ЖаңалықтарТағзым

«КАРЛАГ» АРХИПЕЛАГЫ»

Астанадағы Ұлттық музейде Қазақстан халқы Ассам­блеясының ұйымдастыруымен Саяси қуғын-сүргін және ашар­шылық құрбандарын еске алу күніне арналған «КАРЛАГ» архипелагы» атты заманауи өнер туындыларының көрмесі ашылды.

Ұлтымыздың ұзына бойы тарихында қара таңба түскен қаралы жылдар аз емес. Әсіресе, қызыл үкіметтің салған қырғынынан халқымыз аяусыз зардап шекті. Екі рет жұртымызды ашаршылық жалмап, қаншама адамдардың сүйегі көмусіз қалды. Сол кер заман уақытта кеңестік саясатқа қарсы қаншама көтерілістер болды. Отызыншы жылдары сүттің бетіне шығар қаймақ­тарымызды жиып алып, итжеккенге айдады. Игі жақсыларды түрмеге тоғытты. Ату жазасына кесті. Олардың отбасылары да осындай азапты бастан кешті. Қазақтың ақжарма даласы түр­меге айналды. Сондай бір елі­міздің басынан алағай-бұла­ғай күндер өткен. Осындай тағдыры ауыр, маңдайы тайқылау халқымыздың жадынан қаралы жылдардың ызғары шамалы уақытта ұмытыла қоймас. «Карлаг» деген атымен жалпақ жұртқа мәлім, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы желтоқсан айында құрылған.
Атауы да өзгеше көрме – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі ғалым Нұрлан Дулатбеков пен Қазақстанның заманауи суретшілері Айнұр Сәденова, Алмагүл Меңлібаева және Сырлыбек Бекботаевтың көркем гуманитарлық жобасы саналады. Оның мақсаты – сол бір қаһарлы жылдарда арнайы еңбек түзеу лагерьлерінде тұтқында болған миллионнан астам жа­зықсыз жандардың тауқыметті тағдырын өнер туындысы арқылы жұртшылыққа жеткізу.
Расында, көрмеде қойылған әр бейнеден тереңге сыр бүккен тұңғиық ойды ұғуға болады.Әсіресе, Сырлыбек Бекботаевтың «Сылдырмақ» инсталляциясы өз кейіпкерін күтіп тұрған қас­терлі үлкен бесік бір мезгілде жер бетіндегі адамзат баласын сыйдыруға дайын символикалық мәнге ие. Айнұр Сәденованың «Анашымның зираты» инсталляциясы Қарағанды жеріндегі Долинка кентіне таяу жердегі балалар зиратына арналған. Әсі­ресе, осы суретшінің «АЛЖИР» деп аталатын 40 көйлектен тұра­тын инсталляциясында ауыр бейнетті бастан кешкен аналары­мыздың жан азабы бейнеленген. Нұрлан Дулатбековтің «Карлаг» туралы жазған кітабы да тарихи деректер мен тың мәліметтерге толы зерделі жинақ. Тұтқында болған адамдардың есті естелік­тері баяндалған.
Шара барысында осындай азапты күндерді бастан кешкен азаматтардың ұрпақтары сөз алып, әкелері мен аналары туралы өткен күннен сыр толғады. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың жиен немересі Светлана Тыныбекова. Ауыр азапты бастан кешкен әжесі жайында қамығып еске алды.
– Менің атам Сұлтанбек Қожанов халқымыздың көрнекті қайраткері еді. 1937 жылы жалған жаламен ұсталып, ату жазасына кесіледі. Әжем болса «халық жауының» әйелі деген атпен жазықсыз түрмеге қамалады. Мен әжемнің бауырында өстім. Маған ана тілімді үйретті. Соның арқасында қазақ тілінен диссертация қорғадым. Ол кісіні ешқашан ұмытпаймын, – дейді тектінің тұяғы.
Айтпақшы, аталған көрме 15-ші шілдеге дейін жалғасады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button