Жаңалықтар

КӨКӨНІС ҚОЙМАЛАРЫ ҚАЖЕТТІЛІКТІ ӨТЕЙ МЕ?

70849a9464de126bdb03c7c874d

Азық-түліктің бағасын тұрақтандыру, арнайы қорын қалыптастыру Астана сияқты үлкен қалада ең өзекті мәселе екені белгілі. Күннен күнге ауқымы кеңейіп келе жатқан қаланың тұрғындары да өсе түскен. Соған сай көкөністі тұтыну мөлшері де ұлғайды. Бұрын елордада көлемі 60 мың тоннадан асатын жеті қойма жұмыс жасап келген еді. Қала халқының өсуіне байланысты бүгінде олардың сұранысты өтеуге қауқары жетпей барады. Сол себептен көлемі 14,4 мың тонна болатын жаңадан төрт көкөніс қоймасын салу қолға алынған болатын.

Бүгінде қойманың біреуі пайдалануға дайын. Қалған үшеуі алдағы жылдарда кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Бүгінде Астанадағы сегіз көкөніс қоймасы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұруға айтарлықтай септігін тигізіп тұр. Астана қаласы Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Әсет Құрманғалиевтің айтуынша, қоймада сақталған өнімдердің басым бөлігі, негізінен, «Шапағат» комму­налдық базары арқылы сатылады екен. Сондай-ақ, Аста­на­ның азық-түлік белдеуінде жұмыс жасайтын мыңға жуық кәсіпорындардың өнімдері қаладағы он шақты сауда павильондарында шығарылады. Қоймаға сақтауға келетіндері жоғарыда айтып өткен қойма­ларға орналастырылады.

– Соңғы пайдалануға берілген қойма голландиялық сақтау технологиясы бойынша жұмыс жасайды. Мұнда еліміздің жергілікті өндірушілерінен келген көкөніс пен жеміс-жидектер сақталады. Жалпы қойма әр­қай­сысының сыйымдылығы жеті мың тонна болатын бө­лек орындардан тұрады. Көк­ө­ністерге арнайы контейнерлер бар. Көкөністер мен жеміс-жидектерді сақтауға арналған 10 секция болса, соның 6-уы тоңазытқыш жабдықтарымен жабдықталған. Ондай секция­да цитрусті жемістер, қияр мен қызанақты сақтауға болады. Көкөністердің түрлеріне қарай сақтау температуралары әртүрлі, бірақ көпшілігі 0°С-ден аспайды, – дейді «Амал 2009» ЖШС директорының орынбасары Талғат Әбілов қойманың жұмысы жайында.

Жаңа қойманың ерекшелігі сол, арнайы жабдықтар әр секцияға қажетті температураны таңдап қоюға, сонымен қатар орын-жайдағы ауаның ылғалдылығын бақылауға мүмкіндік береді екен. Бұл бұрынғы сақтау тәсіліне қарағанда әлдеқайда тиімді. Мәселен, одан бұрын пайдаланылып келген қоймаларда өнімнің біраз бөлігі көп уақыт өткеннен кейін жарамсыз бола бастаса, жаңа қоймада сақталу мерзімі бұрынғысынан ұзақтау. Оған қоса, өнімнің басым бөлігі сапасын жоймайды. Осындай қоймалардың тағы бір бөлігі алдағы жылдары пайдалануға берілгенде, Астана халқы тұты­натын көкөніс пен жеміс-жидек көлемін бір жылдан аса уақыт толық сақтауға мүмкіндік туады. Жалпы, бұл бағыттағы қажеттілік жоспар бойынша 2017 жылы жабылуы тиіс.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button