Басты ақпарат

Каспий неге қолжетімсіз?!

Биылғы жазды халқымыз әлемге саяхатсыз өткізді. Тосыннан келген тәжвирустың әлегінен қыдыру жайына қалып, бас амандығын күйттеп кеткен жайымыз бар. Індет іргеңді сөгіп жатқанда, қайдағы сауық-сайран дерсің?! Дегенмен жаз маусымын тиімді өткізіп, бір бой жазып келуді дәстүрге айналдырғандар тар қапаста қалғандай күй кешкен секілді. Әрі 4-5 айлық карантиннен қажығандығы тағы бар. Ғаламдық туризмнің төрінде шалқыған «тартымды» елдердің есігі тарс жабық болғандықтан, сырттан серуен іздейтіндер де енді ел ішіндегі ең бір қолайлы демалыс орындарын шама-шарқына қарай шарлап қайтуда. Солардың бірі – тек Ақтаудың ақмаржаны ғана емес, Қазақстанның жалғыз жақұт теңізі – ­Каспийдегі демалыстың құны мен ондағы қызмет қарымын өлшеп көрдік.

Су салқын ба, қабақ салқын ба?

Ежелгі ескерткіштері ерекше, тұзды суы шипа, балдыр иісі йодқа бай, құрылымы бойынша әлемдегі ең ірі көл, ішкі теңіз саналатын қарт Каспийге шомылып қайтуға неге құштар емеспіз?! Барымызды бағалап, бір теңізіміз арқылы да ішкі туризмді өркендетіп, тіпті шетелдіктерді де құпия-сырға толы Тамшалы мен Шерқаламызға тамсандырып қоятын уақыт жетті емес пе? Бірақ бөтен түгіл, өзіміз оған жаппай бармаймыз, жаз бойы жағасын жайлап жатпаймыз. Одан гөрі жұлдыздар жарыса жазатын, көршіміз жарнамалайтын Антальяны, Дубайды және тағы басқа елдерді жұрттан қалмау үшін болса да бір барып көруге қаражат бөлеміз. Тіпті жергілікті тұрғындардың өздері қасында тиіп тұрған теңіздің қызығын көруге құлықты емес. Оған қарсы айтылар себеп те, сылтау да көп. Солардың сауалнама жауаптарында ең көп айтылғандары мыналар болды: сонау түбектегі ­Каспийге пойызбен жету алыс, ұшақпен жету қымбат, теңіз суы көбіне салқын болып тұрады, демалыс базаларындағы сервис сапасы төмен, инфрақұрылым дамымаған, үгіт-насихат жұмыстары жетіспейді.
Карантинде теміржол қозғалысы жоқ болғандықтан, дәл қазір теңізге тек ұшақпен жетесіз. Ал ашық кезде Нұр-Сұлтаннан Маңғыстауға пойызбен 10-15 мың теңгенің билетін аласыз. Бір ай бұрын арзан ұшақ бағыты іске қосылып, оның құны осы аралықтағы пойыз билетінің бағасымен бірдей болғаны көңілге медеу болды. Ал басқа уақытта бас қаладан Ақтауға ұшақтың орташа билет құны 30 мың теңгеден жоғары. Есесіне пойызбен жүрген 3 күннің орнына 2,5 сағатта Каспийге жетіп барасыз. Әрі қарай кімде туыс, кімде таныс дегендей үй жағалап, болмаса арзан пәтер, қонақүй немесе бірден демалыс орнынан хостел жалдап кетесіз. Теңіз жағалауына жақын пәтерлердің ең арзан дегені тәулігіне 10 мың теңге алады. Жайлылығы мен еурожөндеуіне қарай оның құны өсе береді. Қалтаңыз­ға қарай таңдау өзіңізде. Қалада қазіргі таңда 40-қа жуық қонақүй бар. Оларда тұрақтау құны да жұлдызы мен жағдайына қарай тәулігіне 12 мың теңгеден жоғары кете береді. Каспий теңізінің Маңғыстау облысы жағалауында 4 балаларды сауықтыру лагері, 19 демалыс базасы, 7 жеке демалыс жағажайы орналасқан. Облыста 44 туристік фирма тіркелген, оның ішінде 17 тур­оператор, қалғаны, негізінен, авиа, теміржол билеттерін сатумен айналысатын турагенттіктер.
Қалада ең арзан құмды жағалауы бар «Достар» демалыс орнына телефон соғып, хостел жалдау құнын білдік. Мұнда 4 адамдығы – 20 мың, 8 адамдық секциялар – 30 мың теңгеден. Асханасы төменгі қабатында бәріне ортақ. Тамақты өзіңіз әкеп пісіріп жейсіз.
– Мен Каспийге барар едім. Иә, біріншіден, жол алыс шығар. Бірақ барам деген адамға ол кедергі емес деп ойлаймын. Көп адамға қаржылық жағынан қиындау тиюі мүмкін. Себебі Ақтауға барып-келу билеті қымбат тұрады. Жалпы, арзан қала емес қой. Егер денсаулық жағынан, денсаулық күтімі жағынан десе Алакөлді таңдар едім. Ал Ақтау маған «сауық-сайранның ортасы» секілді елестейді. Алакөлге енді үлкен де, кіші де барады дегендей. Бірақ биыл бәрі де қалайын деп тұр, – дейді елордалық Арайлым Бимендиева.

Баға қымбат, қызмет орташа

Бүгінде елордалық, Маң­ғыстау топырағынан шыққан белгілі ақын Оңайгүл Тұржан қазіргі демалушылардың бұдан 10-15 жылғыдай емес, талғамы өскен деп санайды. Алысқа баратындар – қаржылық жағдайы бар адамдар, олар талғамына сай сервисі жоғары, инфрақұрылымы жақсы жерлерге барғысы келеді, әрі басқа елдің тіршілігін, ел-жұртын көргісі келеді.
– Каспийде демалушыларға жағдай шетелдегідей болу керек. Алдыңғы жылы немерелеріммен «Достық» деген қонақүйге 10 күнге жоспарлап келдік елордадан. Бәрі жақсы, бассейні бар. Бірақ тамағы деген адам жейтін зат емес. Тамақ ішу үшін қалаға келіп жүрдік. Күнде! Оның алдыңғы жылы Антальяда демалғанбыз. Олар таңғы 7-ден түнгі 12-ге дейін тағамның түр-түрін сан алуан етіп, ғажайып дәмді етіп бере береді, әкеле береді. Керемет! Ал Каспийде ондай сервис жоқ, – дейді ол.
Туризм бағыты дұрыс дамымаса, республикалық деңгейде үгіт-насихаттың жетіспегендігі. Мемлекет көлемінде қолдау, осының бәрін реттеп отыратын туризм бойынша ішкі оператор керек. Жергілікті тұрғындардың пікірі де соған саяды.
Жергілікті халықтың тиіп тұрған теңізге түсуі сирек. Өйткені су салқын. Оның салқын немесе жылы болуы теңіз ағысына байланысты екен. «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы Әділбек Қозыбақовтың да эколог ретінде айтары осы. Каспийдің шынымен де жылитын кездері өте сирек. Онда да тек терең емес таза жағажайлар ғана күннен қызып жылы болады. Екінші мәселе, теңіз жағалай дәретханалар жоқ. Бір-екі жылдықта саммит өткізеді деп салдыр­ған. Бірақ олар тек мейрамдарда іске қосылады. Бұл да туристерді тартуға қиындық туғызады. Жалпы, Каспийде туризмді дамытуға қолайлы жер – Кендірлі шығанағы. Ол жерде су жылы. Бірақ Ақтаудан 200 шақырымда жатқан аймақта орналасқандықтан оған баруды көбі қолай көрмейтін секілді. Әрі ондағы сервис қала маңындағы демалыс орындарынан төмен.

Құстарға құштарлар үшін

– Менің бір ұсынысым бар. Маңғыстауда күзден бастап қыс бойы және көктемде де туризмнің бір түрін дамытуға болады. Ол – құстарды бақылаушыларды тарту. Бұл сала шетелде жақсы дамыған. Құстарға қызығатын адамдар болады. Бізде Ақтау қаласы аумағында Қаракөл деген жасанды көл бар. Сол көлге күзде және көктемде жыл құстары ұшып өтіп бара жатып, біраз аялдайды. Кейбір құстар қыстап шығады. Себебі мұндағы су теңіз суынан жылы болады және таяз. Аққу, қоқиқаз, үйректің неше түрлері, қарабай деген құс, кей деректерде тағы да басқа құстардың 175-ке жуық түрлері осы көлде болады. Оның ішінде 28 құстың түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Бұл да туристер тартуға жақсы мүмкіндік. Көлге апаратын тасжол бар. Көлдің екі шетінен құстарды бақылайтын мұнаралар салса, болашақта сол жерде сулы батпақты орталығын ашса болар еді, – дейді ­Ә.Қозыбақов.

Ақтаудан кемер арзан

Маңғыстау облысының Инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы туризм бөлімінің басшысы Гүлсім Жариеваның айтуынша, биыл қаңтар-нау­рыз айлары аралығында Ақтауда демалуға келген, әртүрлі санаттағы қонақүйлер, хостелдер, демалыс базалары, балаларды сауық­тыру лагерлерінде қызмет көрсетілген келушілердің саны 29475 адамды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңінде 40502 адам болған.
– Биыл Ақтауда теңдесі жоқ «Rixos» демалыс орны ашылды. Алайда ондағы үш күндік демалыс 400 мың теңге деп естідім. Мұндай ақшаға өз басым бір шетел болса да ел мен жер көріп, теңізге түсіп келгенім жақсырақ емес пе деген ойға қаламын. Әлде біз өзіміз осы ақтаулық болған соң солай дейтін болармыз. Биылдыққа мүлдем теңізге түскен жоқпын. Бір жағынан карантин деп отырмыз. Екінші жағынан су салқын. Ал «Rixos»-тың ұтып отыр­ған жері, естуімше, олар суды жылытып, бассейн жасап қойған. Сол жаппай халыққа қолжетімді болса ғой, шіркін! Қазір оған тек қалталы азаматтар ғана барып жатқан сияқты. Қымбаттығына қарамай, келіп жатқандар көп, тіпті күзге дейін орын жоқ екен, – дейді ақтаулық Алтынгүл Меңдіхан.
– Кемерге барар болсаңыз, қонақүйлері 3, 4, 5 жұлдызды болып бөлінеді. Тамағымен бе, тамағы жоқ па, ішінде бөлмелері де жақсы, жаман, орташа деп бөліне береді. Үш жұлдызы біздің 4 жұлдыздан кем емес. Бір жұлдыз алда жүреді. Бір аптаға бір адам біздің ақшамен 100 мың теңгеге демала алады. Негізі, арзанға демалғың келсе, туристік фирмамен барған дұрыс. Мысалы, 300 мыңға билет құны кіреді және 6 күн, 5 түн демалыс бар. Жалпы, Түркияда әр жерде әртүрлі баға. Түріктер саудаласқанды жақсы көреді. Сондықтан бағасын түсіртіп алуға болады, – дейді Гүлнұр есімді замандасымыз.

Каспий неге тартымды емес?

Жаз келісімен теңізге жүгіретіндер ақысыз ашық жағалауға да, арнайы демалыс аймақтарына да бара береді. Бұл жергілікті халық үшін оңай. Қай жерінде қалай демалуды жақсы біліп алған. Ашық жағалау­дан көбіне Ералы жақты таңдайды. Себебі суы таяз, жып-жылы, 10-15 метрге дейін теңіз суы балалардың белінен келіп, алаңсыз түсе береді екен. Ашық жағалауға барғанда көбіне сірне, тағы да басқа тағамдар пісіруге қазан ошағы, көлеңкелейтін палаткаларын ала барады. Ал ақылы арнайы демалыс ошақтарында балаларға түрлі аквапарктер, арнайы үйлер, шезлонг, банан, катамаран, кафе-ресторандар, жуынып киінетін кабинкалар қарастырылған.

Нұр-Сұлтан-Ақтау- Нұр-Сұлтан

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button