ЖаңалықтарҚала мен Сала

Көше саудасы көркейді

Бүгінде Астана қаласында бизнеске, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осының нәтижесінде тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып, экономикалық көрсеткіштеріміз жоғарылап келеді. Сол шағын және орта бизнес нысандары қала халқының әрбір үшінші тұрғынын, яғни, шамамен 300 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Әртүрлі саладағы кәсіп иелерінің қолын ұзартқан сондай шараның бірі деп елорда әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «1000 сауда орны» жобасын айтуға болады.

????????????????????????????????????

Бұл жобаның тиімділігін қала тұрғындары әлден-ақ айтып жатыр. «Бұрындары қала көшелері аңғал-саңғал сауда орындарына толып тұратын еді. Соңғы жылдары бұл кемшіліктің орны толтырылып жатыр. Керісінше, сыртқы көрінісі көркейген сауда нысандары қойылып жатқанын байқап жүрміз. Мұндай жерден еш қорықпастан қажетті азық-түлігіміз бен қажетті басқа да заттарымызды сатып алуға болады» дейді Маралбек Хисаев есімді қала тұрғыны.
Аталмыш жоба үш кезең бойынша іске асырылып жатыр. Басында қала әкімдігі көше саудасын ретке келтіру және санитарлық талаптарға сай келетін заманауи павильондар жүйесін құру мақсатында 274 орын бөлген болатын. Алайда, кәсіпкерлердің өтініші бойынша биылғы жылы ұсынылған орындар санын мыңға дейін көбейту туралы шешім қабылданып, шаһардың тұс-тұсына тағы 558 сауда нүктесінің тұрағы белгіленді. Қалған орындар үшінші кезең бойынша іске асырылатын болады. Қазіргі уақытта осы жоба нақты жолға қойылып, кәсіпкерлерге тең конкурстық негізде жалға берілген орындарда әсем де сәнді сауда павильондар бой көтеріп жатыр. Бұл нысандардың 303-і – Есіл ауданында, 305-і – Алматы ауданында, ал қалған 377-сі Сарыарқа ауданында орын тебеді.
Көше саудасын тиімді ұйымдастыру Астанадағы орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді деп жоспарланған 1000 орынның көбі – жылжымалы дүңгір¬шектер. Бұлардың ішінде қос доңғалақты мобильді пункттер де бар. Мұндай дүңгіршектер кәдімгі арба сияқты қозғалып, көшіп-қонуы жеңіл болады. Бұлар көп орын да алмайды, сатушылар бар болғаны 1 шаршы метр жерде саудасын жүргізе береді. Қос доңғалақты нысандарға 100 орын белгіленген.
Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, жылдам тамақтану жүйесін ұйымдастыру және шағын бизнесті дамыту мақсатында бөлініп отырған мың орынға барлығы 1 800 өтініш келіп түскен екен. Барлық талаптарға сай деп табылған нысандармен жеке шартқа қол қойылып, осы келісім шарт аясында кәсіпкерлер жер телімін 5-7 жыл мерзімге жалға алып жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мобильді кофейня, жылжымалы автосервис, нан және жеміс-жидек дүңгіршіктері, гүл және кәдесый дүкендері, сондай-ақ, стрит-фуд жүйелерінен тұратын бұл сауда нүктелері қаланың сәулет келбетіне, барлық санитарлық және өртке қарсы талаптарға толықтай жауап береді.

Рыскүл Қауғабаева, Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басты­ғының міндетін атқарушы:
– Жылжымалы сауда нысандары негізінен 9, 12 және 18 шаршы метрге шақталып жасалғанын айта кету керек. Жобаланған бұл нысандар үш түрлі үлгіде, яғни, жеміс-жидек, кондитерлік өнімдер және нан-тоқаш, сүт, шұжық сатуға арналып жасалса, екіншісі – газет сату киоскісі, тігін шеберханасы және аяқ киім жөндеу шеберханасына лайықталды. Ал үшінші түрі ­– фастфуд, сусын, балмұздақ сияқты дайын өнімдер сататын орындар мен гүл павильондарына арналып жасалған. Тағы бір айта кетерлігі, елорданың көше саудасына 1000 сауда орнын бөлу тәжірибесіне бүгінде өзге де облыстар қызығушылық білдіріп отыр. Аталған жоба қалаға да, кәсіпкерге де қажет. Бір жағынан бұл көше инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ, жеті жылдың ішінде салынған инвестицияны қайтаруға мүмкіндік береді.

Аталмыш жоба шең¬берінде балалардың ойын-сауығын ұйым-дастыруға арналған алаңдар да қарастырылғанын айта кету керек. Осындай 23 алаң Есіл ауданында орын тепкен. Оның төртеуі Д.Қонаев, Достық көшелерінде және Сарайшық пен Арай көшелерінің қиылысында болса, қалғанының бәрі «Нұржол» желекжолына орналасады. Бұның ішінде ойыншық көлік, сегвей және өзі сырғанайтын тақтайшаларды жалға беретін 1 пункт жұмыс істейді.
Осындай жан-жақты қолдаудың арқасында елордамыздағы шағын және орта бизнес нысандарының саны біршама артып 105 мыңға жуықтап отыр. Бұлардың 70 мыңнан астамы – жеке кәсіпкер, 27 мыңы – заңды тұлға ретінде тіркелгендер. Қалғандары – жеке шаруа қожалықтары. Шағын және орта бизнес секторындағы қосымша құнның жиынтық үлесі қала экономикасының жалпы көлемінің 62 пайызына жетіп отыр.
Осылайша Астана қаласы өңірлік жалпы өнімінің көлемі 4 триллион 560 миллиард теңгеге жетіп, өсім қарқыны бойынша ел аумағында бірінші болып тұр. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 80,5 пайызды құрайды деп күтіліп отыр.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button