Қала тіршілігі

ГАЗ БІРІНШІ «КӨКТАЛҒА» КЕЛЕДІ

Бір анығы, қалаға газ таратылатын болды. Тарату желілерінің құрылысы үш кезекке бөлінген. І кезектің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шығарылып, жоба 2019-2023 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп белгіленіпті. Ал газдандырудың ІІ-ІІІ кезектер құрылысы қаржыландыруға байланысты 2024-2030 жылдар аралығында қолға алынады деп болжанып отыр. Дегенмен әлі де түйткілді мәселе аз емес. Әлеуетті компаниялардың өзара дүрдараздығы кесірінен газ тарату жұмыстары о баста жоспарланған мерзімнен кем дегенде жарты жыл кешеуілдеп қалған.
Әлеуетті жабдықтаушылар ағымдағы жылдың 28 қаңтарынан бері кешенді комиссияның қай-қай шешімдері бойынша да бірі-бірімен келіспей, сенімсіздік танытып, бірі­нің үстінен екіншісі сотқа шағымданып жүр. Соның салдарынан газ тарату жұмысы тоқтап тұр.
– Жабдықтаушылардың өзара дау-дамайлары кесірінен белгіленген кестеден кешігіп қалдық. Енді бір айдың жүзінде газ тарату тораптарының құрылысын бастаймыз деген ойдамын.
Құрылыстың бірінші кезе­гін 2019-2021 жылдар ара­лығында жүзеге асыру жос­парланған, – деді елорданың Отын-энергетикалық кешенi жəне коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.
І кезектің ішінде тоғыз іске қосу кешендері бар. «Қазмұнайгаз» АҚ Қызыл­ордадан Нұр-Сұлтанға дейін 1200 шақырым қа­шықтықтан газ құбырын тартады. Ал қалаішілік газ тарату тораптарын жүргізу қалалық атқарушы биліктің өз еншісіне берілген.
– Қазіргі күні өзіміз жа­рия­лаған мемлекеттік сатып алу процедурасы өзіміздің үлкен бір проблемамызға айналып отыр. Біз мемлекеттік сараптау арқылы жобалық-сметалық құжатты өттік, оны жария еттік және әлі күнге дейін мемлекеттік сатып алу процедурасы жүріп жатыр, – деді Ербол Төлеуов.
Астанаға газ тарату ісінде шешімін таппай жатқан бұдан басқа да проблемалар бар шығар, бірақ 2019 жылдың соңына дейін жобаның іске қосылатындығы қала тұрғындарына үміт сыйлады. Газ бірінші кезекте «Көктал-1, 2», «Железнодорожный», «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алаптарына барады. Құрылыстың ІІ-ІІІ кезектерінде «Шұбар», «Family Village», «Garden Village», «Өндіріс», «Агроқалашық», «Пригородный», «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Промышленный», «Тельман» тұрғын алаптарын және қаланың жақын жатқан аудандарын газдандыру жоспарланған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button