Басты ақпаратМәдениет

Мерейлі отбасылар марапатталды

Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында «Мерейлі отбасы – 2016» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Конкурсқа қатысып, 94 шаңырақтың арасында топ жарған Салықовтар мен Қабылбаевтар отбасыларына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бас жүлде – «Оқжетпес» шипажайында демалуға мүмкіндік беретін сертификатты тапсырды.

– Елордамыздың бүгінгі тыныс-тіршілігі, көңіл-күйі, өмір сүру үрдісі бас қаладағы отбасылардың күнделікті өмірімен біте қайнасып, жымдасып кеткен. Бүгінгі кеште Астанада өнерлі де өнегелі отбасылар мол екенін тағы көз жеткіздік. Жеңімпаздарды осы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын. Жеңістерің жеңістерге ұласа берсін, – деді Е.Аманшаев.

Әншілер жұбы Медет Салықов пен Клара Төленбаева үш бала тәрбиелеп отыр. Кейінгі жылдары қыздары Аққербез бен Әйгерімді ән өнеріне баулып, сахнаға алып шығып жүрген оларды көпшілік өнерлі отбасы ретінде таниды.

Қабылбаевтар отбасы бөтен он баланы бауырына басты. Төрт-бес ұлттан шыққан олардың бәрін өз балаларындай өсіріп отыр. Отбасының ұйытқысы, сол балдырғандардың әжесі Айбат Шолақованың өзі Балуан Шолақтың немересі.

Екінші орынды Табариновтер мен Шарғыновтар отбасы алды.

Үшінші орын Сарқытбаевтар мен Махметовтер отбасыларына бұйырды. Оларға да 200 мың және 100 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Шара соңы эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button