Қала тіршілігі

Кім ұтты, кім ұтылды?

Қазірге дейін қолда бар мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі ҰБТ-ның 6-күнінің нәтижелері мына­дай: түлектердің 96 пайызы тест тапсырып үл­герді. Шектік 50 балды талап­керлердің 85 пайызы жинады. Ал кешегі күнге дейін оқушылардың 15 пайызы сыннан өте алған жоқ.

Бұған дейін апелляциялық комиссияға 566 өтініш келіп түскен болатын. Өздеріңіз білетіндей, елордада ҰБТ тапсыру барлық пунктте тоқтады. Еске сала кетейік, Астана мектептерінде 6229 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 301 білімпаз «Алтын белгіні» дәлелдеді. Ал үздік аттестатты 373 бала қолына ұстады. Қала бойынша ең көп «Алтын белгі» алған мектептер – №48 – 14, №1 – 13, №54 – 11, №66 және №75 білім ошақтары. Аталған білім ордасында алтын иегерлер саны кемінде 10-ға жуықтайды.
Ұлттық тестілеу орталығы сайтындағы нәтижеге сүйенсек, ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген­дердің ішінен 88583 мектеп бітіруші тестілеуге қатысты. Аудиторияда тәртіп сақтау ережесін бұзғаны және тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін 12 мектеп бітірушінің тест нәтижелері жойылған. Ұлттық тестілеуге барлығы 4932 жалпы орта білім беру ұйымдары қатысты. Тестілеуге қатысуға өтініш берген мектеп бітірушілердің санынан ҰБТ-ға қатысу үлесі жағынан мына аймақтар жоғары болды: Жамбыл облысы – 99,33 пайыз, Маңғыстау облысы – 98,49 пайыз және Оңтүстік Қазақстан облысы – 98,41 пайыз. Төмен көрсеткіштер Солтүстік Қазақстанда – 90,73 пайыз, Алматы қаласында – 88,21 пайыз және Қостанай облысында 87,62 пайыз мөлшерде байқалды. Әзірге Қазақстан бойынша ҰБТ-ның орташа балл нәтижесі бес пән бойынша 80,5 балды (мүмкін болған 140 балдан), екі пән бо­йынша (шығармашылық емтихан тапсырғандар) 30,9 балды (мүмкін болған 40 балдан) айқындады. Шектік деңгейден 74520 адам (84,12 пайыз тестке қатысушылардың жалпы санына шаққанда) өтті.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов­тың айтуынша, алғашқы үш күнде астаналық үш оқушы ағылшын тілінде сынақ тапсырып, олар көрсеткен білімнің орташа деңгейі 83 пайызды көрсетті.
Бір айта кетерлігі, биылғы ҰБТ форматында да, өткізілуінде, шектік балда да өзгеріс жоқ. Тек тест тапсырмаларына функционалды тестер енгізілді. Өйткені бұған дейін тек жылдар хроникасы мен сақырлаған цифр­лар фактісін емес, оқушының қорытынды (анализ) жасап үйренуіне бағытталған тапсыр­маларға басымдық берілді. Рамазан Сыйқымұлының айтуынша, биыл базалық сұрақтар 50 пайызға жаңарған.
ҰБТ өткізу форматындағы соңғы өзгерістерге сәйкес, лайықты көрсеткіш көрсете ал­маған түлектер де биыл оқу­ға түсе алады. Мұны ҰБТ бас­тал­май тұрып тілшілермен өт­кізген брифингте Білім және ғылым министрлігі өкілі Асхат Аймағамбетов айтқан еді. «Биыл талапкерге тамызда мүм­кіндік беріледі. Одан өте алмаса, соңғы мүмкіндігін қаңтарда қайталайды. Бірақ бұл сынақты үміткер ақылы түрде, яғни 2242 теңге көлеміндегі қаражатқа тапсырады. Егер ҰБТ-ның үш мүмкіндігінен де шектік нәтиже жинай алмаса, онда оқуға түсе алмайды» деген еді вице-министр.
Бұрындары ҰБТ кезінде ұйым­дастырушылар түлектерді тексе­реміз деп әсірелей айтқанда «шешіндіруге» дейін барғаны айтылды. Биылғы он бесінші ұлттық сын да түлектер үшін ты­ныш болған сияқты.
Елімізде ҰБТ-ның алты күнінде түлектердің 96 пайызы тестке кіргенін жоғарыда айттық. Бұл жерде сынақ Астана бойынша аяқталғанымен, басқа өңірлерде әлі жалғасып жатқанын еске салған жөн. Ал республика бо­йынша тест тапсырушылардың жалпы саны – 92827 түлек. Оның ішінде 69209 – қазақ тілінде және 23618 – орыс тілінде.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button