Басты ақпаратҚала мен Сала

Мектептердің тығыздығы мәселесі шешіле ме?

Еліміздің құрылыс нормалары мен ережелеріне ақпан айында өзгерістер енгізілді. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, бұл жағдай орта мектептер құрылысына да артықшылықтар беріп отыр. Енді 1200 орындық мектептердің орнына 3 мыңға тарта оқушыға арналған оқу орындарын салуға болады. Осыған орай Білім басқармасы Қалалық ортаны регенерациялау басқармасымен бірге шаһардағы жеті учаске бойынша мектептердің құрылысы жобасын өзгертті. Алдында Бас жоспарда талқыланған бұл мәселе қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қаралды.

«2023 жылға дейін Астанада 123 мың балаға көбейеді деп күтілуде. Бұған қазір мектептерге сыймай жатқан 11 мың баланы қосыңыздар. Жақын жылдары 134 мың балаға арналған жекеменшік мектептерді салу мүмкін емес. Сондықтан Үкіметпен бұл мәселені талқылап жатырмыз. Орындар тапшылығын 25 пайызға жекеменшік мектептер, 75 пайызға мемлекеттік мектептер есебінен жабуды жоспарладық, алайда Үкімет бұл жоспармен келіспей отыр. Себебі мектептерді салуға қосымша 130 млрд теңгеден астам қаржы керек. Бүгіндері мәселенің шешімін іздеп жатырмыз. Бәлкім, мектептер құрылысының 40-50 пайызын инвесторларға, яғни жекеменшікке жүктейміз» деді Ә. Жанғозин.
Оның сөзінше, қазір қалада 10 мектеп салынып жатыр. Биыл 3 мектеп пайдалануға берілмек. Қалған 7 мектеп пен 6 жапсарлас ғимарат құрылысының бюджеті бекітілді. Құрылыс жұмыстары биыл басталмақ.
Жалпы, қалада мектептер тап­шы­лығымен қатар проблемалы орта білім беру нысандары бар. Соның ішінде мәслихат депутаты Зейнолла Шібкенов «Өндіріс» және «Кирпичный» тұрғын алаптарындағы №23 және №12 мектептердің жайын сұрады. «Кирпичныйдағы» мектепке 800 оқушы автобустармен қатынайтынын қаперге салды.
«№12 мектепте оқушылардың шамадан тыс асып кету мәселесін оқушыларды басқа мектептерге автобуспен тасымалдау немесе отбасыларды көшіру арқылы шешуге болатын шығар. Бұл маңайда жаңа мектеп салу мүмкін емес. Ешқандай нормалар бұған мүмкіндік бермейді. №23 мектепке жапсарлас ғимарат салу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бірақ №60, №31, №59, №75 мектептерде оқушылар саны одан да көп. Яғни, алдымен осы орта білім орындарының мәселесін шешуіміз керек» деді басқарма басшысы.
Депутат Қарақат Абден Тельман кентінің мәселесін көтерді. Оның айтуынша, аталмыш кентте бірде-бір мектеп пен балабақша жоқ. Ең жақын мектеп Заречныйда орналасқан. Оның өзінде оқу­шы­лардың саны асып кеткен. Қаладағы №75 мектеп сияқты нысандарды Тельман мен Заречныйдан келіп қатынайтын оқушылар толдырды.
«Астананың шеткі аймақтарын дамыту тұжырымдамасы әзір­ленді. Қаланың шетінде тұратын халықтың жағдайына мұқият қарауымыз керек. Бірақ сол ай­мақтарда тұратын балаларды үнемі ұмытамыз. Мектеп пен балабақшамен, қоғамдық көлікпен тиісті деңгейде қамтамасыз етпей­міз» деді Қ. Абден.
Депутат қосымша білім түйт­кілін де атап өтті. Оның сөзінше, музыкаға және бейнелеу өнеріне баулитын мектептер, Оқушылар сарайлары – бәрі оң жағалауда орна­ласқан. Сол жағалауда олар­дың бірде-біреуі жоқ.
Рамзия Умербаева бұрынғы үлгі­мен мектеп салынғанда оның жанына балабақша салуды ұсынды. Депутаттың сөзінше, ата-аналар да бұл үлгіні құптайды.
Қалалық мәслихаттың әлеу­меттік-мәдени даму мәселе­лері жөніндегі тұрақты комиссия­сының төрағасы Мәжит Шайдаров өз тәжірибесімен бөлісті. «Қазір мектептердің тығыздығын талқылап отырмыз. Осыдан 18 жыл бұрын Астана қаласы Ден­саулық сақтау департаментін басқарғанымда дәл осындай жағдай емханаларға қатысты туындаған еді. Яғни, оларды қай аумаққа салу керектігін шештік. Бас жоспарды, Білім, Жұмыспен қамту, еңбек басқармаларын, Ішкі істер департаментін, Көші-қон полициясын шақырып, қаланың электронды картасын әзірледік. Сол арқылы құрылыс жүретін аумақтар, халықтың тығыздығы анықталды. Қазіргі емханалардың бәрі сол уақытта жобаланды. Мектептерді де осы үлгімен салу керек. Тельманда құрылыс қар­қынды жүргізіліп жатыр. Демек, сол аумаққа мектеп қажет» деді ко­миссия төрағасы.
Депутат Зәуре Жүсіпова 1200 балаға арналған №82 мектепті «Дарын» мектебіне қосып жібергенін, қазір ондағы оқушылардың саны 600-ден астам екенін айтты. «Басқа мектептер 3 мың оқушымен оқып отырғанда, бұл мектепте бала саны бар болғаны – 600. «Арман қаланың» маңайында үлкен мектеп салынды. Бұл матема­ти­калық бағыттағы оқу орнын же­ке­нің қолына беріп қойды. Егер мек­тептерді жекенің қолына бере берсек, оқу орындары тығыздығы мәсе­лесін шешпейміз» деді депутат.
Қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Ғали Исқалиев егер мәслихат депутаттары ұсынылған жобаны қолдаса, биыл жаңа 10 мектепті жобалау жұмыстары басталатынын айтты. Энергетика және байланыс колледжіне арналып салынған ғимарат мектепке берілетінін, тиісті талдау Тельман кентінде мектеп қажеттігін көрсетсе, оны жобадан алып тастамайтынын жеткізді.
Депутат Зұлпықар Ғайыпов колледж ғимаратын мектепке бермес бұрын түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button