Жаңалықтар

Рәмізге құрмет – қастерлі міндет

Бүгін Астанадағы №4 қалалық емханада Мемлекеттік рәміздер күніне байланысты салтанатты шара өтті.

Мемлекеттік нышандарды құрметтеуге үндеген мұндай шаралар емханада жыл сайын өтеді. Биыл медицина мекемесі балалардың бойына отаншылдық сезімді сіңіріп, рәміздерді қастерлеуге үйрету мақсатында шараның басты кейіпкері ретінде №56 мектептің оқушыларын шақырыпты.

Шара Мемлекеттік әнұранмен басталды. Қаз-қатар тұра қалып, үнжазбадан төгілген гимнді қосыла шырқаған балалардың көзінен  ұлттық әуенімізге деген құрметті байқадық. Әлемдік талап бойынша, әнұран жеңіл әрі мағыналы, адамдарға рух беретіндей болуы керек. Қазақ елінің Әнұраны осы талаптың қай жағынан да сай келеді. Балабақшаның балдырғанына дейін тілі тақылдап, жаттап алатыны сондықтан.

Салтанатты ән біткеннен кейін сөз емхананың сарапшы-дәрігері Гүлнәр Мұратбекқызына берілді. Ол мұндай патриоттық шараның көптеп өткізілуі өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімді дарытатынын айта келіп, келушілерге жылы лебізін білдірді.

Бұдан кейін кадр бөлімінің инспекторы Елтаңба, Әнұран,  Тудың шығу тарихы мен авторларын жеткіншектерге таныстыра келіп, рәміздерді құрметтеп жүруге шақырды.

Ал жасөсіпірімдер ән айтып, елдік нышандар жөнінде жаттап келген өлеңдерін оқыды.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button