Басты ақпарат

Асығы алшысынан түскен басылым

Арқадағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағының бірі, елорда жылнамасын жазған «ASTANA AQSHAMY» газеті отыз жылда елдің, ұлттың үнін айтатын үнпараққа айналды. Ойлы оқырманға олжа салған жылдарға көз жүгіртсек, жеткен жетістіктеріміз бен бағындырған белес­теріміз аз емес. Мерейіміз үстем болған айтулы датада сәл шегініс жасап, солардың бір парасына тағы бір үңілейік.

Бағы мен бабы қатар шапқан басылым 2002 жылы Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын иеленді. Газет әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени мәселелерді кеңінен қамтыған ең үздік ұжым деп танылды. Журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қолдау көрсету, Қазақстан қоғамында журналист мәртебесiн көтеру, отандық БАҚ арасында бәсекелестiктi дамыту мақсатында тапсырылып келе жатқан бұл сыйлықтың бәсі мен мәртебесі жоғары.
2018 жылы газеттің шығармашылық ұжымы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталды. Елорданың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуындағы маңызды тақырыптар мен негізгі мәселелерді жариялап-көрсетуге қосқан ерекше үлесі үшін берілген алғысты сол кездегі Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының иегері Еркін Қыдырға табыс етті.
Сол жылы «Astana aqshamy» газеті «Нұр Отан» партиясының Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай тағайындаған «Нұр сұңқар-2018» сыйлығын иеленді. Басылым «Астанаға 20 жыл» аталымында топ жарды. Мәртебелі сыйлықты «Elorda Aqparat» ЖШС-нің сол кездегі директоры Қайсар
Жұмабайұлына Астана әкімінің бұрынғы орынбасары, белгілі композитор, елорда мәдениетінің дамуына ерен еңбек сіңірген
Төлеген Мұхамеджанов тап­сырды.
Әр жылдары газет журналис­тері еліміздегі БАҚ саласында берілетін жүлделер мен сыйлықтарды, жоғары марапаттарды иеленіп келеді. 2019 жылы Айгүл Уайсова денсаулық сақтау саласы жайлы жазған үздік мақалалары үшін «Алтын шипагер» сыйлығын алды. Азамат Есенжол қазақ тіліне қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, оларды елге танытуда еңбек сіңіргені үшін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауында ІІІ орынды олжалады. Осы жолдардың авторы өткен жылы ел Парламенті өмірінен жазылған мақалалары мен сұхбаттары үшін Мәжілістің «Парламент сөзі» сыйлығын еншілесе, биыл Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды. Алдағы уақытта да ақшамдықтардың асығы алшысынан түсіп, ұлттық журналистиканы дамытуға зор үлес қосатынына сеніміміз мол.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button