Жаңалықтар

Көпбалалы аналардың жәрдемақысы артады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық көпбалалы отбасына табысына қарамастан жәрдемақы төленетінін мәлім етті.

Министрдің айтуынша, биылғы тоғыз айда 417 мың отбасына АӘК тағайындалған. «Біз республикалық бюджеттен жекелеген мемлекеттік жәрдемақы енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол еліміздегі барлық көпбалалы отбасыларға төленеді. Орташа есеппен бір балаға 10-11 мың теңгеден беріледі. Жалпы мөлшері 2018 жылдан тоқтатылған осындай жәрдемақы мөлшерінен 4-7 есе артық» деді министр Біржан Нұрымбетов. Атап айтқанда, 4 баласы бар отбасына – 42500 теңге, 5 баласы барларға – 53125 теңге, 6 баласы бар үйге – 63750 теңге, 7 баласы бар отбасына 73370 теңге көлемінде жәрдемақы төленетін болады. Егер көпбалалы отбасы табыс мөлшеріне қарай тұрмысы төмен отбасы санатына жатса, онда бұл отбасыға АӘК-пен қоса балаларға кепілді әлеуметтік пакет тағайындалады. Сөйтіп көпбалалы тұрмысы төмен отбасы мемлекет тарапынан үш әлеуметтік көмек пакетіне ие болады.
Сонымен бірге министр АӘК алатын еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. Егер ұсынылған жұмыстан немесе жұмыспен қамту шарасынан бас тартатын болса, онда тек оған ғана емес, бүкіл отбасыға төлем тоқтатылады. Оларды жұмысқа орналас­тыру үшін нәтижелі жұмыспен қамтуда, кәсіпкерлікті дамытуда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының барлық механизмдері пайдаланылатын болады. «Мектепке дейінгі жастағы балалар үшін балалар тағам, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтері ұсынылады. Мектеп жасындағы балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері, жол шығынын төлеу, медициналық қызмет көрсету қарастырылған» деді министр. Алматының барлық ауданында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан құрылған «Бақытты отбасы» орталықтарында аналары курстан өтіп жатқанда балалардың қараусыз қалмауына жағдай жасалған. Курстан өткен аналарға кәсібін жүргізуге қайтарымсыз гранттар берілмек. Б.Нұрымбетов ҚР Еңбек министрлігі арқылы әрбір отбасының әлеуметтік картасы жасалғанын, ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен автоматтандырылған деректер негізінде отбасылардың нақты мәртебесін анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button