмегімізге жүгінетіндер саны өсуде. Биылдың өзінде 700-ге жуық астаналық тұрғынға кеңес беріп, тиісті тұрғыда қол ұшын бердік. Олардың арасында көбісі – отбасы мүшелерінен жәбір көрген әйелдер. Мұнымен қоса, біздің мекеме тіркеуге тұрғызып, құжаттарды қалпына келтіруге де көмектеседі, – деді ол.
Аннаның айтуынша, қазіргі таңда ұйым орналасқан ғимарат тар болғандықтан, көп адамды қабылдауға мүмкіндік жоқ. Өз кезегінде қала басшысы бұл мәселені шешуге атсалысатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, қала басшысы әлеу­меттік кәсіпкерліктің жарқын үлгісін танытып жүрген елордалық азамат, «Green Tal» шеберханасының негізін салушы Эмин ­Аскеров, «Тәуелсіз өмір» ДОС» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі ­Ардақ Отарбаев, «Жас кәсіпкерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрайымы Айнұр Әмірхан секілді бірқатар ҮЕҚ өкілдерінің баяндамаларын тыңдап, олардың жұмыс­тарына оң баға берді.
– Биыл қаладағы белсенді ҮЕҰ саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге, яғни 273-тен 471-ге дейін артты. Қоғам үшін пайдалы жобаларды ілгерілететін ҮЕҰ бар екені қуантады, – деді елорда басшысы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button