Айтпайын-ақ деп едім!

Мемлекеттік тілді алалауға кім құқық берді?

Ай мен күннің аманында Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен шу шықты. Шуға себеп болғаны – мектепке түсуге үміткерлерге грант бөлудегі әділетсіздік. Оған жаны төзбеген 50 шақты ата-ана мектепке жиналып, мемлекеттік тілдің мүддесін жанын салып қорғап жүрген Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаға бейне-арыз жіберді. Олар мектепке құжат тапсырған қазақ балалары орыс сыныбына тапсырушылардан екі есеге көп болғандықтан талапкерлерді қазақ-орыс деп бөлуді, екеуіне бірдей 100 баладан қабылдауды «Бұл барып-тұрған алалау!», «Мемлекеттік тілді кемсіту!» дейді.

[smartslider3 slider=3564]

Алматыдағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебіне 2022-2023 оқу жылына 2178 оқушы тесті тапсырған. Соның ішінде 1483-і – қазақ тілінде (68 пайыз), 695-і – орыс тілінде (32 пайыз) тапсырғандар. Мысалы, Шамалғандағы мектепке құжат тапсырған 1500 баланың арасынан 1174 балл алған оқушы бар. Ол 111-ші орында тұр. Ал орыс тобындағы 7-ші орында тұрған баланың жинаған балы оныкінен 48 баллға төмен. Сонда да аз балл жинаған бала оқуға түсіп тұр. Бұл – мемлекеттік тілді қорлау, алалау деп түсіну керек! Білімді, сауатты, үздік, озат болғаны үшін оқуға түсе алмай пұшайман болған баланың жан жарасы кім жазады?

Депутат Қ. Иса мұндай сорақылықтың Алматыда ғана емес, Өскеменде де болғанын айтады. «Мұндай қиянаттың көрсеткіші  Өскеменде 200 балл айырмашылықты көрсетіп тұр. Бұл не масқара! Ата-аналар айтқандай, оқушыларды теңгермешілікпен екіге бөліп тастамай, грант бәріне бірдей талаппен болуы керек. Аузына құм толтырып алғандай Назарбаев мектебі басшылығынан әлі тырс еткен үн жоқ! Назарбаев зияткерлік мектебінің  Күләш Шәмшиддинова бастаған басшылары осы мектептердің қай мемлекетте орналасқындығын және Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып кеткенін біле ме екен?!. Мұндай жымысқы саясаттың мақсаты – келер жылы қорлыққа шыдамаған ел балаларын орыс сыныбына бере бастайды» дейді ол.

Сайып келгенде, үш тілді білетін қазақ тобындағы балалардың артықшылығы бар. Яғни, керісінше, қазақ тілінде сынақ тапсыратындарға басымдық беру керек! Білімге құмар әр бала жақсы мектепте оқуға, білім алуға құқылы.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button