Басты ақпарат

Мерейтойың құтты болсын, «Астана ақшамы»!


Асқар МАМИН,
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі

Құрметті қаламгерлер, редакция ұжымы!

Сіздерді «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің
30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміздің бас қаласымен бірге жасап, үздіксіз дамып келе жатқан басылым бүгінде тәуелсіздік жылнамасына, ұлттық баспасөзіміздің іргелі ордасына айналды. Сіздер қоғамдық-саяси өмірдегі елеулі оқиғаларды, әлеуметтік-­экономикалық реформаларды кең көлемде насихаттап қана қоймай, рухани құндылықтарымызды байыту арқылы да оқырман қауымның жүрегіне жол тауып келесіздер. Бұл орайда айтулы басылымда қолтаңбалары қалған көрнекті тұлғаларымыздың, тіл жанашырларының ізгі дәстүрін жалғастырған сіздердей кәсіби ұжымның еңбектері қандай құрметке де лайық.
«Астана ақшамы» газеті алдағы уақытта да елдікті, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға қолдау көрсетіп, ақпараттық кеңістіктегі орны көш ілгері болатынына сенімдімін.
Әрдайым оқырмандарыңыз еселей өсіп, ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жана берсін. Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс тілеймін.

Құрметті «Астана ақшамы» газетінің ұжымы!

Қаланың жылнамасын жазып келе жатқан «Астана ақшамы» ұжымын газеттің жарық көргеніне 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Тұрғындарға қаланың тыныс-тіршілігін баяндап қана қоймай, ел руханияты­ның маңызды мәселелерін көтеріп, мемлекетіміздің мәдени-рухани тұрғыда дамуына үлес қосып келе жатқан газеттің өркендей беруіне тілектеспін!
Еңбектеріңізге табыс тілей отырып, елордамыздың қоғамдық өмірін одан әрі ілгерілету жолындағы жұмыстарыңызға алғысымды айтамын.

Ізгі тілекпен,
Алтай Көлгінов,
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі

Аида Балаева,
Ақпарат және қоғамдық даму министрі

Құрметті «ақшамдықтар»!

Ұжымды «Астана ақшамы» газетінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Баспасөз – тек ақпарат таратушы құрал емес, мемлекеттің саясатын саралап, халықтың пікірін даралайтын, сол арқылы қоғамның дамуын бағалайтын күш. Бұл ретте «Астана ақшамы газеті» шын мәнінде жазғаны жарияға, әр мақаласы қазынаға баланған бірегей басылым.
«Ақмола ақиқаты» атауымен баспасөз айдынына алғаш қанат қаққан газет, уақытпен бірге жаңарып, елордамен бірге есейді. Бас шаһардың ақпарын арқалап тұрған бүгінгі «Астана ақшамы» – еліміздің ең озық басылымдары деңгейінде қаланың рухани өлшеміне, оның тіршілік-тынысының ажырамас бөлшегіне айналды.
Әрине әр әрпінің артында еселі ой еңбегі көрінетін басылым беделінің түбінде – редакция журналистерінің қыруар қажыр-қайраты жатыр. Соның ішінде газетті әр жылдары басқарған – Кенже Жұмағұлов, Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыханов, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қаменов және бүгінгі Еркін Қыдыр сияқты бас редакторлардың да үлесі орасан. Еңбек жолын осы газеттен бастаған талай жас тілші қанатын қатайтып, елге танымал жазарман журналист, талантты публицистке айналды.
Газет ұжымымен тығыз байланыста елордамыз үшін еңбек еткен жылдарымды, өз өмірбаянымның жарқын белестерінің бірі ретінде қашанда ерекше сезіммен еске аламын.
Ел егемендігімен бірге есейіп келе жатқан елорданың бас басылымының рухани-шығармашылық әлеуеті өз биігінен түспесін! Қашанда қаламдарыңыз жүйрік, мұраттарыңыз биік бола берсін.
Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылықтарыңызға табыс тілеймін!

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі

Құрметті бас қала басылымның ұжымы!

Сіздерді Мәдениет және спорт министірлігінің атынан басылымның 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Алғашында «Ақмола ақиқаты» аталып, аптасына бір рет оқырманға жол тартқан газет бүгінде егемен елімізбен қатар талай белесті бағындырып, дамып келеді. Уақыт талабына сай атауы өзгерген басылым ұлттық құндылықтарымыз бен төл өнерімізді дәріптеп, салиқалы ұрпақ қалыптастыруға сүбелі үлес қосып, жыл өткен сайын оқырман аясын кеңейтіп жатыр. Әркез Ұлы Дала елінің жақсылықтарын жарқырата көрсетіп, кемшін тұстарын сын тезіне алып, сан саладағы көкейкесті мәселелерге үн қосып келе жатқан «Астана ақшамы» талғампаз оқырманның жоғары бағасына ие.
Осындай толымды тірліктің арқасында іргелі басылым көзқарасы мен ұстанымына берік көптеген журналистің тұлға болып қалыптасуына оң ықпалын тигізді. Редакция ұжымы алдыңғы буын салып кеткен кәсіби сара жолды абыроймен жалғастырып, талғамы биік оқырманды сапалы дүниелермен сусындата берсін.
Алдағы уақытта да «Астана ақшамы» келелі келешек пен баянды болашақ жолында қоғамды біріктіріп, ерен еңбектің көшін бастап жүре беруіне тілектеспін.
Осынау ерекше сәтті пайдалана отырып, ұжымға шығармашылық шабыт, жемісті жұмыс, толайым табыс тілеймін!

 

Қос басылым қызметкерлері!

«Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» республикалық қоғамдық-саяси газеттерінің ұжымын 30 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын!
«Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттері – еліміз бен елордамыздағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени мәселелерді өз деңгейінде көтеріп келе жатқан бірегей ақпарат құралдары. Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық және мәдени дамуында да бас басылымның алар орны ерекше.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы республикамыздағы тек саяси астана ғана емес, сонымен қатар Орта Азия мен ТМД елдерінің экономикалық және қаржылық орталықтарының біріне айналып үлгерді. Бұл тұрғыда «Elorda Aqparat» ЖШС пен «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі өзара үндес. Елордамыздың халықаралық деңгейдегі қаржы орталығына айналуында да «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің қосқан үлесі орасан. Алдағы уақытта да еліміз бен елордамыздың әрі қарай өркендеуі жолында өзара ынтымақтастығымызды одан сайын нығайтуға дайынбыз.
Өзіңіз бастаған ұжым қызметкерлеріне шығармашылық табыс пен еңбектеріңізге жеміс тілеймін.

Ізгі ниетпен,
Қайрат КЕЛІМБЕТОВ,
АХҚО Басқарушысы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button