Басты ақпаратРуханиятҰлт ұпайы

ДYНИЕНІ ДYР СІЛКІНДІРГЕН ЖЕЛТОҚСАН

Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Жел­тоқ­­­сан көтерілісінің 30 жыл­дығына арналған «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Баяндамашының бірі – «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы, жазушы, тарих ғылымының кандидаты Бейбіт Қойшыбайдың сөзімен айтсақ, басқосуда дүниені дүр сілкіндірген жел­тоқсанның дүмпуі жан-жақты сараланды.

zheltoqsan_koterilisi

БОСТАНДЫҚ ФИЛОСОФИЯСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН КЕЗІМІЗ КЕЛДІ

Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қай­раткерлері, ғалымдар, шы­ғар­­машылық адамдары, Жел­­тоқсан көтерілісінің қаһар­мандары мен сегіз мем­лекет­тің өкілдері қатысқан алқалы жиынды Астана қаласы әкімді­гінің қолдауымен Л.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті, Қазақстан тарих­шылары қауымдастығы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырды.
Ұлттық мүддені басты орын­ға қойып, әрекет еткен «Алаш» қозғалысы мен желтоқ­саншылардың арасында ортақ арна бар. Осыған елі­міздің Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков назар аударып, желтоқсаншыларды кешегі Алаш арыстарының жалғасына балады.
Қазақстан тарихшылары қа­уымдастығының төрағасы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді осы ойды тиянақтап, тарқатып берді. «Совет заманында қазақ ұлтының өзін-өзі басқару мүмкіндігі арман күйінде қалды. Ұлттық құндылықтардың бір­жола жойылып кету қаупі туды. Ұлтшылдар елдің әл-ауқатын, мәдениетін, ұлттың тілін, салт-дәстүрін сақтау, қазақ елін озық мемлекеттердің қатарынан көру сынды өзекті мәселелерді алдыңғы қа­тарға шығарды. Жастарды алаңға шығуға да осы жайт
итермеледі» деген тарих­шы тереңнен тартып, Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Бай­тұр­сынұлының тағ­дыры арқылы кеңестік кезеңнің өктем саясатының ұлт зиялыларына тигізген кесірін ашты.
Қазақ даласын билеген пат­шалық билікті де, жетпіс жыл бойы ұлтымызды уысында ұстап келген кеңестік жүйені де осы күндерге дейін лигитимді, яғни заңды билік ретінде санап келдік. Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, осындай ойдан арылуымыз керек. «Қазіргі тәуелсіздік кезеңінде тарихымызды дұрыстауымыз қажет. Бостандық философиясын қалыптастыратын кезіміз
келді» деді ол.

СОЦИАЛИЗМ САЯСАТТЫ ҚҰЛДЫРАТТЫ

ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім Желтоқсан көтерілісін туындатқан жайттарға тоқ­талды. «Өткен ғасырдың жет­пісінші жылдары социализм «ауру» қоғамды туғызғандығын түсіндік. Экономикалық тұр­ғыдан да, саяси жағынан да құлдырау басталды. Хельсинки қаласында өткен жиналыстан соң Шығыс Еуропа мемлекеттері коммунизмге қарсы бас көтере бастады. Сол кезде ұлттық интеллигенция жаңа заман келе жатқанын сезді. Әрине, аға буынның көңіл күйін жастар да аңғарды. Оның шарықтау шегі 1986 жылдың желтоқсанына дөп келді.
Осыдан отыз жыл бұрынғы елімізде болған Желтоқсан көтерілісі 1956 жылғы қазан айындағы Будапешт пен 1968 жылғы Прага көктеміндегі тол­қулармен сабақтасып жатыр. Осындай ойды Венгрияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани айтты. Оны Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев қостағандай болды. Сондай-ақ, Желтоқсан көтерілісінің түбі бір түркі әлеміне әсерін Түркияның Кайсери қаласындағы Эрджиес университетінің профессоры Абдулқадыр Ювалы баяндады.

БІР ТУҒАН БАУЫРЛАРДЫҢ ҚОЛДАУЫ

Еліміздегі Желтоқсан көтері­лісі бір туған қырғыз бауырлары­мызды да тыныш жатқызбаған екен. Ол жөнінде Қырғыз Рес­публикасы Парламентінің бұ­рынғы төрағасы, тарих ғылы­мының докторы Зайнедин Құрманов сөз сөйледі.
«Қазақстанда Желтоқсан көтерілісі орын алғанда мен Мәскеу аспирантурасын бітіріп келіп, Бішкек қаласындағы Медицина университетінде жұмыс істеп жүрдім. Бір күні басшылар бәрімізді жинап алып, Алматыда студенттер арасында толқулар бастал­ғанын жеткізді. Сол кезде өз жастарымызға ие болуға қатаң тапсырылды. Біз жатақ­ханаларды тексеруге кірістік. Бірақ Қазақстандағы жағдайды естіген студенттеріміз ештеңеге қарамай, терезеден секіре бастады. Оларды тоқтатуға тырысқан ұстаздар болды. Өзім оларға: «Барыңдар, өз­деріңнің азаматтық борыш­тарыңды орындаңдар!» деп, қарсы болғаным жоқ. КПСС тарихы кафедрасында қызмет атқарсам да, партия мүшесі емес едім, сондықтан қорқатын ештеңем жоқ болатын. Үлкен топ болып жиналған студенттер Қазақстан-Қырғызстан шекарасына дейін жетті. Алайда шекара бекетінен оларды тәртіп сақшылары кері қайтарды. Сонда да кейіннен бірнеше жастарымыз бекеттен өтіп, Қазақстанға жеткенін естідік. Қырғызстанда да қазақ жастарын айыптайтын жиналыстар өткізілді. Алайда қаралағандардан гөрі жастарды жақтағандар көп болды. Сондықтан университеттің партиялық комитеті қазақ сту­денттерін айыптайтын қарарды қабылдай алмады. Біздің де арымыз таза болып, бір-бірі­міздің көздеріне қараудан жас­қанбадық. Қарсы шыққандар жұмыстан да шығарылмады. Кейін біз партком төрағасын тақтан тайдырып, оның орнына Қырғызстанда түрлі қызметтерді атқарған қазақ азаматы Медет Садырқұловты тағайындадық» деді қырғыз ғалымы.

ТОҚТАРДЫҢ ЕРЛІГІ ЕЛЕНБЕЙ ҚАЛА ЖАЗДАДЫ

Қазақстанда керісінше жас­тарды қолдаған ұлт зиялылары қудалауға түсті. Солардың бірі ұлтжанды азамат Ақселеу Сейдімбек болатын. Конференцияда Желтоқсан көтерілісі кезінде оның басынан өткен жағдай туралы да айтылды.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің тағдырына да Желтоқсан көтерілісі кесірін тигізе жаздапты. 1987 жылдың басында Мәскеуде тұрған Тоқтар Оңғарбайұлы әуеде жасаған ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алу керек болатын. Гор­бачевке қол қоюға оның құжаттары әкелінгенде бас хатшы құжаттарды қарамастан лақтырып: «Қазақ ұлтының өкілі мұндай марапатқа лайық емес» деп ашуланады. Кейіннен ғана Мәскеу қаласының партия комитетінің бірінші хатшысы, саяси бюро мүшесі Гришиннің қолдауымен бұл атақ батырымызға бұйырады. Бұл оқиға Тоқтар Әубәкіровтің конференцияға қатысушыларға жолдаған хатында көрсетілді.
Қазақ әдебиетінде де Жел­тоқсан көтерілісі тақырыбы қамтылды. Мәселен, жазушы Сейітқұл Оспанов «Құлдар көтерілісі» атты шығармасына арқау қылды. Жазушы Бекежан Тілегенов «Сексен алтыншы жыл» аталатын тарихи роман жазды. Кейінгі аталған шығармаға филология ғылымының докторы Серік Негимов тоқталды.
Конференцияға қатысушылар «Жастар» шағын ауданындағы мұсылмандар зиратында жатқан Кенесары ханның сарбаздары мен көрнекті Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының рухтарына тағзым етті. Шара со­ңында ұсыныстар мен тұжы­рымдар сарапталып, арнайы қарар қабылданды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button