Елорда тынысы

Ескі үйлер сүріледі

Елордада әлі де пәтерлерінің ішінде пеш жағып отырған көпқабатты ескі үйлер бар. Дәретханалары көшеде орналасқан мұндай тозығы жеткен үйлердің тұрғындары қала, аудан басшыларымен кездескен сайын бұл баспаналардың қашан сүрілетінін сұраумен әлек.

Астана әкімінің мәлімдеуінше, биыл осындай 300 отбасы ескірген және апатты үйлерден көшіріледі.

– Біз қала тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – әлеуметтік пәтерлердің құрылысы, қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй бағдарламаларының іске қосылуы, тұрғын үй кешендерін жөндеу және құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау. Бірақ жұмыстың тағы бір бөлігі бар – тозығы жеткен апатты үйлерді бұзу. Пеш пәтерлердің ішінде, ал дәретхана көшеде орналасқан көпқабатты мұндай үйлердің физикалық тозуына байланысты шатыр ағып, іргетас сөгіле бастайды, электр сымдары, кәріз ­проблемалары туындайды, – деді Алтай Көлгінов.

Қала басшысы екі апатты үйдің тұрғындарымен кездесті. Айтуынша, олардың бірі – Сарыарқа ауданындағы Дүкенұлы, 21 мекенжайында орналасқан бес қабатты жатақхана. Бұл жатақхана биыл бұзылады.

– Угольная көшесі, 12 А, Байқоңыр ауданындағы қазіргі әл-Фараби даңғылы, 27-үйдің бойында орналасқан апатты үй тұрғындарымен кездестім. Үйдің тозуы 75 пайызды құрайды. Үй апатты деп танылды, сонымен қатар бұзу тізіміне енгізілген. Тұрғындарға барлық құжаттарды ретке келтіру қажет, – деді елорда әкімі.

Соңғы үш жылда апатты үйлерден 700-ге жуық отбасы қоныс аударған. Соңғы кездері жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі айтарлықтай өсті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button