Жаңалықтар

КЕЙКІ БАТЫРДЫҢ БАССҮЙЕГІ ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Бүгін таңғы уақытта 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс қаһармандарының бірі Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлының бассүйегі Астанаға жеткізілді. Осылайша батыр бабаның бассүйегі арада 93 жыл өткеннен кейін елге қайтарылып отыр.

Осыған дейін бассүйек Санкт-Петербор қаласындағы Ресей ғылым академиясының Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейінде, ауызекі тілде айтқанда Кунсткамерада сақталған. Қазақстан мен Ресей Үкіметбасшылары деңгейінде жүргізілген келіссөздердің қорытындысында бассүйек елге қайтарылды.

Суретте "Құлан Қыпшақ Кейкі батыр" спектаклінен көрініс
Суретте «Құлан Қыпшақ Кейкі батыр» спектаклінен көрініс

Қазақстан тарабы бассүйек нақты Кейкі батырдыкі екендігіне көз жеткізді. Оны елге әкелер алдында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылып, оның құрамына кірген ғалымдар, музей мамандары, археологтар, антропологтар тиісті зерттеулерді жүргізіп, бассүйек Кейкінікі екеніне күмән қалмады.

«Бассүйек Кейкі батырдыкі екендігін зор сеніммен айта аламыз. Алайда бұған толық көз жеткізу үшін ДНК сараптамасын жасауымыз қажет. Қазіргі таңда шетелдік мамандармен, атап айтсақ мажар ғалымдармен сараптама жүргізу жөнінде келіссөздер жасалуда» дейді бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ақтоты Раймқұлова.

Кейкі батырды 1923 жылы сәуір айында Жыланшық бойының Жалаулы деген жерінде қызыл үкіметтің  жазалаушы отряды азаптап өлтірген. Жары Ақжан да солардың қолынан қаза тапты. Отряд басшысы батырдың басын кесіп алып, Орынборға жөнелткен. Ал батырдың денесі сол жерге жерленген.

Кейкі батырдың туыстары Қостанай облысы Аманкелді ауданының Тасты деген ауылында тұрады. Солардың бірі – Әубәкір ақсақал көзі тірісінде сол ауылдың іргесінен өтетін күре жолдың бойынан Кейкіге арнап үлкен күмбез көтерді. Түбінде атасының бассүйегі елге оралғанда денесімен бірге қайта жерлеймін деген мақсатпен. Бірақ ол күнді қарияға көруге жазбапты…

Тиісті ДНК сараптамасынан соң енді батырдың бассүйегін жерлеу мәселесі туындайды. Белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы бассүйекті Астанадағы Ұлттық пантеонға жерлеуді ұсынады. Бірақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жоспары басқаша. Олар бассүйекті батырдың денесімен табыстыруды ойластырып қойыпты. Бұл жөнінде де бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында осы ведомствоның вице-министрі Ақтоты Рахметтолақызының ауызынан естідік.

Оның айтуынша, Кенесары ханның басына қатысты мәселе де министрліктің қаперінде. «Бұл бір күннің жұмысы емес. Осы бағытта жұмыс жүргізетін боламыз. Оның нәтижесі де осындай болады деген үміттемін» деді А.Райымқұлова.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button