Руханият

ХАМИТ АҒАНЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ

Биыл қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, «өзегі толы ақ жалынның» (Зейнолла Қабдолов) туғанына 100 жыл толып отыр. Хамит Ерғалиев – өжет мінезді өлеңімен де, өнегелі өмірімен де, қайсар мінезімен де ел есінде қалған ақын.

1_white

Хамит ағаның қолтаңбасы туралы сөз қозғағым келіп отыр. Кітап – Шекспирдің сонеттері 1978 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан. Кітапқа рецензенттер болған Ғафу Қайырбеков пен Қадыр Мырза Әли былай деп жазған екен: «Әлемдік әдебиеттегі классикалық озық үлгілердің бірі – Шекспир сонеттері. Ұлы драматургтің толып жатқан басқа да ірі шығармаларымен өзектесіп жататын бұл сонеттер бұрын қазақ тіліне аударылған жоқ болатын. Ақын Хамит Ерғалиев бұл үлкен міндетті өз мойнына алып, аударма әдебиетіміз үшін айтарлықтай еңбек етіп отыр». Бұл аударма кітабы жайлы Хамаңның өзі былай деп жазыпты: «Ағылшынның ұлы перзенті Вильям Шекспирдің бүкіл әлем игілігіне айналған аса озық та мол әдеби мұрасы қазақ тіліне аударыла бастағанына жарты ғасырға жуықтап қалды. Бұл жұмысқа М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Е.Букетов сияқты әр буынның таңдаулы таланттары қатысты. Шекспирдің сонеттерін қазақ тілінде дүниеге келтіру оңайға түскен жоқ. Сырт көзге көлемі шағын көрінген кітаптың толып жатқан шартты, қатал талаптарымен санаса отырып, аса жауапты іс тындырып, оқырмандарға ұсыну үшін алты жыл уақытымды сарп еттім. Шығарма тілден тілге көшерде кездесетін ұшы-қиыры жоқ баламалар, метафора, теңеулер, жалпы бейнелеу құралдарын қолдана келгенде, ұлттық ұғымның ерекшеліктерімен есептесе отырып, көркемдік дәрежесін, сонеттің он төрт жолдық табиғатына қысылып-қымтырылмай, еркін еніп отыру – осының бәрі, әрине, аудармашыдан бойда бар күшті сарқа жұмсауды ғана емес, оған қоса іркілмей ізденуді, үздік үлгілерді үнемі оқып, үстеліп отыруды талап етеді».
Бұл кітапты мен 2003 жылы жаз айында Атыраудағы «Зейнолла Қабдолов­тың кітап үйінен» көрдім. Ағайдың «Кітап үйі» жаңадан ашылып, Алматыдан кітаптары келіп жатқан тұс болатын. Жиналған көп кітаптың арасы­нан көрінген Шекспир мені қатты қызық­тырды. Кітапқа әлі мөр басылып үлгермепті. Ашып қарасам, Хамит ағаның Зей­нолла ағайға жазған қолтаңбасы бар екен.
«Қарағым Зейнолла!
Бұрнағы күннен бастап мен ұлықтан ұлық болған кісінің жасына кеп қалып­пын. Ағаң айғайын салып жүріп қар­тайып қалыпты ғой… Алдағы күннің Алдия­ры болмағыңды тағдырдан талап етемін.
Өзіңнің Хамит ағаң.

 2. 1. 79. Өз үйім.»

kitap1

«Зейнолла аға, Хамит ағаның кітабын оқығым келіп тұр, мен алайыншы» дедім. Ағай кітапты қолына ұстап, ойланып отырды. «Қайран, Хамаң-ай ! деп тебіреніп, ардақты ақын ағасын еске алды. Бұл кітап үйде өзімнің жеке шкафымда тұрған сияқты еді ғой, бұл жерге қайдан кеп қалды екен» деп қабағын шытты. Сосын маған қарап: « Алам десең, ала ғой. Бірақ бір өтінішпен» деді де, кітапқа қолтаңбасын жаза бастады.
«Қарағым Маржан!
«Кітап үйінен» Хамаң аударған Шекспирдің сонеттерін алып бара жатыр екенсің. Қайтейін, ала бер. Жалғыз-ақ, Хамит ағаның маған берген қолтаңбасын көзіңнің қарашығындай сақта! Іздесем, сенен табармын.
Ағаң Зейнолла
04. 08. 03. Атырау»

kitap2

Зейнолла ағайдың бір өтініші «Жалғыз-ақ, Хамит ағаның маған берген қолтаңбасын көзіңнің қарашығындай сақта!» деген сөзі екенін түсіндім. Мен бұл кітапты сақтап келемін. Кітап та, қолтаңба да бағалы мен үшін. Шекспирдің сонеттерінен Хамит ағаның бір аудармасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім. Шынында да, ақын аудармасында айтылғандай: «Саған ажал көлеңкесі түспейді – Жырлар сені мәңгі тірі сақтайды». Өмірдің өзіндей шырайлы жырлардың ғұмыры ұзақ. Жыры ұзақ жасаған ақындар бақытты! «Жақсы жырға ажал көлеңкесі түспейді, оқитын ұрпақ болса» деген ұлы ой – Шекспир болып, Хамит Ерғалиев болып, Зейнолла Қабдолов болып бір арнаға тоғысып жатқандай…

Маржан ЕРШУ,
ақын, Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ-нің «Отырар кітапханасы» ғылыми зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button