Басты ақпарат

Кәрімбек Құрманәлиев: Тіл тұғырға қонбаса – ел өгей

20 сәуір Қазақстанның білімі мен ғылымының көрнекті өкілі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев асқаралы алпыстың белесіне шықты. «Сәлемнің де сәті бар» дегендей, осы бір айтулы күнге орай біз еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, білім-ғылым саласындағы өзекті мәселелерді, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту сынды түйіндер төңірегінде ой қозғап жүрген тілші-ғалымды сыр-сұхбатқа шақырған едік.

[smartslider3 slider=2736]

Жаңа Қазақстан ба, жаңарған Қазақстан ба?

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, әңгімемізді бастамас бұрын Сізді таяуда «Парасат» орденімен марапатталуыңызбен, сондай-ақ елордамыздың Қоғамдық кеңесінің мүшесі болып сайлануыңызбен құттықтаймыз. Сізше бұл кеңестің рөлі қандай?

– Қоғамдық кеңес – біздің елдегі демократияның бір көрінісі. Мемлекет басшысы алға қойған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты жүзеге асыратын ең ұтымды жол – Қоғамдық кеңес. Қазақстанда мәселесі жоқ, мүлтіксіз сала жоқ. Білім сапасы, тіл мәселесі… сынды мәселелердің бәрі көшедегі айқаймен шешілмейді. Ол қоғамдық кеңес сынды ашық алаңдарда айтылып, парламентте талқылануы керек.

Бұрын халықтың үні Ақорданың мінбесіне көп жете бермейтін. Айтылмады емес, айт­қызбады, ал қазіргі билік «айт, шындықты айт» деп ерік беріп отырғанда біз өзекті мәселелерді ортаға салып, оны шешудің тәсілдерін ұсына алмасақ, біздің азаматтығымызға сын. Демек біз тайсақтамай, билік өкілдерінің алдында мәймөңкелемей, халық жағында тұрып, көптің үнін билік өкілдеріне жеткізу. «Жаңа Қазақстанды» Тоқаев жалғыз құрмайды, оған бәріміз атсалысуымыз керек. Халық қолдамаса, ханның да жоспары құр айқайдан аспай қалатыны белгілі. Өз басым осы атауды тым дұрыс деп есептемеймін, әсілі «Жаңа Қазақстан» емес, «Жаңарған Қазақстан» болуы керек еді. Егер «Жаңа Қазақстан» десек, 30 жыл айқайлаған еңбегіміз қайда қалды?! Ескілік боп есепке алынбай ма?! Демек «Жаңарған Қазақстанға» жаңарған идеялар, жаңаша көзқарастар керек.

Шын мәнінде, Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтіндердің үлесі 50 пайызға да жетпейді. БҰҰ жанында әлем тілдерінің атласын жасаған бір қоғам бар, соның мәліметінше қазақ тілі (осы беті кете берсе) көп ұзамай жойы­латын тілдердің қатарында тұр. Яғни балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейін өзге тілде сөйлеп, бірақ «біздің елдегі халықтың 95 пайызы қазақша сөйлейді» деп өтірік мәлімет беріп, өзімізді өзіміз алдайтын болсақ, қазақ тілі құрдымға кетеді. Тіл тәуелсіз болмай, ел тәуелсіз болмайды. Билік қазақша сөйлемей, мемлекеттік тіл дамымайды

– Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде Нұр-Сұлтан қаласында қандай өзекті мәселелер бар деп ойлайсыз?

– Қоғамдық кеңестің міндеті ай сайын жиналып, бұрынғы сияқты билікті мақтау, өтірік мәлімет беру емес. Қазір қоғамда қордаланған мәселелер аз емес, еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда да ұзақ уақыттан бері шешілмей келе жатқан күрмеуі көп мәселелер баршылық. Соның бірі – қалада аралас мектептердің көптігі. Екіншіден, қазақша балабақшалар жетіспейді. Қазір Нұр-Сұлтанда қазақ ұлтының саны көбейгенімен, салыстырмалы түрде айтқанда, орыс мектептер мен аралас мектептердің саны артып барады. Оның санын көбейтіп жатқан басқа ұлт өкілдері емес, өзіміздің қазақтар. Өзге ұлттардың құқығына құрмет етеміз деп, өз ұлтымыздың мүддесін құрбандыққа шала беруді тоқтату керек. Қазақ мектептерінің оқу сапасы нашар деген сияқты өтірік себеп іздеген орынсыз сылтауларға да нүкте қоятын кез келді. Нұр-Сұлтанда мектеппен қатар балабақша да жетіспейді. Балабақшадан бастап қазақша оқытуды қолға алмай, ұлттық тіліміз ұшпаққа шықпайды. Кеңес өкіметі кезінде 5 класқа дейін шет тілін оқытпайтын, Жапонияда бала 12 жасқа толмай, шетел тілі үйретілмейді. Тек біз ғана, өз тілімізді қор, өзге тілді зор санап жүрген. Демек бала ана тілінің уызына жарымай тұрып, оны орыс тілді мектепке беру ұлтқа, баланың болашағына қиянаттан басқа ештеңе емес.

Нұр-Сұлтан қаласындағы көше бойларына ілінген шетел атауларынан да ат үркеді. Тілі сақау жарнамалар жетеді. Мұны өзгерту керек, қазақтың бас қаласынан қазақы иіс шығып тұрсын десек, көрнекі орындардағы маңдайшалықтарды дұрыстау керек.

Аралас мектеп – ұлттық қан сұйылғанының белгісі

– Біздің елдегі ең өзекті мәселенің бірі – тіл мәселесі. Бұл айта-айта әбден жауыр болса да, оған соқпай өту мүмкін емес. Сіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қалай?

– Өткенде тіл мәселесіне қатысты жиналыста үлкен бір мекеменің басшысы есеп беріп, қазақстандықтардың 95 пайы­зы қазақ тілінде сайрап тұр деп соқты. Осыған кім сенеді? Елімізде 95 пайыз халық қазақша сөйлесе, бізде тіл мәселесі өзекті болар ма еді? Қазақ тілі өгей баланың күйін кешер ме еді? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, қазақ тілі босағадан оза алмай жүрген жоқ па? Шын мәнінде, Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтіндердің үлесі 50 пайызға да жетпейді. БҰҰ жанында әлем тілдерінің атласын жасаған бір қоғам бар, соның мәліметінше қазақ тілі (осы беті кете берсе) көп ұзамай жойылатын тілдердің қатарында тұр. Яғни балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейін өзге тілде сөйлеп, бірақ «біздің елдегі халықтың 95 пайызы қазақша сөйлейді» деп өтірік мәлімет беріп, өзімізді өзіміз алдайтын болсақ, қазақ тілі құрдымға кетеді. Тіл тәуелсіз болмай, ел тәуелсіз болмайды. Билік қазақша сөйлемей, мемлекеттік тіл дамымайды. Қазір бізде айтқыштар көп, қазақ тілі дегенде қабырғасы қайысып, қан жылайды. Бірақ өзінің балалары, немерелері бір ауыз қазақ тілін білмейді, тіпті қазақ тіліне пысқырып та қарамайды. Өз отбасына сөзі өтпеген адамның қоғамға қалай сөзі өтеді? Сондықтан мен ондайларға тіл туралы мәселені өзіңнен баста дер едім.

– Ендеше мемлекеттік тілдің мәртебесі қайтсе өседі?

– Түйіндеп қана айтайын. Біріншіден, ел көлемінде барлық құжат қазақ тілінде болуын талап ету керек. Алдымен, орысшасын дайындап, соңынан қазақшаға аударатын құлдық тірлікті тоқтату керек. Екіншіден, басқа ұлт өкілдеріне де мемлекеттік тілді үйретуге ден қоюымыз керек. Қазақ тілінің мәселесін қазақ тілді аудиторияда ғана көтере бермей, орыс тілді ағайындарға ой салу жағын да қарастыру керек. Яғни қазақ тілінің мәселесі орыс тілінде де көп жазылып, көп айтылуы керек. Үшіншіден, аралас мектеп деген сөзді қою керек, орыс тілді мектептердің де санын азайтып, мемлекеттік тілде оқытуға басымдық беру керек. Төртіншіден, «Болашақ» бағдарламасына да реформа жасап, аталған бағдарламамен оқуға баратындардан мемлекеттік тілді білуді талап ету керек. Бес-алты тілді білгенмен, өзі суын ішіп, ауасымен тыныстаған елдің мемлекеттік тілін білмесе, ондай адам Отанға қызмет етіп жырғатпайтынын ұғынатын кез келді. Басқа тілдің бәрін сөйлей алғанда қазақша сөйлесе, тісі түсіп қала ма?! Себеп біреу: мемлекет мемлекеттік тілді білуді мемлекеттік деңгейде талап етпей, ешкім қазақ тіліне пысқырып та қарамайды. Өзге ұлт өкілдерінің қабағына қарап, қазақ тілін тұқырта беруді тоқтату керек. Бесіншіден, билікке келетін министр болсын, депутат болсын, мейлі, кім болса да, мемлекеттік қызметке келеді екен қазақ тілін білу шарт етілуі керек. Қазақ тілін білмейтіндерді депутат сайлап, оларға қазақ тілін үйрету үшін қазынадан арнаулы ақша бөлетін күлкілі жағдайды тоқтату керек. Алтыншы, жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі оқулықтар жетіспейді. Оған көңіл бөліп жүрген ешкім жоқ. Кеңес кезіндегідей оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесін бірізділендіру керек. Жоғары оқу орындарының оқулықтарын жазуға қаржы бөлінбейді, бұл жағдайды өзгерткен дұрыс.

Бала тәрбиесі – мемлекеттік мәселе

– Сіз жаңа жоғары оқу орындарының оқулық мәселесі туралы айттыңыз. Біздіңше, бастауыш мектептердің оқулықтары да оңып тұрмаған сияқты. Таксистер де тендер ұтып алып, оқулық жазған деген сөзді де естіп жүрміз.

– Бұл жағдай қазір оңалды. Бәрін жоққа шығарып жылай беруге болмайды. Білім және ғылым министрлігінің жанынан сараптама орталығы ашылды. Оқулық жазуға міндетті түрде мектептердің білікті мұғалімдері қатысатын болды. Бұрын оқулық жазылғанда теория­ға көп мән бердік те оның қолданыстық негізі назардан қағыс қалып қойған еді. Оқулық жазылып біткен соң, оны ашық жариялап, қоғамның, көптің талқысына салатын болды. Кеткен қателіктерді оқушылардың алдына бармай тұрып түзетуге мүмкіндік бар. Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі құрылып, оқулықтар тексеруден өткізіледі. Олардың рұқсатынсыз «ұсынылған» деген сөз де жазылмайтын болды. Министрдің бұйрығымен міндетті оқылатын бір оқулық белгіленіп, оған қосымша оқытылатын бір оқулық берілетін болды. Яғни қазір әркімнің шығарған кітабы бұрынғыдай оқу бағдарламасына енгізіле бермейді. Өз басым қазіргі министр Асхат Аймағамбетовқа дән ризамын, оқулықтарды өзі де оқып, бір-бірлеп қарап шығады.

– Елімізде ұрпақ тәрбиесінің деңгейі қандай? Оқулықтарда отаншылдық рухты бала бойына сіңіретін мазмұндар қаншалық?

– Бұл жағында кемшілік көп бізде. Балаларын аралас мектептерге, орыс мектептерге сүйрелеп жүргеніміздің өзі – бала түгілі, ата-ананың бойында отаншылдық, ұлттық рухтың әлсіреп бара жатқанының көрінісі. Дегенмен, Мемлекет жағынан балаларды отаншылдық рухқа тәрбиелеу туралы тапсырма берілді. Себебі қаңтар қасіреті біздің елде отаншылдық тәрбиенің әлсіздігін көрсетті. Бұрын мұндай тәрбие болған жоқ па? Болды, бірақ жасанды, құрғақ ұран негізінде ғана көрініс тапты. Керек десеңіз, отаншылдық тәрбиені науқаншылдыққа, дүрмекке айналдырып жібердік.

Қазір Қазақстан тарихы қайта жазылып жатыр, Кеңес өкіметі кезінде бұрмаланған тарихымызды дұрыстап, ұрпақ санасына отаншылдық тәрбиені сіңіру біздің басты мақсатымыз болуы тиіс.

Жоғары оқу орындарын көбінесе басының дымы кеппеген жастар басқарып отыр. Бұған мен қарсы емеспін, алайда бір күн деканның орынбасары болмаған, қызмет тәжірибесі жоқ жастарды «ақыл жастан» деп аяғын аспаннан салбыратып әкеле салуға болмайды. Бір күн 15 адамды басқарып көрмеген, 2000 теңгенің есебіне қол қойып көрмеген адам қалай миллиардтаған ақшаны басқарады?! Ойлау керек қой.

Ғылым дамымай, еліміз өркендемейді

– Қазір ғылым саласына көңіл бөлуіміз қалай? Әсіресе гуманитарлық салалар қолдау­дың жоқтығынан аяғынан ақсап тұр деп естиміз. Бұл қаншалықты рас?

– Мен осы арада кеткен кемшіліктерді емес, ғылым-білімді қолдауға арналған жаңа жобалар жайлы айтайын. Себебі бұл – бұрынғы кемшіліктердің түзеле бастағанының көрінісі.

Президенттің Жолдауына сай, гуманитарлық мамандықтар бұрынғыдай 3 жыл бойы грантқа телміріп күтіп отырмайтын болды. Яғни шілде айынан бастап тарих, қазақ тілі, әдебиет, археология мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс болатын болды, оларда кесімді айлық болады, грантты ұтып алса, қосымша табыс болады. Бұған ғалымдар дән риза. Бұрын гуманитарлық мамандықтар бойынша докторлық қорғау өте қиындап кеткен еді. Зерттеу еңбегіңді қорғау үшін әлемдік журналдарға мақала шығару шарт етілді. Шетелдіктер үшін сенің қазақ тілінің мәселесі қызықты емес, сол себепті біздің ғалымдардың мақаласы шетелдің ғылыми журналдарында жариялануы өте қиын болатын. Осы жағдайға да өзгеріс енгізілді, яғни гуманитарлық ғылымдардың ғалымдары шетелдің белді басылымдарында мақала жариялау міндетті емес, министрліктің қадағалауымен шығатын журналдарға шықса жеткілікті болды. Сосын қорғай алмай, уақыты өтіп кеткен ғалымдарға 1000 постдокторантура гранты берілді. Ғылыми еңбек жазу уақыты да ұзартылды, бұрын 3 жылда қорғау шарт болса, қазір оған 5 жыл беріледі. Сонымен қатар жас ғалымдарға 12 айлық грант беру жағы да қарастырылған.

– Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академия­сына мемлекеттік мәртебе берілді. Бұдан не өзгереді деп ойлайсыз?

– Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесі мемлекеттік деңгейге көтерілді. Бұрын бұл құрылым республикалық қоғамдық бірлестік болатын. Яғни ит өсірушілер бірлестігі, шөп өсірушілер бірлестігі сынды қатардағы көп бірлестіктің бірі едік. Бюджеттен бір тиын қаржы бөлінбейтін. Грантқа жаутаңдап отыратын едік. Енді Президенттің тапсырмасымен, ғылым күніне орай бұл мекемеге мемлекеттік мәртебе берілді. Сөйтіп, біздің академия 20 жылдан кейін қайта мемлекеттік мәртебе алып, қуанып жатырмыз. Осы орайда 20 жыл бойы үкіметтен бір тиын алмай, академияны ұстап тұрған Мұрат Жұрынұлына рақмет айтқым келеді. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейді, енді бүкіл министрліктерге телім-телім болып бөлініп кеткен саны бар, сапасы жоқ зерттеу институттарын осы академияның қарамағына қайтару керек. Сосын академияның президентін Ұлттық Ғылым академиясының ішіндегі мамандардан таңдап, Мемлекет басшысы өзі тағайындау керек. Ғылыммен айналысатын бұл мекемеге басының дымы кеппеген біреуді әкеле салуға болмайды. Сондай-ақ бұл мекеме министрлікке бағынбауы керек. Тіке Үкіметке қарауы керек. Оның айырым бюджеті де болғаны дұрыс.

– 60 жасқа толдыңыз. Өз өміріңізге ризасыз ба?

– Жалпы мен бақытты адаммын, балаларым тәртіпті-тәрбиелі өсті. Бір бақытым – осы. Дегенмен әке-шешем өмірден ерте кетіп, менің жетістіктерімді көре алған жоқ. Бір өкінішім – осы. Қызмет жағында да өз деңгейімде қызмет жасадым. Шора Сарыбаев, Әбдуәли Қайдаров, Рабиға Сыздықова, Фариза Оңғарсынова, Шәмшә Беркімбаева сынды елге белгілі тұлғалардың тәрбиесін көріп, тәлімін алдым. Соның арқасында ауылдан астанаға дейін еңбек ету бақыты бұйырды. Бірақ, орындалмай қалған жұмыстарым да жоқ емес. Соның бірі «Болашақ» бағдарламасымен оқитын жастарға мемлекеттік тілде тест тапсыртуды міндеттеу мәселесін орындата алмадым. Орындай алмай кеткен арманымның біреуі – осы. Бұл мәселені ат үстіндегі азаматтар әлі де қолға алуы керек деп санаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!  

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button