SportЖаңалықтарИмантаразы

МАРАФОНШЫ МЕККЕГЕ АТТАНАДЫ

Дулат Иманқажы

Қажылыққа жаяу барған бабаларымыз жайында тарихтан білеміз. Ал қазіргідей өркениет дамыған заманда айшылық алыс жолдарға алты сағатта жетуге болады. Сондықтан шығар, бабалар ізімен Пайғамбар шаһарына жаяу баруға келісе қоятындар жоқтың қасы. Алайда, қанымыздағы тектілік бойымыздан әлі жоғалмапты. Елордалық Дулат Иманқажы ертең – Астана күні «Нұр-Астана» орталық мешітінен Меккеге аттанбақ. Ол жеті мың шақырым қашықтықтағы мекенге дейін жүгіріп барып, кіші қажылығын өтеп келуге ниеттеніп отыр.

Жұқалтаң сары өңді, жіңішке, орта бойлы Дулат ердің жасы – елуге таяған. Мамандығы – қаржыгер. 2006 жылдан бастап жүгіруді қолға алған. «Сол тұста денсаулығым сыр беріп жүретін, үйленгеніме он жыл болса да перзентім жоқ еді. Спортқа келгеннен кейін жағдайым да түзелді, Томирис есімді қызым дүниеге келді. Қазір ол жеті жаста. Төрт жылдан бері Астана қаласындағы №56 мектеп-лицейде шаңғы үйірмесінің бапкерімін» дейді марафоншы. Ең алғаш жүгіруін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамет Қонаевтың тоқсан бес жылдық мерейтойына арнапты. «Қақаған қыста Алматыдан Бақанасқа дейін марафон жасадым. Қатты қиналсам да межеге аман-есен жеттім» деп, ағынан жарылады ол.

Иә, байқағаныңыздай, Дулат Иманқажы – негізінен, діндар емес, марафоншы. «Орысты спортқа жақын дейміз, шындығында, қазақ одан да жақын. Біздің жеткіншектеріміз кез келген спортты қажет болса бір-ақ айдың ішінде меңгеріп алады» деген Дулат өз шәкірттерінің дені оңтүстік өңірлерден екенін айтты. Талабы мықты, талпынысы көңіл қуантатын төрт оқушысы Риддер қаласындағы Олимпиада резервтерін даярлайтын мектепте білім алуда. Олар алдағы бес жылда қазақтың атын шығаратынына сенімді өзі.

Дулат Иманқажыдан Меккеге жаяу аттануға не түрткі болғанын сұраған едік. «Туған жерім Семей өңірінде жүріп, бір басқосуда Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановпен кездесіп қалдым, – дейді. – Екеуара әңгімеміз жақсы жарасып, мен оған елімізде марафонды ілгерілету төңірегіндегі ойымды жеткіздім. Өйткені, салауатты өмір салтын қалыптастыруды дін де қолдайды ғой. Сөзден сөз, ойдан ой туып, Астанадан Меккеге дейін жүгіріп барып-келуге тәуекел ете алатынымды айттым. Ол қызығушылық танытып, құзырлы орындар тарапынан қолдау көрсетуге уәде етті. Сонымен қатар, Астана мешіттерінің имамдары қажылық міндетімді де атқара келуімді ұсынды. Бұған да қуана келістім».

Марафоншының игі сапарына жан-жақтан қол ұшын созған азаматтар аз емес. Айталық, «Нұр Отан» партиясы, Сыртқы істер министрлігі, «Нұр Астана» орталық мешіті, «Мегаспорт» спорттық брендтер дүкені басшылығы, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ауғанстан соғысының ардагері Бақытбек Смағұл, Талғат Ерғалиев және өзі уақытша жұмыс істеп жүрген №10 қалалық емхананың ұжымы демеушілік танытып, қолддау көрсетуде.

Астана тойында басталатын Астана-Мекке-Астана марафонына үш айдай уақыт кететін көрінеді. «Меккеге дейін жүгіру жолымды есептегенде, жеті мың шақырымға табаным тиеді екен, қайтуым – тағы жеті мың шақырым. Жол бойы Әзербайжан, Иран, Кувейт, Сауд Арабиясы елдерінің топырақтарын басып өтеді екенмін. Әттең, жолымның жартысынан көбісі ыстыққа түсейін деп тұр. Құдай қуат берсін!» дейді Д.Иманқажы. Марафон спортының тарихына үңілсек, жер бетіндегі ең мықты жүгірушілердің өзі он күннен артық жолда болмапты. Ал, болашақ қажымыздың марафоны үш айға созылмақ.

Жұртшылық Дулатты 2010 жылғы Ақ Азиада ойындарынан біледі. Ол халықаралық бәсекенің құрметіне Алматы мен Астананың арасын бір аптада жүгіріп өткен. «Бұл осы күнге дейінгі ұзақ сапарым еді, қатты қиналдым, бірақ, қайтып кетуге намысым жібермеді» дейді марафоншы. Ол ең ұзақ сапарының басы Астана күнімен тұспа-тұс келуін жәй ғана сәйкестік деп түсіндірді.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button