Жаңалықтар

ЭССЕ ТАҚЫРЫБЫ – «ЭКСПО-2017»

Оқушылар сарайында «Менің «EXPO-2017» көрмесіне қосар үлесім. Қазақстан экономикасын өзімнің болашақ кәсібім арқылы «жасыл­дандырудың» жолдары» атты эссе байқауында жеңімпаз атанған қала­дағы мектеп, колледж­дердің он бес түлегін марапаттау рәсімі өтті.  

Бұл байқау «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы «MyChina» білім беру орталығымен ынтымақтаса отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдау көрсетуімен ұйымдастырылған еді. Аталған байқау 1 сәуір мен 1 мамыр аралығында өткізілді.
Ұйымдастырушылар бір ай ішінде 2000-ға жуық мектепті аралап, осы уақыт аралығында 654 өтініш қабылдаған. Оның ішінде байқау талаптарына жауап беретін 445 жұмыс таңдалынып алынып, қазылар алқасына ұсынылған.
Оқушылар эссені «EXPO» көрмесін өткізудің менің елім үшін маңыздылығы», «Қазіргі заманғы әлем үшін «жасыл техноло­гиялардың» маңыздылығы» және «Менің кәсібім және Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына менің қосар үлесім» тақырыбында жазды.
Байқау комиссиясы екі апта бойы жұмыстарды қарап, қаты­сушылардың эссе тақырыбын қаншалықты терең әрі нақты ашып көрсете алғанына баға берді. Жеңімпаздар қатарында мек­тептегі түрлі пәндер бойынша халық­аралық және республикалық Олимпиадалардың жүлдегерлері, шығармашылық байқаулардың лауреаттары, ғылым жобалардың авторлары болды. Іріктеу кезінде оларға айтарлықтай мән берілді.
Нәтижесінде, эссені сәтті жазған он оқушыға Қытайдың Тау-кен ісі және технологиялар университетінде оқуға грант берілді. Ал, бес оқушы Миландағы «ЭКСПО» көрмесіне баруға жолдама алды. Сондай-ақ, «Транстелеком» компаниясы да қатысушыларға естелік сыйлықтар тапсырды.

Жақсы СӘТҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button