Қала тіршілігі

КӨК ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАН АУЫЛ

1349060422_img_4258-1-kz

Астананың оң жағалауында Промышленный деген ауыл бар. Ауыл деп айдар таққанымызбен, қаламен біте қайнасып кеткен шағын аудан десек, шындыққа көбірек жанасатындай. Осы ауылдың көп жылдан бергі жанайқайы – дәл іргесіндегі силикат кірпішін өндіретін зауыт. Таң ата мұржасынан көк түтінді будақтататын өндіріс орны ауылды қалың тұманға көмеді. Оның ашқылтым иісі қолқаны қауып, тамақты қырнап, кәдімгідей жөтелге буып тастайды екен.

Осы ауылдың тұрғыны Алтынай Тұрлыбекованың айтуынша, кешкілікте бұл маңда серуен құру мүмкін емес. Әсіресе, балаларға обал көрінеді. Күндіз есік-терезесі қымтаулы үй ішінде отырса, кешкілікте тағы сол түтінге тұншығып жүргендері.

  • Өндіріс орнынан тарайтын ашқылтым иістен кәдімгідей басымыз

ауырады. Ол түтіннің иісі емес сияқты, түтіннің иісі бөлектеу болады. Ал ашқылтым иіс ауаға жайылғанда қайда кетерімізді білмейміз. Есік алдына жуылған кірлерімізді жайсақ, ол кішкенеден кейін қарайып кетеді. Қолқаны қапқан иістен асқазанымыз да бүлініп жатқан шығар, оны кім анықтап жатыр дейсіз. Әйтеуір, осы түтіннен және иістен ауру таба бастағанымыз анық. Неше жылдан бері айтып келе жатырмыз, ешқандай нәтиже жоқ, – деп күйінеді Диана, Гүлмира, Алтынай есімді ауылдың тұрғындары.

Олардың сөзінен ұққанымыз,  Алматы  ауданы  әкімінің қатысуымен өткен кездесулерде осы мәселе жиі көтеріледі екен, бірақ «баяғы жартас, бір жартас» күйінде қала беретінге ұқсайды. Жұртшылық зауыттың «жырын» айтып осылай зарлап жүргенде, ол аз болғандай, соңғы жылдары  тура кірпіш зауытының артқы жағынан асфальт-бетон өндіретін тағы екі-үш өндіріс орны іске қосылыпты. Бұл жағдай «ірімшікке май қондырғандай» болып, ауылдың бұрыннан экологиялық нашар ахуалын одан сайын ушықтырып жіберсе керек.

Кірпіш зауытының қасына келіп қарасақ, жолдың екінші бетінде жап-жақын жерге №57 орта мектеп орналасыпты. Ауылдың жағдайы осындай болғанда, тура іргесіндегі мектептің хәлі қандай? Осы сұраққа жауап таппақ болып, білім ұясына  бас сұққанбыз. Директоры әлдебір шаруалармен шығып кетіпті. Іс жүргізуші қыз бізді тәрбие және оқу ісінің меңгерушісі Ғалия Сариеваға апарып жолықтырды.

  • Ия, экологиялық жағдай өте нашар. Әсіресе, таңертең айналаны көк

түтін басып кетеді. Аузы-мұрнымызды басып әзер жүреміз. Қолқаны қауып, тамақты қырнайтыны жаман. Негізінде бөлмелердің терезелерін ашып, әлсін-әлсін желдетіп отыруға тиіспіз ғой. Түтін мен иіс тұншықтырып көз аштырмайтын болған соң, терезелерді ашпаймыз. Балалар күні-бойы бөлмеде тұншығып отырады. Әрине, олар аулаға шығып, жүгіріп ойнағылары келеді. Бірақ оған мүмкіндік жоқ қой. Осындағы мұғалімдердің көбі аллергия ауруына шалдыққан. Мен өзім оның себебін түтіннен көремін. Әрине, ешбір дәрігер немесе басқа маман бұлай анықтама жасаған жоқ. Бұл өзімнің ойым, – дейді Ғалия Сергейқызы.

Ғалия Сариеваның осы мектепте жұмыс жасап жатқанына үш жыл болыпты. Үй-жайы да мектептен алыс емес. Былайша айтқанда, мектепке келсе де, үйіне барса да көретіні осы зауыттың түтіні, искейтіні соның иісі. Кешкілікте көшеге шықпай, бала-шағамен үй-ішінде тұншығып отырғандары.

Осы мектептен елу қадамдай жерде және бір №13 орта мектеп бар. Ондағы жағдай да осындай.  Жастайынан демікпе ауруына шалдығып жатқан балалар бар көрінеді. Оқушылар арасында аллергиямен ауыратындар да аз емес екен.

Промышленный ауылын түтінге ғана емес, қалың мұңға бөктіріп қойған силикат кірпішін өндіретін зауыт – «Ақкент NTR» ЖШС-на осы мәселелерді көлденең тартып едік.  Кәсіпорынның директоры Елена Алагузова мұның бәрін жоққа шығаруға тырысты.

  • Бізді тоқсан сайын арнайы тексеріп отырады. Ешқандай заң

бұзушылық тіркелген жоқ. Бәрі де бекітілген нормаға сәйкес. Өндіріс орнының мұржасы биік. Шыққан түтін бірден алысқа таралып кетеді, ауылды баспайды. Рас, ауаға бу таралатын болар. Бірақ, оның құрамынан зиянды заттар анықталмады. Біздің артымызда бір емес, үш бірдей асфальт-бетон шығаратын цех жұмыс жасайды. Заң бұзушылықтардың бәрін жасап жатқан солар. Шаң-тозаң да солардан көтеріледі, – деп Елена Леонидовна  шаң жуытпауға тырысып жатыр. «Елдің бәрі барлық жағдайға біздің ғана өндіріс орнымызды кінәлайтыны несі?!» деп ренішін де жеткізіп қалды. Біраз әңгімелескеннен кейін беті бері қараған ол:

  • Жақын арада, дәлірек айтқанда, алдағы қазан айында тағы бір

қазандықты іске қосамыз. Оның құрылысы аяқталуы жақын. Сонда ауаға бөлінетін түтіннің мөлшері бұрынғысынан біршама азаятын болады, – деді ол жұмсара сөйлеп. «Бұл сонда кінәсін мойындағаны ма?.. » деп қалдық іштей.

Астана қаласы бойынша экология департаментіне хабарласып, Промышленный ауылындағы ахуалға байланысты қандай шаралар қолға алынып жатқанын сұрағанбыз. Сөйтсек, департамент бұл мәселеге байланысты енді атқа қонғалы жатыр екен. Кәсіпорынға тексеру жүргізетіні жөнінде прокуратураға хабарлап, арнайы тіркету жасатқан.

  • Прокуратура қолымызға рұқсат қағазын бергеннен кейін,

мамандарымыз сол қағаз бойынша кез келген уақытта тексеру жүргізеді. Дәлірек айтқанда, ертең не оның арғы күні тексеруге барамыз. Заң бойынша тексеру бір ай мерзім бойы жүргізіледі. Бірақ, бұл жолы біз қысқа мерзімде қорытындысын шығаруға тырысамыз. Содан кейін барып, анықталған заң бұзушылықтарды, оған қолданылған шаралар жөнінде толығырақ мәлімет беруге болады, – деді Астана қаласы бойынша экология департаментінің директоры Абзал Егембердиев.

Қазақ айтпақшы, «жақсылықтың ерте-кеші жоқ», ең бастысы Астана халқының үлкен бір шоғыры қоныс тепкен шағын ауданның экологиялық мәселесі шешімін тауып, тұрғындар таза ауамен демалатын күнге жетсе, біздің де бір мақсатымыз орындалғаны.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button