Басты ақпаратСұхбат

Кәмила СӘЛІБАЕВА: Адам миы – ең жұмбақ жаратылыс

Кәмиланың жасы небәрі 23-те және дәл қазір ол еліміздегі жалғыз нейробиолог. Жас ғалым бүгінде Назарбаев университетінің медицина мектебінде оқиды. Білім күні қарсаңында өзімен бетпе-бет жолығып, сүйікті саласы туралы жан-жақты әңгіме­лескен едік. Кейіпкеріміз адам миының құпияға толы қалтарыстарын тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді.

kamila1

Нейроғылым нәзік саланы зерттейді
– Кәмила, әуелі өзіңнің ней­роғылымға деген махабба­тың­ның қашан оянғанын айтшы.
– Мен бала күнімнен жаңа, таңсық нәрсеге құштар болып өстім. Сол қасиетімнен шығар, 9-сыныпта мектеп кітапханасына әкелген Шепердтің «Нейробиология» оқулығына қатты қызығып, бас алмай оқыдым. Бұл кітапханашының тапсырысы болатын, ол бірінші томын өзі оқып жатқандықтан, менің қолыма екінші томы тиді. Түк түсінбесем де, маған оқулықтың не туралы екендігі ұнады. Адам миы үшін өзін-өзі зерттеу сондай қызық қой. Нейробиология осыған негізделеді. Бұған қоса, нейроғылым кибернетика, жоғары математика, биохимия және психология тәрізді бір-бірінен алыс салаларды бойына тоғыстырған.
Мектеп бітірген соң, келешекте биотехнолог болам деген мақсатпен «Болашақ» бағдарламасы арқылы Блу­минг­тондағы Индиана универ­ситетіне «Биотехнология» ма­мандығына оқуға түстім. Бір жылдан кейін жазда Қазақ­станға оралып, Алма­тыдағы Өсімдіктер биологиясы мен биотехнология­сы институтынан тәжірибеден өттім. Бә­рін өз көзіммен көріп, маған нейробиологияның әлде­қайда жақын екенін түсіндім. Артынша шетелде мамандар даяр­лау жөніндегі республикалық комиссиядан мамандығымды ауыстыруды сұрадым. «Нейробиология» басым мамандықтар тізімінде болмаса да, менің өтінішім қанағаттандырылды. Ақыры осы мамандық бойынша диплом алып шықтым.
– Осыған дейінгі тәжіри­беңде небір ерекше дүние­лер­дің куәсі болған шығарсың?
– Әлбетте. Нейробиология адамның миы мен жүйке жүйесін зерттейді. Миды ең алғаш рет өз қолыммен ұстағанда, ғажап әсерге бөлендім. Өйткені, бір кісінің ойлары, әрекеттері, тарихы, жады менің қолымда тұрғанын түсіндім. Бір уақыт­тары бұл адам тірі болған және оның осы миы көп нәрсені істеген. Қазір миды спирттеп, қатырып тастаған. Сондықтан оны қолға ұстауға болады. Тірі ми желе сияқты жұмсақ, нәзік, онымен өте сақ болу керек.
Әйел де еркекше ойлай алады
– Біздің санамызда мықтап бекіп қалған ми туралы кейбір стереотиптерді жоя аласың ба?
– Маған жиі қойылатын сұрақ­тардың бірі – «біздің миы­мыз расымен де тек 10 пайызға ғана жұмыс істей ме?». Жоқ. Кез келген адамның миы өз мүм­кіндігінің 100 пайызында жұмыс істейді. Мен бұл 10 деген сиқырлы санның қайдан пайда болғанын білмеймін. Жалпы, миды пайызбен өлшеу – адами әрекеттерді пайызбен есептегенмен тең. Мысалы, мен бүгін 28 пайыздық белсенділікпен жаздым. Оны 30-ға дейін көтеру қажет.  Бұл тым ақымақтық болып естіледі.
– Ал мидың белгілі бір бөлігін кесіп алып тастауға бола ма?
– Бұл процедураны медицина тілінде лоботомия деп атайды. Оның салдары әртүрлі. Бәрі де пациенттің жасына, жағдайына және миының қай бөлігін кес­кенге байланысты. Мәселен, эпилепсия, яғни қояншықпен ауыратын кішкентай қыз баланы сол әдіспен емдегені туралы қызық факті бар. Емдеу кезінде оның миының бір жарты шарын алып тастаған. Осылайша эпилепсиясы жазылған. Ол кезде бүлдіршін 2 жаста болған. Ал 8 жасқа қарай өзінің даму деңгейі жағынан құрбы-құрдастарынан еш айырмашылығы болмаған. Егер нейробиологиядағы осындай ерекше оқиғаларды көбірек білгіңіз келсе, Генри Марш есімді нейрохирургтің «Зияныңды тигізбе. Өмір, өлім және нейрохирургия туралы әңгімелер» мемуарын оқуға болады.
– Ер адам мен әйел адамның миы бір-бірінен ерекшелене ме?
– Бұл да маған көп қойылатын сауалдардың бірі. Менің ойымша, ерекшеленбейді. Иә, мидың кейбір метаболикалық қасиеттерінің әртүрлі екен­дігін растайтын зерттеулер жүргізілген. Бірақ біз әрқашан ғылымды биологиялық, психо­логиялық және әлеуметтік жағынан қарастырамыз. Әлеу­меттік тараптан қарайтын бол­сақ, әртүрлі қоғамда, әртүрлі мәдениетте, әлемнің әртүрлі бұрышында жүргізілген қым-қиғаш гендерлік саясат әйел мен ер адамның миы бір-бірінен бөлекше деген тұ­жырымды дәлелдемейді. Барлығы да адамның қалай тәрбиеленгеніне байланысты. Мысалы, әйелдерде кеңістіктік ойлау нашар дамыған деген ескі түсінік болған еді. Кейінірек оның дұрыс еместігі анықталды. Өйткені, кішкентай күнінде конструктормен ойнаған қыз баланың кеңістіктік ойлауы ер адамдардікінен еш ажыратылмайды екен. Яғни, бұрын белгілі бір жынысқа тиесілі болған қабілеттер, шындығына келгенде, әлеуметтік жағдайларға көбірек тәуелді.
Ми сізді қалай алдайды?
–  Қазіргі техникалық прогресс адамның миына кері әсер етеді деп ойлайсың ба?
– Бұған кәсіби тұрғыдан жауап беру қиын. Өйткені, заманауи технологиялардың даму жылдамдығы мен бұқаралық қолжетімділігі – бұрын ешқандай аналогы болмаған мысал. Алайда тарихта жаңа технологиялардың адамдарды қорқытқан кездері көп кездеседі. Мәселен, ағыл­шын жазушысы Израэл Зангвилл 1891 жылы «Ұйқыдағы ми ұзақ ойлау үшін тым әлсіз» деп жазды. Осы арқылы ол жаңа жанрлар мен әдеби ағымдардың, сондай-ақ журналистиканың дамуын тұспалдады. Бұл сөздер ХХІ ғасырда басталған ақпарат дәуіріне дейін, бізге интернет арқылы тау-тау контенттер қолжетімді болғанға дейін жазылған. Сол уақыт ішінде біздің миымыздың жұмыс істеу принциптері онша қатты өзгермегенімен, қо­ры­тылатын ақпараттардың сапасы мен саны ата-әжелеріміздің заманындағыдан едәуір артты.
– Толассыз келіп түсіп жатқан ақпараттардың кесі­рінен ми «жаңылысып» қалуы мүмкін бе?
– Ми бәрін сақтай алмайды. Сондықтан ол естеліктерді жалған нұсқалармен ауыстыруды үйренген. Мұны өте сәтті жасайтыны сонша, біздің өзіміз байқамаймыз. Сол үшін бүгінде Батыста криминалис­тер қылмыс куәгері берген түсініктемені қандай да бір объективті әдістермен – бейнежазбалармен немесе фотосуреттермен тексеруді әдетке айналдырған. Куәгер оқиғаның тура өзі айтқанындай өрбігеніне еш күмәнданбауы мүмкін. Ал шын мәнінде миы оның есіндегісін өзгертіп жібереді. Осылайша ми өзіне артылатын шектен тыс стрес­тен қашады. Мысалы, сабақта сізді тақтаға шақырып, ал сіз тапсырманы ұмытып қалсаңыз, сіз сасқалақтай бастайсыз. Бұдан сізге әлгі нәрсені еске түсіру одан әрі қиындайды. Осындай үрей тумас үшін миыңыз бос кеңістікті сырттай көрген нәрсесімен толтыра салады. Яғни, «О, Құдайым, мен кеше оның қандай юбка киіп келгенін ұмытып қалдым» деген сықылды болмашы ұсақ-түйекке бола өзінің жұмысын тоқтатпас үшін миымыз бізге «Маған сен, юбканың түсі көк болатын. Біз нақты білмейміз, бірақ ол көк түсті» деп айтады.
Жағымсыз естеліктер мазаласа…
– Ал мидағы кейбір есте­ліктерді біржола өшіріп тастауға бола ма?
– Жақында осындай күшке ие препараттар жасалды. Олар посттравматикалық син­дромы бар адамдарға ар­налған. Пост­травматикалық депрессивтік синдром деге­німіз – флешбэктармен, яғни трагедиялық оқиғаны еске түсірумен сипатталатын өте қорқынышты дерт. Мұнымен көбінесе соғыс немесе зорлық-зомбылық көрген кісілер көп ұшырасады. Ал әлгінде мен айтқан препараттарды пайдалану тәсілі мынадай. Адам таблетканы ішеді немесе оған сол дәріні инъекция түрінде егеді, содан соң онымен психотерапевт сөйлесіп, жаңағы үрейлі естеліктерін түгелдей айтқызып шығады. Терапиядан кейін сол нәрсе мидан толық өшіріледі. Болашақта мұндай препараттардың көмегімен қандай да бір жан жарасынан құтылуға мүмкіндік пайда болатын шығар. Бірақ мен жай ғана ойыңнан шығарғың келгені үшін естеліктерден арылуға кеңес бермейтін едім.
– Мидың ақпараттарды сақтайтын белгілі бір көлемі бар ма?
– Мәселен, қанша кітапты, фильмді немесе музыканы сақ­тай алады дейсіз бе? Ми бұлай жұмыс істемейді. Біздің өмірге келген сәтімізден бастап кездес­кен барлық нәрселер есімізде сақталады. Елестетіп көріңізші, миға қаншама ақпаратты сақтау қажет?! Сонымен қатар, ол бас­ты қалай ұстау керек, қалай жүру керек, қалай отыру керек, қалай сөйлеу керек – бәрін-бәрін есте сақтайды. Оның үстіне, осы функциялардың әрқайсысының өз моторикалық белсенділігі бар. «М» немесе «К» дыбысын айту үшін сіз белгілі бір қабілеттерді меңгересіз ғой, ми осының бәрін өзінде сақтайды. Ми «Sony» флешкасы сияқты өзінде 3 мың киноны сақтай алады деп айта алмаймыз. Өйткені, оның сіз ойлағаннан әлдеқайда жан-жақты ақпаратты сақтауға шамасы жетеді.
– Қызықты әңгімеңе рақмет! Таудай табыстар тілейміз.
Сұхбаттасқан:
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ
Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button