Руханият

Көрікті өлкенің кемел азаматы

Ғалым, ұстаз, ғылым мен білім саласының білікті ұйымдастырушысы, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы 60 жасқа толып отыр.

[smartslider3 slider=3196]

Алтынбек Нухұлының өмір жолына қысқаша тоқтайтын болсақ, орта мектепті, одан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бағамен бітірген. ҚазМУ-дің химия факультетінде еңбек жолын лаборанттан бастап, ассистент, доцент, профессор дәрежесіне көтерілген. Сол маңдай тердің арқасында күрделі де заманауи ғылым саласында табыстарға жетіп, химия ғылымдарының кандидаты және докторы атақтарына ие болды. Физикалық химия саласында ғылыми еңбектері жоғары бағаланып, ғылыми жолда үлкен жетістіктерге жеткен Алтынбек бауырымыз бұл күндері Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық инженерлік ғылымдар академиясының академигі.

Өмірінің келесі сатысында Павлодар педагогикалық университетінің ректоры болып, білім мен ғылым саласының ұйым­дас­тырушысы ретінде үлкен қызмет атқарды.

Алтынбек Нухұлы жоғары оқу орындарының басшысы болып қызмет атқарған кезде жоғары оқу саласы жұмыстарының даму жолын қоғам өзгерістеріне бейімдеуге арналған стратегиялық бағдарламалар дайындаудың негізгі авторларының бірі болды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының негізгі бағыттарын және даму болашағын халықаралық талаптарға сай қарастырып, нақты мақсаттарға жеткізу жолында үлкен жұмыс жасаса, қазір Парламентіміздің жоғарғы палатасының депутаты, сенатор ретінде еліміз бен халқымызға, қоғамға қажетті мәселелерді қозғап, олардың шешімін табу жолында белсенділікпен қызмет етіп келеді. Халқымыздың ұлы тұлғаларының еңбектерін мемлекеттік деңгейде дәріптеу туралы ұсыныстары іске асып жатыр. Сенаттағы белсенді еңбектері бағаланып, 2021 жылдың «Жыл сенаторы» атағына ие болды.

Алтынбек Нухұлы ғалым, педагог, жоғары оқу саласының ұйымдастырушысы ретінде қалыптасқан.

Соңғы жылдары Павлодар облысында егеменді еліміздің қалыптасуына ауадай қажет «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламаларын жүзеге асыру жолындағы басшы және ұйымдастырушысы. Міне, Алтынбек Нухұлының басшылығымен орындалған негізгі еңбектері – Ақкелін тарихи мемориал­дық кешені, құрамында Мұса Шорманұлының кесенесі, «Туған жердің тарихи тұлғалары» музейі және т. б. көптеген еңбектері.

Жоғарыда қысқаша айтылған Алтынбек Нухұлының өмір жолындағы еңбектері нәтижесіз қалған емес, қай салада болмасын кәсіби деңгейде орындалып, жоғары баға алып отыр.

Елдің елдігі рухани байлығымен өлшенеді. Оны дамытудың негізі – туған жердің тарихи жетістіктері мен құндылықтарын дәріптеу. Бұл еңбек – ұлттық сананы қалыптастырудың негізі. Міне, осы құндылықтарды жоғары деңгейде сезінген Алтынбек Нухұлы осы салада зор еңбек жасап келе жатыр.

Алтынбек Нухұлы туралы осы естелікті жазар алдында «Сарыарқа самалы» газетінде жарияланған оның «Бақ қонған елім – Баяным» және «Қаныштың «қырық қыры» мақалаларын қайтадан қарап оқыдым.

«Бақ қонған елім – ­Баяным» деген еңбегі – сезімі бар азаматтың өзінің кім екенін білдіретін, жүрекке үлкен сезім беретін еңбек. Мен де Баянауылда туып-өскен, осы жердің түлегі болған соң мақаланың мазмұны маған үлкен әсер қалдырды, толғандырды. Мақалада Баянауыл өлкесінде археологиялық зерттеулер жүріп жатқаны туралы, келешекте көне замандағы болған жағдайлар туралы жаңалықтар болатыны жөнінде жақсы деректер келтірілген. Мақалада біздің ата-бабаларымыздың Баянауыл өңіріне келген заманнан бергі және одан бұрын бұл өлкеде болған тайпалар туралы мәліметтерді сараптап, Баянауыл қазақ халқының киелі және қасиетті жері, мекендерінің бірі екені тарихи тұрғыдан дәлелденіп жазылған.

Әр елдің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады. Сол секілді біздің Баянауыл жері де қазақтың қасиетті рухани дәстүрін сақтап, құрметтеген, халқымызға талай асыл азаматтарды берген тарихы бай, тағылымды өлке. Қазақ халқының дамуына, рухани байлығына үлес қосқан тарихи тұлғаларды тудыр­ған жер. Сол тұлғалар қатарында Бұхар жырау, Мұса Шорманов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Шәкен Айманов және тағы басқаларды атап, бұл тізімді жалғас­тыра беруге болады.

Бүгін алпыс жастың биігіне көтеріліп отырған Алтынбек Нухұлы осы қасиетті Баянауыл елінің азаматы болуымен қатар, өткенге үлкен ізетпен қарап, өңірдің бай тарихын жинастыру ісіне де мол үлес қосып, осы өңірден шыққан ғұлама ғалымдардың, қайраткер тұлғалардың еңбектерін дәріптеп, өзі де асыл азаматтардың ізін қуып, осы жолда елге сіңірген ерен еңбегімен танылды.

Осы жерде тағы бір айтар ойым, ол қоғамдағы өзгеріс, ол табиғи құбылыс сияқты адам өміріне қатты әсер етеді. Бұл құбылысқа бейімделу, өмірдің дұрыс жолында жүре білу оңай емес. Ол үшін табандылықпен, ізденіспен еңбек жасау қажет. Алаш қайраткерлерінің өсиетін ұлықтай білген Алтынбек Нухұлының өмірі мен еңбек жолы оның сезімталдығын, қазіргі жағдайда дұрыс жол тауып жүрген азамат екенін дәлелдей түседі.

Алтынбек Нухұлының адамгершілік болмысы мен еңбек жолы халқымыздың бойындағы асыл қасиет­терін ту етіп көтеріп, оларды өзінің қызметі мен өмір жолына негіз етіп ала отырып, келешек қоғам дамуының жолдарын сезімталдықпен талғай білген, бүгінгі қоғам мен халық сұранысына объективті оймен қарап, қажыр­лы еңбек жасап жүрген, жазған еңбектері тарихта із қалдыратын біртуар аптал азамат. Қасиетті Баянауылдың құнарлы топырағында дүниеге келіп, елдің жақсы тәлім-тәрбие­сін бойына сіңірген, осы көрікті өлкенің кемел азаматы екені де анық.

 Зайролла ДҮЙСЕНБЕКОВ, Ұлттық Ғылым

академиясының академигі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button