Елорда тынысы

Өрт сөндірушілер ерлігі ұмытылмайды

Өрт сөндірушілердің жұмысы қауіп-қатерге толы. Олардың апат кезінде көзсіз жанкештілікке баратынын елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің ерлігінен дүйім жұрт біледі. Үш адамды құтқарған батырдың қайсарлығы еленбей қалған жоқ. Астана ономастикалық комиссиясының отырысында Есіл ауданында орналасқан Е-583 көшесінде өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімін беру туралы шешім қабылданды.

Жиында батырдың есімін өзі қыз­мет еткен №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне беру, мекеме алдына бюст орнату ұсынылды. Сонымен қатар Асқар Забикулиннің естелік суретін Астана қаласының А.Пушкин көшесінде орналасқан «Құтқарушылар саябағындағы» ақпараттық тақтаға орналастыру туралы шешім қабылданды. Аталмыш саябақта бұрын қайтыс болған құтқарушыларды еске алуға арналған ақпарат орналастырылған.

Қаланың ономастикалық ко­миссиясының отырысында қаралған ұсыныстар Астана мәслихатының тұрақты комиссияларының жария тыңдауларына, қалалық қоғамдық кеңестің қарауына жіберіледі.

Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құтқарушы Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Пәтер Асқардың жары Әнелге жеке меншікке берілді.

Апат кезінде қайсарлық танытқан екінші құтқарушы Аян Кемпіровтің отбасына 24 миллион сомасындағы ипотеканы өтеуге көмек көрсетілді. Екі отбасының да 6 миллион теңгедегі несиесі өтелді.

Осыған дейін өрт сөндіруші Саят Әбеев пен гранатаны кеудесімен жауып, террористі залалсыздандырған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімімен көшелер аталған болатын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button