Мәдениет

«Махаббат солдатына» кастинг басталды

15 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында халық­аралық жоба – «Махаббат солдаты» мюзиклінің премьерасы өтеді. Музыкалық спектакльге A’Studio тобының таңдаулы әндері арқау болады. Мюзиклдің идея авторлары – аталмыш топтың көркемдік жетекшісі Байғали Серкебаев пен продюсер Қайрат Құлбаев.

Осыған байланысты кеше елорданың «Қазақстан» орталық концерт залында шығармаға қатысуға іріктеу басталды. Кастинг осы жерде бүгін де өтеді. Одан соң Алматыда жалғасады. Әрі қарай Мәскеуде де ұйымдастырылады.
«Бұл мюзикл Қазақстанның музыка әлеміндегі жылдың ең басты оқиғасына айналады деп есептейміз. Көпшілікті қызықтырып, жаңашыл бағытта болатынына сенімдіміз. Мюзикл интерактивті бағытта өтеді. Мұны бұл жанрдағы өзге шығармалардан осы жайт ерекшелейді. Яғни, залдағы көрермендер қолдарындағы құрылғылар арқылы оқиғаның қай жолмен өрбитінін таңдай алады. Қазір сюжет қай жаққа қарай бұрылатынын ешкім білмейді. Көрермендер екі нұсқада дайындалатын сценарийдің бір ғана шешімін таңдайды. Либретто авторлары – белгілі сценаристер Юрий Коротков пен Алексей Иващенко. Соның алғашқысы «9 рота», «Стилягалар», «Саңыраулар мемлекеті» сияқты белгілі кинотуындылардың сценариін жазды. Ал екіншісі «Норд-Ост» мюзиклінің авторы ретінде танымал. Алексейдің өзі – A’Studio тобының шығармашылығын жақсы білетін музыкант. Ал мюзикл желісі арқылы бас кейіпкер уақытты бұзып жарып, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына оралады. Онда A’Studio шығармашылығының бастапқы кезеңіндегі әндері қамтылады» дейді Б. Серкебаев.
Мюзиклдің өтетін жалпы уақыты 2,5 айды құрайды. Алдымен Нұр-Сұлтан қаласында көрсетіліп, одан кейін Алматы және Мәскеу мен Санкт-Петербург жұртшылығына ұсынылмақ.
Кастингке келіп қатысқан жігіттің бірін марқұм Батырхан Шөкеновке ұқсаттық. Қуаныш Шәкіров деп өзін таныстырған ол Батырханның жерлесі болып шықты.
«Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласының тумасымын. Мамандығым – музыкалық театр актері. Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірдім. Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасын тәмамдадым. Кастингке келуімнің бірден-бір себебі сол. Бір жағынан бағымды сынап көргім келеді. Оның үстіне әйгілі A’Studio болған соң мюзиклге қатысуға құштармын. Бұл топтың, Батырхан Шөкеновтің әндері де ерекше. Мұны дұрыс бағыттағы, жастарды тәрбиелеп, өсіретін музыка деп атауға болатын шығар. Өзіме де осы музыка ұнайды. Кішкентайымыздан әндерін тыңдап, Батырхан ағамызға еліктеп өстік» деді Қ. Шәкіров.
Кастинг шарты бойынша әр үміткер сарапшылар алдында үш әннен орындады. Би сыны бөлек бөлмеде ұйымдастырылды. Әншілігінен сүрінбеген Қуаныш қаншалықты билей алатынын көрсету үшін басқа бөлмеге кетті. Біз сәттілік тілеп қалдық…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button