Басты ақпаратМерей

Бір өмірдің үш беті

Өмірде қақ-соқпен ісі жоқ, бар ойы мен мақсаты адамдарға адал болсам, соларға жақсылық жасасам, көмектесіп, қол ұшын берсем деп тұратын жүрегі жылы жандар болады. Туған жерінен табан аудармай еңбек етіп, жыры да, сыры да атамекені – Сарыарқа болып кеткен Қасым Аппасұлы Тәукенов, міне, осындай адам. Ғұмырында пендешіліктен ада, шешенсіп көзге түсуден аулақ, «шолақ белсенділік» пен «атқа мінуге» онша әуестігі жоқ, бірақ қариялық канон мен ақсақалдық атаққа адал аға күні кешеге дейін «Егемен Қазақстан» газетіне өзінің ойлы да орнықты мақалаларымен жиі қатынасып тұрды. Оны біздің жақсы білетініміз сондықтан, әріптесімізге жоғарыдағыдай ізгі лебіз, игі пікір білдіріп жатуымыз да, міне, осыдан. Сол ағамыз осы қазан айының аяғында 85-ке келмек. Мерейтой қарсаңында Қасым Аппасұлына өзінің жазған үш кітабы арқылы лебіз білдіруді жөн көрдік.

(1. «Ойтұмар»). Өмірде дәлелденген бір шындық бар. Ол – шырайлы шығарма, толымды туындының әманда бай өмірлік тәжірибе мен энциклопедиялық мол білімнен, бұған қоса ел мен жер атты қасиетті де қастерлі ұғымның тағдыр-талайын өзінің өмірлік белсенді бағдарына темірқазық етіп алған үлкен жүрек иесінен ғана туатындығы. Қасым ағада осының бәрі де молынан кездеседі. Сондықтан бұл кісінің жазған дүниелері шыншыл, ойлы, көкейтесті сипатқа ие. Мақалалары сирек фактілерді тиімді тауып қолдануымен, түрлі деректерді дәл дәйектей білуімен құнды. Ал қалам иесінің өзі таңдап алған тақырыпты талдап, түсіндіруі, сөйтіп оны танымдық деңгейге көтерудегі қарекеті ше? Бұл тұрғыдан келгенде, автор – мықты аналитик. Бұған қол жеткізіп, оны ұстап тұрған басты ұстындар – материалдардағы мол ақпараттармен байытылған сенімді баяндау мен табиғи уәж және мық шегедей қағылған түйінді ойлар. Оған «Ойтұмар» авторының «Тың трагедиясы», «Биогеоценоз», «Өзгенікін өзімізше өбектеу», «Біліп тұрып істелген білместік» сияқты туындылары толық дәлел бола алады. Ал оның бұлардан басқа «Ой», «Димекең», «Мен өскен орта» атты мақалалары ше? Тұнып тұрған тағлым, ғибрат, ақыл-кеңес.
Бұл – «Ойтұмар» кітабының бір қыры. Иә, былайша айтқанда, айсбергтің су үстіндегі бергі бөлігі. Ал арғы жағында, яғни түпкі мәнінде не жатыр дейсіздер ғой… Айтайық. Онда ұлт пен ұят, тіл мен діл жеріне жеткізе сөз етілген. Иман, иба, ибадат мәселесі де тыс қалмаған. Тұмса табиғатқа қиянат жанайқайы да менмұндалап тұр. Жер мен тер, обал мен сауап, қарыз бен парыз да ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Автор халықтық қалыптың тіні мен өзегі болып табылатын осы адамгершілік категорияларының, моральдық қасиеттердің және рухани құндылықтардың қазіргі ала-құла көріністеріне жаны ауырып күйзеледі, көңілі алаңдап мазасыз­данады, жақсылыққа жетудің жолын көрсетіп, жас ұрпаққа аманат сөзін айтады.
Халқымызда «көнекөз», «көнеқұлақ» деген сөздер бар. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» оған: көп жасаған, көпті көрген, арғы-бергіден хабары мол, біраз нәрсенің жөнін білетін қария, көкірегі ояу, сөзі сара қарт деген анықтама берілген. Кітап авто­ры Қасым Аппасұлы Тәукенов – міне, осындай жан. Егер адам­ды өз болмысымен мақтап, мадақтаған жөн десек, мынадай жәйт ойға оралады. Жалпы ешкім де бесігінен я басшы, я биік лауазым иесі болып тумайды. Бәрі де жүре келе болады. Ал болды екен, онда онымен келген бедел де сол қызметпен келеді немесе сол қызметпен кетеді. Мұндағы айтайық дегеніміз, бұл кісі де кезінде талай жауапты жұмыстардың тұтқасын ұстап, жоғары лауазым иесі атанған. Бірақ кім болса да, қайда жүрсе де аспаған, таспаған. Сөйтіп ол өзіне біткен адамшылығынан айнымай ардақталып қалған тұлға. Қазірде де солай. Мұның мәнісі сонау түп тамырдағы тектілікте жатқан сияқты. Соның бір белгісі – абзал ағаның «Ойтұмар» кітабын өз қаржысына шығарып, еркін елдің ертеңі – жас ұрпаққа тегін таратуға ниет еткені. Өйткені ақыл-кеңес сатылмайды, айтылады емес пе?! Біле білсек, бұл да өзінше бір өнеге әрі үлкен ғибрат.
(2. «Абай бол, арлан»). Әдебиет­те «зоологиялық тақырып» атты үрдіс бар. Оған қалам тартқан жандар өз шығармаларына жан-жануар­лардың тіршілігін, олардың біз білмейтін жұмбақ сырын ­объект етіп алады да, түрлі көркемдік шешімдер арқылы хайуанаттар психологиясын жан-жақты ашуға тырысады. Мамин-Сибиряк, Михаил Пришвин, Сетон-Томпсон сынды шығармашылық иелері міне, кейінгі ұрпаққа осындай еңбектері арқылы жақсы таныс.
«Зоологиялық тақырып» қазақ өміріне де бөтен ұғым емес. Ауыз әдебиетінің үлгілері – эпостар мен фольклордағы хайуанаттар әлемі туралы ертегілерді былай қойғанда, осы кешегі, бүгінгі көркем әдебиетімізден де оған көптеген мысалдарды келтіруге болады. Ол – мәселен, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесі. Ол – көрнекті қаламгерлер Тәкен Әлімқұловтың «Көк қаршыға» әңгімесі мен Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» туындысы. Ол – жазушы Сәтімжан ­Санбаевтың «Ақ аруана» шығармасы. Ол – Оралхан Бөкеевтің «Бура» әңгімесі мен Смағұл Елубаевтың «Ойсылқара» хикаяты.Әрине, бұл шығармаларда жан-жануарлар мен хайуанаттардың белгілі бір түрі ғана алынғанын атап айту қажет. Авторлар басты объект болып табылатын сол «кейіпкерлерін» әсемдейді, көркемдейді. Шартты түрде түрлі әдеби әдістерге барып, шығармашылық тұрғыдағы бейнелік образға қол жеткізеді. Сонысымен де ол – рухани қазына, сонысымен де ол шедевр. Ал табиғаттың арда да төл перзенті аңдардың күнделікті тіршілігін бақылау, зерттеу, сол арқылы олардың іс-әрекетін адамдарға танымдық деңгейде түсіндіріп беру ше? Бұл – әдебиеттің «кіші інісі» беллетрис­тикадағы үлкен тақырып. Оған орыс журналисі Василий Песков пен қазақстандық натуралист-қаламгер Максим Зверев туындылары үлгі бола алады.
Өмірлік тәжірибесі мол, аңшы әрі өлкетанушы, сегіз қырлы, бір сырлы жан – Қасым Аппасұлы Тәукеновтің «Абай бол, арлан!» атты кітабы, міне, осындай «зоо­логиялық тақырыптың» өзінше бір әдемі үлгісі. Мұндағы деректі жанрмен жазылған этюдтер мен штрихтар, фрагменттер Арқа өңіріндегі жан-жануарлар әлемінен қызықты сыр шертеді. Атап айтатын нәрсе, автор – мұнда байқампаз, оймақтай нәрседен ой түйетін тиянақты, ұқыпты пікір иесі. Өзі жазып отырған тақырыпты ол көп жылдар бойы зерттеген, қадағалаған жан. Сондықтан да мұндағы оқиғалар өте шыншыл, сенімді сипатқа ие болған. Қызығы сол, кітап иесі өзінің көргенінің бәрін жоқты-барды етіп шығармасына тоғыта бермеген, керісінше елді елең еткізетін жәйттерді ғана іріктеп, сұрыптап баяндаған. Баяндап қана қоймай, оларға өз тарапынан ғылыми түрде дәйектілікпен баға беріп те отырады. Ол – туған өңірдің табиғатынан бір сәт те ажырап көрмеген кісі. Соның нәтижесінде Қасым аға керемет байқампаздық, аңғарымпаздық қабілеттерге ие болған. Нәтижесі – «Абай бол, арлан!» атты тамаша кітап.
Табиғат – біздің үйіміз! Адам­дарға сол табиғат ананың бір бай­лығы – жан-жануарлар туралы айтып беру Қасым Аппасұлы ­Тәукеновтің шығармашылық басты мақсаты. Ал бұл ең үлкен нәрсе.
(3. «Өзіңді-өзің таны»). ­Олжекең – Олжас Сүлейменов ағамыздың атақты «Аз и Я» кітабы мұқабасының ішкі титул бетінде «Ізгі ниетті оқырманға» деген сөйлем бар. Мұны автордың: «Бұл шығарма жүрегінде өз ұлтына деген жылу оты бар, туған халқының тарихын білуге құштар ұрпаққа арнап жазылған еңбек» деген ойы деп ұққан жөн. Және оған: «Кітап беттеріндегі пікірлер мен пайымдауларды кім қалай ұғып, түсінсе де көздеген мақсат біреу. Ол – өзіңді- өзің тануға тырыс. Соған ұмтыл!» деп оқырманға іштей дем беріп, олардың жан дүниесін жаңғырта атой салған ізгі ой мен жанашыр үн дер едік.
Иә, шынында біз осы кімбіз? Қайдан шықтық? Түп-тамырымыз неден бастау алып, тарихымыз қалай қалыптасқан? Қазір оны қай деңгейде пайымдап, бағалаудамыз? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеу өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап күн тәртібіне өткір қойылмаса да, өмірдің түрлі аспектілерінен қылаң бергенінен біз жақсы хабардармыз. Оған нақты мысал ретінде сол кезеңде жарық көрген Олжас Сүлейменовтің жоғарыдағы «Аз и Я» еңбегінен басқа Ілияс ­Есенберлиннің «Көшпенділер», Мұхтар ­Мағауиннің «Алдаспан», Мұрат Әуезовтің «Әлемді дәстүрлі қазақ өнері арқылы тану», ­Сәтімжан Санбаевтың «Ақ аруана», Ақселеу Сейдімбековтің «Күңгір-күңгір күмбездер» туындыларындағы символдық меңзеу лейтмотивтерін айтуға болады.
«Мұндай құбылыстың, яғни, сол кездегі қоғамның идеология саласына деген «тілсіз қарсылық – үнсіз оппозицияның» тууына не себеп?» дейсіздер ғой. Айтайық. Оған бірінші кезекте сол уақыттағы евроцентризм ағымының мықтап бел алып, кеудемсоқтық танытуынан іш жиғандық еді. Неге десеңіздер, өзіміз жоғарыда сөз етіп отырған 70-ші жылдары, мәселен, бәріміз құдайдай көрген Ф.Достоевскийдің «Жазушы күнделігі» мақаласындағы, ­С.Цвейгтің «Румды жаулап алу» шығармасындағы, А.Тойнбидің «Сегіз өркениет» зерттеуіндегі, Е.Тарленің «Қырым соғысы» еңбегіндегі Азияны жабайы етіп көрсетіп, түркі әлемін жоққа шығару және далалық мәдениет ешуақытта болған емес деген сияқты керітартпа концепцияны мықтап орнықтырған уақыт болатын бұл. Екінші, осы қауіпті ағымнан асып түспесе одан кем соқпайтын: «КСРО-дағы ұлттар жойылып, олардың орнына бір ғана тілде – ұлы орыс тілінде сөйлейтін совет халқы пайда болады» деген қатерлі де қорқынышты мемлекеттік бағдарламаның өмірге келуі еді. Авторлары мен идеологтары Г.Александров, А.Ефимов, Г.­Калтахчян болып табылатын теоретиктердің айтуынша: «Бұл кемелденген социализмнің жоғарғы фазасы – коммунизмде жүзеге аспай қоймайтын» құбылыс-тын. Және оған негіз де жоқ емес еді. Олай дейтініміз, мысалы, «Нации и народности» журналында Кеңес елінде тұратын халықтардың 1922 жылы 193 тілде сөйлейтіндігі туралы дерек келтірілген екен. Ал «1973 жылғы КСРО-дағы баспасөз» деп аталатын статистикалық анықтамалықта «Кеңес Одағындағы оқулықтардың 118 тілде басылып шығатындығы» жазылыпты. Демек, 51 жылда 73 тіл саптан шығып қалған. Қандай үрейлі цифр, қандай қорқынышты мәлімет десеңізші бұл.
Міне, осындай саясат пен ағым және жоғарыдағыдай мемлекеттік бағдарламадан кейін кімнің де болса: «Біз қайдан шықтық?» Қайда барамыз? Түп-тамырымыз неден бастау алып еді? Қазір кімбіз? Болашағымыз не болады?» деп ышқынбауы мүмкін емес еді. Тұяқ серіппей берілу өзін ұлт ұлы, халық перзенті деп есептейтін пенде табиғаты үшін мүлдем жат әрекет-ті. Осыны және сол кездегі қоғамдағы қалыптасқан жалпы жағдайды өте терең түсінген КСРО басшысы Ю.В.Андропов өзі өмірден өтерден 11 ай бұрын кездейсоқ, ешкім одан мұны мүлде күтпеген мынадай ой айтуға мәжбүр болды. «Біз, – деді Бас хатшы 1983 жылғы «Коммунист» журналының №9 санында жарық көрген мақаласында, – шынымен-ақ социализм құра алсақ, тек социализмнің алғашқы баспалдақтарының бірінде тұрмыз». Міне, саған «кемелденген социализм»!.. Міне, саған «таяуда орнай қояр коммунизм»!.. Оның бұл сөзі үлкен ерлік еді. Өйткені мұндай мойындауды оған дейін ешкім айта алған жоқ болатын. Содан басталған санадағы сілкініс, жан-дүниеміздегі жаңаша ойлау машығы алдымен қалай десек те қайта құруға, одан жариялылыққа, бертін келе егемендікке, ақыры дербестік таңы – тәуелсіздікке алып келгені анық. Ал бұл өз кезегінде өзіміздің кім екенімізді біліп, түп атамыз – түркі жұрты туралы жазған зерттеу­шілердің еңбектерін еркін оқу арқылы төл тарихымызды жасауға жол ашылды деген сөз болатын.
Бұл жәйттерді біз неге егжей-тег­жейлі айтып отырмыз дейсіз құрметті оқырман? Мұның бәрін баяндауымыздың сыры мынада. Өмірден көргені мен түйгені мол, білімді де білікті жан Қасым Тәукеновтің «Поклонись тюркам» атты кітабындағы деректер сол 70-ші жылдардан бастап жинақталған. Келе-келе түркі әлемі туралы мол мәлімет берер анықтамалық дәрежесіне жеткен. Сондықтан да ол көп нәрсенің кілті. Атап айтқанда, мұнда біздің арғы ата-бабаларымыз сақтар мен ғұндар, олардың адамзат цивилизациясына қосқан үлестері нақты дерек, сирек факт, нанымды ой-толғамдар арқылы қысқа да нұсқа сөз саптауларымен берілген. Бұлар жоғарыда айтқан өзіңді-өзің тануға жауап береді. Түпкі тегіңді білуге көмектесіп, жәрдемдеседі. Бұл – бір.
Екінші, теледидар экраны мен компьютер мониторы билеген мына интернет заманында кітап оқудың қиындап кеткені белгілі нәрсе. Осыдан келіп ілім-білім мен таным атаулыға негіз қалайтын деректерді мысқалдап жинау арқылы оны адам бойына біртіндеп сіңіру дағдысы бұзылды. Соның салдарынан бүгінгі қауым санасында белгілі бір мәселеден үстірт, жалпылама ғана хабардар болу үстемдігі белең ала бастады. Міне, осындай кезеңде Қасым Тәукеновтің «Пок­лонись тюркам» атты туындысы бүгінгі ұрпаққа түркі дүние­сі мен әлемі туралы тақырыпты бір жерге жинақтаған әмбебап еңбек дер едік.
Үшінші, жинақта бәрі де нақты, келтірілген авторлар еңбектерінің аттары мен одан алынған дәйексөздер, қай архив, қай кітапханада тұрғандығы, бәрі-бәрі тап-тұйнақтай етіп анық көрсетілген. Қазіргі заманда бір кездегі қол жеткен осы жетістіктің өзі көзден бұлбұл ұшқан кез ғой. Сондықтан мұны да айта отырып «Поклонись тюркам» кітабын бейне бір мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарына арналған әдемі лекцияның озық үлгісі деуге болады. Қасым аға туындысы, міне, осынысымен де құнды.
Қорытып айтқанда, жоғарыдағы үш кітап автор өмірінің үш үлкен беті сияқты. Иә, 85 деген – мәнді де мағыналы ұзақ ғұмырдың тағлымға толы толғауы. Ойы. Тәжірибесі. Ұсыныс. Пікірі. Сол үшін де көкірегі қазына қартқа ризашылық білдіреміз.

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button