Басты ақпарат

Жарымжан жанды жұбатқан

Елордада мүгедек балаларды қолдау үшін ашылған ең алғашқы қоғамдық қордың бірі – «Балам-ай». Кейін олардың қатары көбейді. Бүгінде олар сияқ­ты оншақты қор бар. Ал бұл қор 2011 жылдан бері қалалық Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының қолдауымен мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Он жыл ішінде өсіп, дами түскен қордың қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында төрт филиалы жұмыс істейді.

[smartslider3 slider=2738]

Солардың бірі – елордадағы Ә.Бектұров көшесіндегі филиалда бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды оңалту жұмыстары жүргізіліп, олардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсетіледі. Қордың әдіскері Мәншүк Малғаждарованың айтуынша, мұнда тегін көмек алатын сондай 178 бала бар. Олардың жартысы – аутизмге шалдыққан балалар. Сондай-ақ сал ауруы, Даун синдромы, церебралды параличі бар, жалпы психикалық-неврологиялық тұрғыда науқас, мүгедек балаларға «Балам-ай» қорының логопед, дефектолог, психолог, невропатолог, эрготерапевт, музыка-терапевт, изотерапевт, глинатерапевт, массаж жасаушы, войтотерапевт, бобат-терапевт, хореограф, ABA-терапевт, ЛФК нұсқаушы, арт терапевт секілді мамандар қызмет көрсетеді.

– Қорды құрудағы мақсат – мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың балаларын осында әкеп, олардың алаңсыз өз жұмысымен айналысуына мүмкіндік беру. Заманауи құрылғылармен жабдықталған қор филиалдарында бүкіл ем тегін жүргізіледі. Баласын сырқатынан айықтыру үшін кез келген ата-ананың аянып қалмасы анық. Әр баламен жеке жұмыс жүргіземіз, жағдайы жақсарса топтарға қосамыз. Әлеуметтік педагогтардың, дефектологтардың негізгі міндеті – осындай балаларды өмірге бейімдеу және өз бетінше өмір сүруге үйрету. Олар үшін ерекше баланың өз бетінше қасық, кесе ұстай алуы – ең үлкен жеңіс. Олардың дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көру – зор бақыт. Сонымен қатар А.Тоқпанов көшесіндегі филиалда 18 жастан жоғары мүгедек жандарға қолдау көрсетеміз, – дейді әдіскер.

«Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қоғамдық қоры былтыр «Үздік әлеуметтік үкіметтік емес ұйым» номинациясы бойынша елордада жеңімпаз атанды. Бұл – қорда жұмыс істейтін 70-тен астам түрлі сала мамандарының балаларға қараудағы қажырлы еңбегінің арқасы

«Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қоғамдық қоры былтыр «Үздік әлеуметтік үкіметтік емес ұйым» номинациясы бойынша елордада жеңімпаз атанды. Бұл – қорда жұмыс істейтін 70-тен астам түрлі сала мамандарының балаларға қараудағы қажырлы еңбегінің арқасы. Қорға түске дейін келіп, қосымша жұмыс істейтін эрдатерапевт Гүлнар Сейдағаламованың айтуынша, балаларды қандай кемшілігі болса да жақсы көре алмайтын адамдар мұндай жерлерде жұмыс істей алмайды. Біз көргенде кішкентайынан сал болып туған 6 жасар балаға массаж жасап отырған ол әр балаға 20 минут уақыт бөлетінін және бір күнде осындай 8 баланы қабылдайтынын айтты.

– Мына баланың қолдары иықтан бастап ішке қайырыла қисық өскен. Соны түзеп, массаж жасаймын. Күн сайынғы массаж нәтижесін беріп, баланың қолы қалпына келеді. Эрдатерапевт болғандықтан ДЦП бойынша тек бала денесінің үстіңгі бөлігі бойынша жұмыс істеймін. Ал аяқтарына ЛФК маманы жауапты. Бұл жерден бөлек республикалық балаларды диагностикалау ұлттық орталығында қызмет етемін. Онда еліміздің өңірлерінен келген мүгедек балаларды қараймыз, – дейді ол.

Аутизмге шалдыққан Медина есімді 6 жасар қызын 2 жылдан бері жетелеп әкеліп жүрген Толқын осындағы мамандардың арқасында қызының денсаулығына қатысты сенім пайда болғанын айтады. «Қызымның бойындағы ауруын бір жарым жасқа келгенде байқадық, ол атын атаса мүлдем қарамайтын, ешқандай сыртқы ым-ишараға реакция бермейтін. Сосын невропатологқа қаратып, аутизмнің бірінші белгілері бар екенін білдік. Қазір сөйлейді, бірақ санасы әлі 4 жасар баланыкіндей, көп адамды көрсе жылап, жатырқайтын, қазір басылып келеді. Мектепке бармайды, жөнді сөйлемеген соң, әрине, мектепке алмасы анық. Мұнда логопед, дефектолог, ЛФК қызметін пайдаланамыз. Екі айлығында денесі сарғыштанып, «желтуха» болған. Сол мидың дамуын тежеуге әкелген екен. Үлкен ұлым 9 жаста, ол сап-сау. Мына қызым екіншісі, жұмысқа бармай, тек осы баламмен жүремін» дейді Толқын.

Қордағы қызметкерлердің жартысы қалалық Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтылып, жалақысын сол жақтан алады. Жартысы мемлекеттік тапсырыс арқылы қордың өзінен қаржыландырылады. Сондай-ақ күніне қаладағы медициналық колледждерден келіп тәжірибеден өтетін және ерікті түрде көмек көрсететін студенттер де болады. Қор жұмыс күндері сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін, сенбіде 10.00-16.00 аралығында ашық болады.

– Балаларға 3 мезгіл тамақ беріледі. Емдеу, оңалту шараларынан бөлек, ресми мерекелерді, балалардың туған күндерін атап өтеміз, түрлі семинар-тренинг ұйымдастырамыз. Әр сала маманы өзі кесте жасап, балаларын курспен емдейді. Бұрын қалада Даун синдромы мен сал ауруына шалдыққандар ғана бар еді. Қазір аутизмге шалдыққандар тым көбейіп кетті, – деп қынжылады М.Малғаждарова.

Қорға қатысты бір мәселе – мұндағы қызметкерлер мәртебесі жағынан мемлекеттік мекеме қызметкеріне теңестірілмегендіктен, олар үй кезегіне де тұра алмайды, тіпті еңбек демалысына да шыға алмайды, шықса да ақысыз демалады. Осы жағынан алдағы уақытта олардың мәртебесін өзгерту қарастырылса екен деген ұсыныстары бар.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button