Басты ақпарат

Мәскеу мен Нұр-Сұлтан: Мүдделес астаналар

Биылғы Астана экономикалық форумына әлемнің 74 елінен 5,5 мыңға жуық делегат қатысты. Солардың бірі – Мәскеу Үкіметінің министрі, Мәскеу қаласының Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің жетекшісі Сергей Череминмен әңгімелескен едік.

Бірегей индустриалдық көлік дәлізі құрылады

– Сергей Евгеньевич, Сіз Астана экономикалық форумы аясында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов­пен кездестіңіз. Қандай келіссөздерге қол қойдыңыздар? Оның қос тарапқа қандай пайдасы бар?
– Ең алдымен, біз бұ­ры­ннан қалыптасқан жан-жақты, жүйелі ынтымақтастық қарым-қатынастарымызды одан әрі жалғастыруға мәмілелес­тік. Ол өзінің өміршеңдігін, тиімділігін дәлелдеді. 2019-2021 жылдарға арналған Мәскеу мен Нұр-Сұлтан қалаларының арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағдарламасында астаналар мэрлерінің сапарлары ұйым­дастырылады, сондай-ақ, қала шаруашы­лығының әр саласындағы сарапшыларды, мамандарды бір-бірімізге жіберіп, озық тәжірибемен бөлісуге ке­лістік. Негізі, Мәскеу мен Нұр-Сұлтан қалаларының мүдделері ортақ.
– Сіз де өзге мэрлермен бірге Жаһандық Жібек жолы – қала мэрлерінің форумына қатыстыңыз. Мегажобаның келешегі туралы не айтасыз?
– «Бір белдеу – бір жол» атты бастама тек әлемдік деңгейдегі көліктік-логистикалық жоба ғана емес, ол, бәрінен бұрын, мегаполистерді өркендетуге мүмкіндік беретін мәдени-гуманитарлық құрылым. Қазір мегаполистер көптеген елдердің экономикасының негізін құрап отыр. Өйткені статистика бойынша оларда ғаламшар тұрғындарының 55 пайызы тірлік кешуде. Біздің ғаламшарымыздың жалпы ішкі өнімінің үштен екі бөлігін 400 қалалық агломерациялар құрады. Өз басым «Бір белдеу – бір жол» бастамасы сауда-саттық, өндіріс көлемі кем дегенде 23 трлн АҚШ долларын құрайтын бірегей индустриал­дық көлік дәлізін құруға мүмкіндік беретініне толық сенімдімін. Бұл жоба тек Жібек жолының бойындағы қалалар мен елдердің ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің дамуына да жағымды ықпал ететіні сөзсіз. Қалалар ең үз­дік тәжірибесімен бөлісуі керек.

Мәскеу халықаралық көлік хабына айналды

– Осы жерде Мәскеудің даму әлеуеті жөнінде әңгімелеп берсеңіз. Ол әлемдегі жетекші мегаполис ретінде ғаламшардың халқын қандай жетістіктерімен таңғалдырды?
– Мәскеудің бүгінгі таңда халықаралық көлік хабына айналғанын күллі әлем мо­йындап отыр. Әуе қатынасы да үлкен қарқынмен дамып келеді. Алдағы жылдары Шереметьево әуежайының жаңа терминалын пайдалануға береміз. Ол терминал әуежайдың жолаушы өткізу мүмкіндіктерін 100 млн адамға дейін ұлғайтады. Мәскеу көлігі 150 млн-нан астам адамға қызмет көрсетеді. Қаланың базалық инфрақұрылымына инвестиция салу жалғасуда. Бұл жерде Мәскеу метросын дамытуға басымдық берілуде. 2010-2025 жылдар аралығында астаналық метроның ұзындығы екі есеге дейін ұзарады. 2018 жылы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп, жаңа 17 станса салдық. Мәскеу мэриясы метроны теміржолмен кіріктіруге белсенді жұмыс жүргізіп жа­тыр. Бұл бағытта аз ғана уақытта бірегей жобамызды іске асыр­дық. Ол – Мәскеу орталық айналма теміржолы. Жер үстіндегі метро жолы негізгі метроға түсетін жүктемені айтарлықтай төмендетуге септігін тигізді. Қазір ол 10 млн жолаушыны тасымалдай алады.
– Қоғамдық көлікті дамытуда қандай ба­ғытты ұстанып отыр­сыздар? Қалалық ортаның жайлылығын арттыру үшін қандай жобаларды іске асырдыңыздар?
– Қала басшылығы қоғамдық көлікті дамытуға инвестиция салуды бәсеңдеткен емес. Автобустар паркін толықтай жаңаладық. Көптеп жаңа трамвайлар сатып алдық. Метро вагондарының паркі де толық жаңарды. Әлемдегі метро салуға қатысты ең ірі жобаның бірі біздің елімізде екенін біреу білсе, біреу білмейді. Мәс­кеу­ге барсаңыз, көшелерде электрмен жүретін автобус­тардың жүйткігенін көресіз. Алдағы 10 жылдың ішінде бүкіл астаналық көлік электр­ге көшеді. Бұл қадам қаладағы экологиялық ахуал­ды жақсартады. Әрине, қалалық ортаның жайлылығын қамтамасыз ететін фактордың бірі – осы. Мәскеу жыл сайын миллиондаған туристі өзіне магнитше тарту­да. Мысалы, өткен жылы бұл көрсеткіш бойынша да ре­кор­дтық деңгейге жеттік. Бас қаламызды 25 млн-нан ас­­там турист тамашалады.

«Ақылды қаланың»артықшылығы

– Сергей Евгеньевич, «Ақылды қала» деген жобаға оралайық. Сіз­дің түсінігіңіздегі «Ақылды қала» дегені­міз не? Қарапайым сөз­бен қалай түсіндіріп берер едіңіз?
– Smart city дегеніміз не? Бұл тек ақпараттық технологиялар ғана емес. Бәрінен бұрын, ол – тек мегаполис тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандырумен шектелмей, айтарлықтай туристік ағындарды тартатын аса қолайлы қалалық орта қалыптастыру. Менің түсінігімдегі «ақылды қала» дегеніміз тек мәліметтерді өңдейтін орталықтар, жасанды зерде, блокчейн жүйелерін қолдану, ауқымды мәліметтерді жинайтын орталықтар, «ақылды» бағдаршамдар, сенсорлар ғана емес. Smart city-ге электронды білім беру мен медицина, байланыс құралдарын жетілдіру, интеллектуалды қоғамдық көлік, 5-інші буындағы заманауи байланыс жүйелері, қаланы Wi-Fi жүйесімен қамтамасыз ету де жатады. Мысалы, Мәскеуде бірегей технология – электрондық мектеп ашылды. Медициналық мекемелерді ортақ жү­йемен басқару дәрігерлердің қабылдауына жазылуды жеңілдетіп, ұзын-сонар кезектерді жойды. Халық медициналық қызмет түрлерін жеңіл, қолайлы жағдайда алатын деңгейге жетті. Бұлардың бәрі бірыңғай инфрақұрылым түзіп, «ақыл­­ды қаланы» құрайды. Бұл – тұрғындар мен билік құ­рылымдарына онлайн тәртібінде қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін бірыңғай инфоорта.
– Мәселен, Мәскеуде 12 млн-ға жуық халық тұрады. Сіздер көшедегі кептеліс мәселесін қалай шештіңіздер?
– Көшедегі кептеліс – көптеген қалаларға ортақ мәселе. Осы жолы – Нұр-Сұлтан қаласына алғаш келуім. Қызық болғаны, 1 млн халқы бар қалада да кептелісте тұрып қалдық. Әрине, бұл мәселені жедел шешу мүмкін емес. Ол ерік-жігерді, озық тәжірибені және қажымас еңбекті талап етеді. Мәскеу­де біз интеллектуалдық көлік жүйесі жобасын қолданысқа енгіздік. Қазірдің өзінде соның нәтижелерін көріп отырмыз. Біз метроны дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Қоғамдық көліктің сапасын жоғары деңгейге жеткіздік. Мәскеуде жаңа, жайлы трамвайлар жүре бастады. Бұлардың бәрі адамдарға жеке көлігінен қоғамдық көлікке ауысуға жол ашты. Ресей астанасында бір көліктен екіншісіне ауысып мінетін тораптар көбейді. Осы жерде «құрғақ аяқ киім» атты жобаны сәтімен жүзеге асырдық. Жолаушылар тораптың аумағынан шықпай, екінші көлікке ауысып мінеді.

Сұхбаттасқан
Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button