Қала мен Сала

КӨРМЕНІҢ САБАҒЫ САЛИҚАЛЫ

«Үш ай бойы әлем назарын аударған «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі еліміздің абыройын асқақтатып қана қойған жоқ, жергілікті полиция қызметіне қоғамдық тәртіпті сақтауда, жол жүру ережесін қадағалап, көрмеге қатысушы шетелдік қонақтар мен қарапайым азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мол тәжірибе жинау мүмкіндігін туғызды» деді Астана қаласы әкімдігінде өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде елордадағы қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету» тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында Астана қаласы Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаев.

Жеке құрам тәулік бойы жұмыс істеп, қоғамдық тәр­тіпті қадағалауға 9 мыңға жуық қызметкер тартылса, тікелей көрме аумағында қауіп­сіздікті сақтауға 4 мың­нан аса сақшы қызмет етті. Әсіресе, ағыл­шын тілін меңгерген 200 ерікті мен ҚР ІІМ жоғары оқу орын­дарының 500 курсанты мен офицері белсене атсалысты.
Көрме кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала әкімінің өкімімен Ахуал орталығы құрылды. Арнайы құрылған штабта маман­дар­дың күнделікті кезекшілігі ұйымдастырылды. Учаскелік полиция инспекторлары есептегі контингентті, қару иелерін тексеріп, аулалар мен пәтерлерді аралау, бей­­әлеуметтік бағыттағы тұлғаларлы анықтау жұмыс­тары күшейтілді. Соның нәтижесінде көшедегі қыл­мыс – 19 пайызға, қоғамдық орындардағы тәртіп бұзу­шылық 2,2 пайызға төмендеді.
Қауіпсіздік пен құқық тәр­тібін қамтамасыз етудің заманауи жүйесі құрылды. Озық тәжірибе мен жаңа технологиялар қолданылды. Адамдар жаппай жиналатын жерлерде, басқа да маңызды нысандарда видеобақылау жүйесі желілері кеңейтілді. Көрмеге кіретін жерлер айрықша бақылауға алынып, бет-әлпетті танып, талдайтын бейнесараптама жұмыс істеді. Сол арқылы құқық қорғау органдарының арнайы мәліметтер қорына келу­шілердің құжаттары тір­келіп отырды.
Баспасөз мәслихатында ішкі істер органдарындағы жаңа мамандар – профайлер туралы да сұрақтар қойылды.
«Бұл бізге ЕҚЫҰ кезінен таныс. Осы мамандыққа қа­тысты ЕҚЫҰ өкілдері екі рет оқыту, тәжірибе алмасу сабақ­тарын өткізген болатын. Профайлер дегеніміз – ең шұғыл қимылдайтын, қазіргі заман талабына сай қызметкерлер. Оларға «ЭКСПО» көрмесінің алдында халықаралық дәре­жедегі психологтар дәріс берген еді. Мамандық иелері әлеуметтік қауіпті адамдарды жүріс-тұрысынан, сөзінен, қимыл-қозғалысынан, киім киісінен әп сәтте аңғарып, шұғыл шешім қабылдай алады» дейді Астана қаласы Ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының бөлім бастығы Тимур Қазыбаев.
«Осы бағытта күш құрылым­дарында аз ғана уақыттың ішін­де өзара тығыз қарым-қатынас орнап, озық тәжірибе қалыптасты. Бұрын есепте тұрған күдікті адамдар туралы ақпараттар алмасылып, мәліметтер нақтыланды. Криминалды полиция, есірткімен күрес және учаскелік полиция­ның күнделікті жұмыс­тарын­да арнайы дайындықтан өт­кен жүзден аса қызметкер ха­лықаралық дәрежедегі ма­ңыз­ды іс-шараның ойдағы­дай өтуіне белсене атсалысты» деді ол.
– «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында біз, негізінен, алдын алу іс-шараларымен ай­налыстық. Қауіп туғыза­тындай оқиға болған жоқ. Кейбір темекінің тұқылын тастау, белгіленбеген жерден жүру сияқты ұсақ-түйек тәртіп бұзушылықтар болмаса, қылмыскердің кіріп кетуі немесе қару алып өтуге әрекеттену деген сияқты мәселелер тір­кел­ген жоқ. Әрине, тыйым салынған заттарды ұмытып, қалталарына салып алып келу, кездік, селебе тәрізді суық қарулардың табылған сәттері болды. Алайда ол белгілі бір теріс мақсатты көздегендіктен емес, салғырттықтан орын алып жатты, – деді Бақытжан ­Малыбаев.
Осылайша, құқық қорғау мен арнаулы орындардың көрмеге дайындық және көрмені өткізу кезіндегі қарқынды жұмысы қауіпсіз қалаға тән ахуал қа­лып­тастырып, қылмыс дең­гейінің төмендеуіне әрі Астананы ең қауіпсіз қала деп тануға мүмкіндік туғызды.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button