Басты ақпаратРуханият

Ізгілік ізі

немесе Шерхан Мұртаза көне Таразда қалай ұлықталды?

2009 жылы Таразда жоғары оқу орнының жанынан шерхантану орталығы ашылып, ақжолтай жаңалық болған. Көпшілік салтанатында Шерағаның өзі құттықтау сөз сөйлеген еді. Бұл іске мұрындық болған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық университеттің Тараз қаласындағы филиалы болатын. Бұл – іс-шараның басталуы ғана.

Әлгі жоғары оқу орнының филиалы жабылып, соның орнын басқан Тараз гуманитарлық-инновациялық университетінің ректоры қызметіне жап-жас жігіт, өзі филология ғылымдарының докторы Ерболат Саурықовтың келуімен бұл жекеменшік мәртебесіндегі университеттің жолы ашылып, абыройлы қадамдары жалғасып, сонымен бірге енді ұйымдас­тырылған шерхантану ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы нақты жандана бастады.

Құдай-ау, өзі әдебиет­ші тілші болса, ғылыми еңбектері негізінен, көне Талас жазбаларының құпия­сы мен тарихи-елдік ерекшеліктерін шұқшия зерттеулер болса және Ш.Мұртазаның барлық туындысын кішкентайынан жата-жастанып оқып жүрген нағыз оқырманы болса, бұл орталықтың қыз­метін қалай құптамасқа, оны қоғамға пайдалы етуде көп қырлы міндеттер белгіленді.

Біріншіден, Жамбыл облысында тұлғатану ісі ғылыми тұрғыда мүлдем қолға алынбаған еді. Екіншіден, Шерағаның мұралары мен мұрағатын көздің қарашағындай сақтап, тиісті архивтік қорға жинақтау ісін шешу керек, одан кейін облыс мектептерінде және университетте Шерхан оқуларын жүйелі түрде өткізіп, республикалық деңгейде болуын қамту, конкурста үздік шыққан оқушыларды университетке тегін оқыту, мектептің әдебиет пәні мұғалімдерінің семинарын ұйымдастырып, шерхантанушы ғалымдар үйірмесін ашу, жазушының шығармаларын қайта басып шығару, «Шерағаның шекпенінен «шыққандардың» ұранды ұстазы туралы жазылған мақалалары мен эсселерін дүркін-дүркін кітап етіп жинақтау, фотосуреттер галереясын жасау және ардақты есімін әрдайым жаңғырту секілді ұлан-ғайыр мақсаттар бірте-бірте жүзеге асырыла бастады.

Жақсыны көрмекке келушілер де көбейді.

Қамқор көңілді шынайы сезінген Шераға әр айтқан уәдесінде тұратын және орындайтын Ерболат інісіне сенді.

Екеуі ақылдасып, ағайындарды ортаға алып рия­сыз әңгімелескен күндері Жуалы мен Мойынқұмда, Меркі мен Таласта, Жаңатас пен Қаратауда, Тараз бен Алматыда өрбіді. Әр шығармасының қай жерде қалай басталып, қалай аяқталғанына дейін, бүкіл жазушылық лабораториясынан баспаға дейін қаншама талас-тартыс, көзқарастар мен қуанышты болғанын асыл ағамыз осы Ерболат інісіне көбірек сыр етіп айтқанын сезуге болады.

Ағаның ешкімнен жасырмайтын жан сыры алты томдық шығармалар жинағында бірсыпыра оқиғалы өмірімен байланысты айтылады, ол жайында көптеген телесұқбаттарында да бар.

Тегінде ақылдың кені, ақиқат сөздің қазынасы шерхантану ісі қазақ қоғамының кешегісі және бүгінгісі, болашағымен де байланысты жалғасын табатыны хақ.

2012 жыл. Жазушының 80 жылдық мерейтойын бүкіл халық болып атап өттік. Дәл осы арада аталып отырған университеттің басшылығы «Қазақтың Шерағасы» деген атпен бес том кітабын жарыққа шығарып, оны оқырмандарға сый ретінде тегін таратты. Сол думанды, жұртшылық ию-қию көп жиналған жиындарда ақырын ғана баппен маң-маң басқан Шерағаның қасынан бір елі шықпай, қолтығынан сүйеп жүрген сұңғақ бойлы, суытылған тұлпардай өзін тік ұстаған жігітті көз көрді. Ол сол жаңа университеттің ректоры, зерек ғалым Ерболат Саурықов болатын. Біреулер оны таныды, біреулер оны әлі тани бермейтін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына барған сапарын Тараздың көркі-халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоқтарын қо­йып, тағзым етуден бастады. Сол маңда жиналған зиялы қауым алдында Шерағаның асыл мұралары мен қайраткерлігінің жас ұрпақтар тәрбиесінде ерекше мағыналы екенін атап көрсетті

Қалың қазақ Шерағаны қадірлеуде ешқашан кемшін болған емес. Ректор бауырымыз сондай Алатаудай алып ел ағасының қадіріне бір кісідей жету үшін ешбір аянған жері жоқ. Айттық қой, Шераға ең қымбат жеке заттары мен көптеген қолжазбаларының тұпнұсқасын өзінің атындағы ғылыми-зерттеу орталығына аманаттап тапсырып кетті.

Өмірінің соңғы жылдарында Алматыдағы Алма қызының қолында болған Шерағаның қартайған шағында денсаулығын күтуіне де адамгершілікпен қарайласқанның бірі, парыз бен адалдық үшін айтайық, осы азамат болатын.

Қайран да қайран, Шераға дүниеден озғанда да…

Уақыт та жүйрік. Өзгеріс те көп. Тараз гуманитарлық-инновациялық университеті атауын өзгертті, енді бұл жоғары оқу орны Халықаралық Тараз инновациялық инс­титуты деп аталады.

2022 жыл. Сарыжапырақ жауған күз айында ұлт перзенті Шерағаның 90 жыл толуына орай Жамбыл облысында бірқатар айтулы іс-шара қолға алынғаны белгілі. Үкімет қаулысымен облыста төрт мектепке жазушы есімі берілді. Бәрекелді! Ару Алматыда, одан кейін елордамыз Астанада көше аталды. Бұл да жөн болды. Рахмет! Тараз қаласындағы «Көне Тараз» кешенінде екі-үш жыл бұрын Ш.Мұртаза атындағы елтану және руханият орталығы ашылған-ды. Баспасөз үйі қазақ баспасөзінің барлық буынының байрағы болған Шерағаның есімімен аталатын болды.

Ерен еңбегіне лайықты және есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен осындай құрмет көрсетілді. Жұрт та риза.

Енді тәуелсіз Қазақстанды орнықтыруға зор үлес қосқан қайраткер қаламгер, қоғамдық ой-сананы ояту мен ашық пікірдің иесі, ұлт абыройын биіктеткен Шерағаның туған өңірінде қандай жаңалықтар болмақ?

Бұл қоғамдық-әлеуметтік мәселеде көпшіліктің ұсыныс-пікірі Таразда еңселі ескерткіш орнатып, туған ауылы Талаптыда жазушының мемориалдық үйін ашу туралы болды.

Көне қаланың қай жеріне сол болашақ ескерткішті қою керек дегенде сан алуан пікір ортаға түсті. Арнайы құрылған қоғамдық комиссияның мүшелері де өз таңдауын айтып, талқылау созыла бастады.

…Алыптардың алтын бесігі Мойынқұмға Мәжіліс депутатының сайлаушылармен кездесулері сапарымен жолымыз түсіп барғанбыз. Ауылдарды аралап жүріп атақты Шәмшінің «Мойынқұмда» әнінде айтылатын Құм­өзек, Талдыөзек…жер-су аттарымен қызықтайтын елді мекендерде де Шерағаның ізі қалғанын эссе жазбаларынан білетінбіз. Кешегі дәуірде мыңғыртып мал өсірген құмды өлкеге жас журналист Шерхан, сарабдал жазушы Шерхан проблемалық бірнеше мақала жазған, шопандар өмірінен повесть жазуға материалдар да жинаған. Сондай сапарының бірінде берекелі ауылдың беделді басшысы Байұзақ Саурықов­пен кездесіп, танысады. Бұл таныстығы кейін өзара сыйластықпен жалғасқан көрінеді. Ерболат – осы кісінің баласы. Бұл естен кетпес жағдайларды Бай­ұзақ ағамыз жолыққанда да, телефонмен аман-саулық сұрасқан кезде айтатын еді. Тіпті 2020 жылы бір мәрте телефонмен сөйлескенінде, ел ішінде бас көтерер ағамыз ауылда Алланың үйі мешіт салуды ойластырып жатырмыз деген-ді. Пандемия кезі еді ғой. Ойда жоқта өзі атың өшкір індеттің қармағына ілініп қалды. Өкінішті… орны толмас қаза болды.

Әкесінің армандаған ісі аяқсыз қалған жоқ, ол ойы мен аманатын жарамды ұлы Ерболат орындады. Біз соны көріп, мешітте жергілікті тұрғындармен бірге әруақтарға дұға жасадық.

Алақандай ауылда алысқа танытқан Байұзақ ағамыздың жолын қуған Ерболат енді ауылдың тұрмысы мен дәулетін арттырып, ғылыми және басшылық қызметімен қатар жаңа дәуірдің ұштас­қан талабы – іскерлік, кәсіпкерлік талантымен де көсегесін көгертіп отыр екен.

Шудың бойында, өзеннің құмдауыт жағалауында ел жағдайын ұзақ әңгімелескенде ол бізге мынадай бір сыр айтты.

– Аға! – деді сабырлы қалпымен, – амандық болса, алдағы күзде Шерағаның мерейтойын атап өтеміз. Бұл салтанаттың жөні бөлек болуы керек. Дәл Шерағадай халықтың сөзін сөйлеп өткен кім бар, айтыңызшы…

Біз ойланып қалдық.

– Сондықтан ел боламыз десек, өмірінде дүниеге қызықпаған, адалдықтан бір мысқал аттамаған, жүрегі елім деп соққан Алаш ардақтысына халықтық құрмет көрсетуге тиіспіз. Менің соған орай жұртты қуантатын бір ойым бар, – деді жігерлі азамат. Және оны шегелеп айтты.

Біз оған тәнті болдық. Апыр-ай! – деп, сол жаңалықты асыға күттік.

Арқа даласына сұғынып жатқан қияндағы ауылдан көкте жұлдыздар жамырай жарқыраған түн сағатында Шу-Ұланбел жолымен Таразға оралдық. Жасыл желекке малынған қала түні тып-тыныш, ән сөзіндей әдемі еді.

Ертесінде Шерағаның зәулім ескерткіші Ерболат басқаратын институттың су жаңа бас ғимараты орын тепкен және оқу корпусы мен жатақханалары алдындағы ашық алаңқайға қоюға шешім қабылданғанын естідік. Өте дұрыс шешім қаланың сәулеті мен сәніне сай келетіндіктен де қолдау тапты. Бұл Жамбыл даңғылының бойында, бұрынғы «Тараз» қонақ үйінің алдындағы саялы бақ, ескірген субұрқағының орны ғана бар демалыс орны болатын.

Содан не болды десеңізші?!

Ескерткіш қоятын орын белгіленді. Енді қалған жағын…

Ректор бауырымыз ескерткіш алаңын қайта жөндеу мен көркейту жұмыстарын түгелдей өз мойнына алып, өз есебінен 80 миллионнан астам теңге қаржы жұмсады. Саялы мәдени орын бірер ай ішінде адам танымастай өзгеріп, айнала айнадай жарқырап, жаңарып шыға келді. Қалаға сән беріп, ажарын аша түсті.

Мерейтой өтетін күн қарсаңында жаңа ғимарат маңдайшасына «Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық ­Тараз инновация институты» деген жаңа атауы жазылды. Керемет! Мұны көріп және жазушының тұтас тұғырлы ескерткішіне, айналаның әсемдігіне сүйсінген нөпір халық таң-тамаша болды.

– Атасына рахмет! – деді.

Дәл осы ескерткішті ашу салтанаты үстінде Ерболат бауырымның туған ауылында айтқан жігерлі сөзі есіме түсті. Шерағаны құрметтей алмасақ, кім болғанымыз деген.

Иә, Шераға шығармашылығы мен қайраткерлік қызметіне арналған республикалық конференцияны ұйымдастыруға белгілі бір деңгейде осы институт ректораты мен шерхантану ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкерлері белсене атсалысқанын айта кеткеніміз ләзім.

Сонымен бірге шерхантану ғылыми-зерттеу орталығы жаңа ғимаратқа көшірілді. Қонақтарға жазушының үш том кітабын сый-тарту ретінде шығарып таратқан, ал жазушының атақты «Бір кем дүние» кітабын Жуалыда мемориалдық үйін ашылу құрметіне байланысты көркемдеп қайта басып берді.

Ұлт мәдениеті мен ел рухын көтерген, жасыратын несі бар, мол қаржыға келіп тірелетін осыншама қомақты тірліктің қалай және кімдер жүзеге асырып жатқанын жергілікті бірқатар зиялы қауым болмаса, жиынға қатысушылардың көпшілігі дәл анығын біле қойған жоқ.

Игі іске бас имесе де, иіліп тұратын адамгершілік қасиет болады. Әр нәрсенің бағасын, айналып келгенде, халық береді. Бағаның бағасы оны кімнің бергеніне байланысты. Жекеменшік жоғары оқу орнының шешімі қоғамдық-әлеуметтік, идеологиялық тәрбиеде, әлбетте, маңызы зор. Тірілердің әруақ­тар алдындағы парызын орындау және меценаттық қызметтің жандануының әдемі көрінісі деп түсінген жандар, әрине, дән риза.

Жамбыл облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де танымал және қоғам белсендісі Ерболат Саурықовтың өте қажетті жеке бастамасы мен ақпейілді демеушілігіне көңілі толған зиялы кісілер бірауыздан: «Сені, бауырым, ұлт намысы мен абыройы атанған Шерағаның әруағы қолдайды!» деген алғысын жаудырды. Ел ішінде Атымтай Жомарттай мейірімді азаматқа бұл жолы да ақ батасын берді.

Асылы, өмірде өрлеу мен самғау кезеңдері мен ірілердің інісі бола алу сәттері көп жағдайда осылай басталады емес пе?

Шерағаның ескерткіші түнгі Таразды да жарық еткендей сәулелі жазбалар көптігімен есте қалды…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына барған сапарын Тараздың көркі-халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден бастады. Сол маңда жиналған зиялы қауым алдында Шерағаның асыл мұралары мен қайраткерлігінің жас ұрпақтар тәрбиесінде ерекше мағыналы екенін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы одан соң студент жастардың өмірімен көзбе-көз танысу үшін жаңа жарақтандырылған жатақхана, Студенттер үйіне бас сұққаны да бір ерекше есте қаларлық жағдай болды. Тап қасында елпілдеп тұрған ректор Ерболат Саурықовтан реті мен жөнін біліп, бұл жоғары оқу орнына қалың қазақтың қадірлісі Шерағаның есімі берілгені өте дұрыс болған деген пікірін де білдірген.

Ақпарат құралдарында «Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық инновация институты» деген атау осы оқиғамен де тарихқа енгенін жарыса жазған сол күн сірә, естен шыға ма?!

Ердің атын ел шығарады. Құт дариды. Бақ қонады.

Бұл – рас сөз.

Біз әңгімелеп отырған Шерағаның талантты шәкірті, көрнекті азамат, саясаткер, профессор Ерболат Саурықов биылғы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің сайлауына «Ауыл» партиясының атынан түсіп (ол «Ауыл» партиясы Жамбыл облыс­тық филиалының төрағасы) депутат болды.

Әруақтар көтеріп, қолдады деген осы емес пе?! – дейді мұндайда біздің қазақ. Жақсылыққа жоритын ырымшыл халықпыз ғой. Сөзге шешен, өз ісіне мығым, басшылық қызметте мол тәжірибесі бар, мәдениеті жоғары, ұстанымы мықты, оқымысты бір тұлға ел сенімі мен жауапкершілігін арқалап Парламентке келді. Несін айтасыз, аузы дуалы, өмірі сан мың жұлдыз­ды Шерағаңдардың жолы жұғысты болғандай-ау. Ежелгі қаланың жұлдызды күндері көп болғай!

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button