Басты ақпаратМәселе

Көкек қашан қайта келеді?

Қазақта жылды он екі мүшел бойынша атау кең етек алған. Күлтегін ескерткішінде «Күлтегін қой жылының он жетісі күні ұшты» деп жазыл­ғанын ескерсек, он екі мүшел бойынша жыл санау қазақ халқына сонау көк түрік заманынан, тіпті одан да әрі дәуірлерден жалғасып келеді.

Қазақтың қазіргі ай аттары мен амал аттары өзара араласып, өзге тілден енген ай аттарымен де кірігіп кетті. Мәселен, қазақтар бұрын ежелгі халық күнтізбесінде қыркү­йек айын мизан, қазан айын желді, қарашаны үштің айы, желтоқсанды тоқсан деп атаса, қалған айлар бірдің айы, ақпан, тоқпан, көкек деп жалғасқан. Сол көкек айы қазіргі қазақ тілінде араб тілінен енген сәуір сөзімен алмасса, араб тілінде шілде айы немесе шіліңгір ыстық деген ұғымды білдіретін тамыз сөзі саршаның (кейде сарша тамыз деп те қолданады) орнын басты.

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» тоқпан сөзіне нау­рыз деп анықтама беріліп, бір жылдағы ай есебі ретінде отамалы (маусым), сарша, тамыз, қыркүйек, желді (қазан), қараша, тоқсан (желтоқсан), қаңтар, ақпан, тоқпан (наурыз, екіағайынды), көкек (сәуір), мамыр деп анықтама берген.

ХIII ғасырдағы түрiк халықтарындағы ай аттарын француз ғалымы Луи Базен былай тізіпті: хуби (үлес), улару (ұлар), көкегу (көкек), бугу (бұғы), қоша (қошқар), өүжин (бәбiсек), еури (ұя басар), құлан жуда (жұт), екү боран айы (үлкен боран).

Демек, қазір біз сәуір деп атап жүрген апрель айын қазақ бұрын көкек айы деп атаған. Бұл атау Шоқан Уәлиханов пен Г.Потаниннің еңбектерінде кездеседі. Қазақ халқының күнтізбесін зерттеген орыс ғалымы Б.Куфтин айдың көкек атауын көк-көк деген сөзбен байланыстырып қараған, яғни көкек сөзі «көк әлі көк», «өсіп жетілмеген» деген мағынаны білдіреді деп жорамал жасайды. Бұл ғылыми жорамалдың негізі бар, себебі тілімізде «Көкек айы – көк ішек, мамыр айы – май ішек» деген тәмсіл бар. Көкек айында жер көктеп, мал көкке тойғанын меңзегені. Керек десеңіз, бұл айдың атын жыл құсы – көкектің шақыруымен байланыстыруға да болады. Себебі сәуір – төртінші айдың арабша атауы. Жылдың бұл мезгілінде мал төлдеп, жер бусанып, қытымыр қыстың қиыншылығы ұмытылып, жан-жануар жадырап сала береді. Қазақтың «Сәуір болмай тәуір болмас, әз келмей жаз келмес» деп тәмсілдейтіні де содан. Бұл арада ескере кететін бір жайт, сәуір сөзі араб тілінде ай атын білдіргенмен, қазақ тілінде амал аты және түн, таңсәрі деген ұғымда қолданылады (ол мені сәуірде оятты).

1916 жылы наурыз айындағы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақша ай аттары» деген тақырыппен жазған мақаласында Хасенғали зауза, сәуір деп аталатын ай аттарының қазақы дәстүрлі атауы әз айы, отжақпас айы аталғанын тілге алады. Міне, осылардың бәрін жинақтасақ, қазақ халқы ай атын белгілеуде көкек, мамыр, отжақпас, отамалы сынды 29 түрлі, тіпті одан да көп ай атын қолданғанын байқаймыз. Бірақ олардың арасындағы кейбір аттардың нақты қайсысы айдың аты екенін дөп басып айту өте қиын, тіпті жыл басы болатын айдың аты отамалы ма, әз ба, көкек пе, аражігін қазір ешкім ажырата алмайды. Қысқасы, көкек Кеңес Одағы кезінде саяси мақсатпен сәуірге өзгеріп кеткен. Неге?

Сәуір араб тілінде «өгіз» деген мағынаны білдіреді. Жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы болады. Қазақ тіліне ай аты ретінде бұл атау 90-жылдары қолданысқа енген. Осы бір өзгерістің куәсі болған белгілі журналист Марат Тоқашбайдың мынадай естелігі бар: «1990 жылы 24 апрельде арнайы заңмен Қазақстанда президенттік билік енгізілді. Тура сол күнге Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінің алғашқы саны жарық көреді. Бұрын «апрель» сөзі қолданыла беретін. Компартияның қылышынан қам тамып тұрса да жаңа басылымда ай аттарының қазақша берілгенін көңілі қалап тұр еді сол кездегілердің. Алайда бір аптадай ғана бұрын Орталық Комитеттің апрель пленумы өткен. Оны қалай жазамыз деген журналистердің ойы сан-саққа жүгіреді. «КПСС Орталық Комитетінің көкек пленумы» десең ыңғайсыз. Содан газеттің бас редакторы Сарбас Ақтаев оның жолын табады. «Сәуір пленумы» дейік деп алғаш қолдана бастайды. Одан соң осы тіркестегі «сәуір» сөзі біртіндеп барша басылымға ауысқан екен. Одан кейін «Орталық Комитет» те, «пленум» да жойылды. Бірақ қазақша ай аттарының ішінде көзге шыққан сүйелдей боп арабша «сәуір» сөзі қалып қойды».

Осы тақырыпты індете жазған журналист Нұртөре Жүсіп «Айды айырмаған – амалды білмейді» деген мақаласында мынадай дерек келтіреді. «Қазіргі қолданыста жүрген ай атауларының ішінде сая­си сипатпен «еніп» кеткен бір ай бар. Ол – сәуір айы. Бұрынғы қазақ бұл айды «көкек» деп атаған. Осы көкек қалайша сәуір болды? «Егемен Қазақстан» газетінде Шерхан Мұртазаның басшылығында қызмет істеп жүрген кезіміз. 1990 жыл. Компартия бар. «ЦК»-дан Шерағаңа бір кісі телефон соқты. Шерхан Мұртаза газеттің кезекті нөміріне «көкек айы» деп белгілеп қойған. Редакторымыздың қабағы түйіле түсті. Телефонның дауыс күшейткішін іске қосқан ­Шераға бізге «тыңдаңдар» деген ишара білдірді.

– Сонда көсеміміз Лениннің «Апрель тезистері» дегенін «Көкек тезистері» дейміз бе? – деді ар жақтағы кісі дауысын нығарлап.

– Бұл ертең елдің күлкісін тудырады ғой. Көкек емес, сәуір болсын! Газетке солай көрсетіңіздер… Сонымен, «Егеменнің» реттік көрсеткішіне «сәуір» деп жазылды. Бұдан кейін қанша уақыт өтсе де, бұл атау өзгеріске түскен жоқ, – деді ол.

Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы болып тұрған уағында Өзбекәлі Жәнібеков: «Сонда Лениннің «Апрель тезистерін» – «Көкек тезистері» дейміз бе?» деген уәжді алға тартып, «көкек» атауын ысыр­ған да, тастаған».

Дегенмен көпшілік бабалардың «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген сөзді ертеректе айтқанын еске түсіріп, сәуір сөзі кеше ғана қолданысқа енбегені жайында дәлел айтады. Бірақ бұл арадағы «сәуір» атауы, жоғарыда айтқанымыз­дай, ай аты емес, амал атауы екенін ескерген жөн. Сәуір амалы өтпей, сәурік (үйір­ге енді қосылған 3-4 жасар айғыр) пішуге де болмайды. Себебі аяқ астынан ауа райы бұзылып, қарлы боран соғуы мүмкін. Ел ішінде осы амалды «қырық сәурік» деп те атайды. Қазақ тіліндегі «Сәуір болмай, сайран болмас, Сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, Күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – сауып тұрған сауын», «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн», «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген мақал-мәтелдер – соның айғағы.

Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асты. Көкек қашан келеді?

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button